Бұқара халық жылдар бойы баспанаға қол жеткізе алмай жүргенде Жамбыл облысында «аруақтар» үй алудан үмітін үзбей келген. Иә, жақында біраз уақыт бұрын бақилық болған 257 азаматтың тұрғын үй кезегінен әлі күнге шығарылмағаны туралы ақпарат тарады.
Жаға ұстататын мәлімет тарағалы бірнеше апта өтсе де, бұл мәселе маңызын жоймаған секілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Дәурен Омаровтың айтуынша, өңірде «Тұрғын үй туралы» заңнамада көрсетілген талап-міндеттер бойынша атқарылуға тиіс жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмеген.
«Тұрғын үй қатынастары саласында жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелері тарапынан «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңнамада көзделген міндеттердің орындалмай отырғаны белгілі болып отыр. Атап айтқанда, кезекте тұрғандардың тізімін өзектендіру бойынша іс-шаралар тиісті деңгейде жүргізілмеген. Сонымен қатар жүргізілген мониторингке зер салсақ, 5725 адамның кезекте заңсыз тұрғаны әшкереленіп отыр», деді департамент өкілі.
Д.Омаровтың мәлімдеуінше, олардың 257-сі қайтыс болған, 3415-інің әртүрлі жылжымайтын мүліктері бар болып шықса, 1955 азамат баспанаға мұқтаж ретінде есепке қойылғаннан кейін некеге тұрған. Ал 17 адамның басқа мемлекеттерде тұратыны анықталып, 81 азаматтың мүлде Жамбыл облысында тіркелмегені белгілі болған.
«Бұл мәселе бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне мониторинг нәтижелері жолданды. Департаменттің араласуы нәтижесінде 1075 адам кезектен шығарылды. Қалған 4650 азамат бойынша қазіргі уақытта кезектен шығару жөнінде іс-шаралар жүргізілуде», дейді Д.Омаров.
Жамбыл облысы