Ақтөбе жылу электр орталығында қуаттылығы 57 МВт-қа тең жаңа газ турбиналық қондырғы іске қосылды. Салтанатты іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, Еуразиялық даму банкінің басқарушы директоры Александр Гареев қатысты.
Ақтөбе жылу электр орталығы электр қуатын 1943 жылдан бастап өндіріп келеді. Облыс орталығы тұрғындары мен кәсіпорындарын орталықтандырылған жылу және электр қуатымен сексен жылға жуық уақыт бойы қамтамасыз етіп келген орталықтың жабдықтары ескіргендіктен, 2020 жылы кәсіпорында қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Екі жыл ішінде негізгі құрал-жабдықтары мен қондырғылары ауыстырылды. Қайта жарақтандыру кезінде өндіріс үдерісін барынша автоматтандыруға мүмкіндік беретін озық технологиялар пайдаланылды.
Жаңа газ турбина қондырғысы толық іске қосылса, Ақтөбе жылу электр орталығында қуат өндіру көлемі 118 МВт-тан 175 МВт-қа артып, жылына 423 млн кВт сағат электр қуаты алынады. Газ турбинасында жұмыс істеуге жаңа мамандар тартылып, 40-тан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл жобаның құны 20,9 млрд теңгеге тең. Оның 15,98 млрд теңгесін Еуразиялық даму банкі несиелік келісім негізінде қаржыландырады.
Айта кету керек, Ақтөбе облысында электр қуатын тұтыну мөлшері жылына 900 мегаватқа тең. Жыл сайын тұрғындар мен кәсіпорындар тарапынан электр қуатын тұтыну мөлшері артып барады. Алдағы онжылдықта өңірде электр қуатының жылдық тұтыну мөлшері 1 500 МВт-қа ұлғаймақ. Бүгінде Ақтөбе облысына жеткізілетін электр қуатының тең жартысы өз елімізде өндірілсе, қалғаны Ресей Федерациясының Орынбор облысынан тасымалданады. Қала тұрғындары санының артуымен, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуымен электр қуатын тұтыну мөлшері күрт артып, қосымша қуат көздерін табу өзекті мәселеге айналды.
«Бұл – өңір үшін маңызды жоба. Өйткені бүгінде Ақтөбе облысы электр энергиясының бір бөлігін сыртқы көздерден алып отыр. Осы жобаны іске асыру туралы инвестициялық келісімге 2021 жылы қол қойылды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, екі жылға толмайтын уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарылды», деп атап өтті Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес баламалы қуат көздерін пайдалану бойынша жұмыстар белсенді түрде жалғаса беретінін атап өтті.
«Біздің облысымыздың энергетикалық қажеттілігін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекеттің, бизнестің және жалпы қоғамның бірлескен күш-жігері қажет», деді Е.Тоғжанов.
Биылғы жазда ERG компаниясы Хромтау ауданында қуаттылығы 155 МВт болатын жел электр стансасының құрылысын бастады. Бұдан басқа 2020 жылы және 2021 жылдары Қарғалы ауданында Eni италиялық ірі трансұлттық корпорациясы қуаттылығы 96 МВт болатын жел электр стансасын іске қосты. Бұл желдің қуатынан электр қуатын өндіру жобасы жасыл энергетиканы, соның ішінде баламалы қуат көздерін іске қосу бағытында қолға алынған жұмыстар. ERG компаниясының Хромтау ауданының Дөң елдімекені жанында тұрғызған желдің қуатын электр қуатына айналдыратын бағаналары Мұғалжар қыраттарының күшті ауа ағыны өтетін бөлігінде орналасқан.
Ақтөбе облысы