• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Қараша, 2022

Жауапты кезең

246 рет
көрсетілді

Қазақ елі тарихи шешім қабылдады. Елімізде Президент сайлауы өтіп, халық өз таңдауын жасады. Биылғы саяси доданың бәсі осыған дейінгіден жоғары болғанын айта кеткен жөн. Біріншіден, тұңғыш рет Мемлекет басшысы 7 жылдық мерзімге 1 рет қана сайланады. Екіншіден, сайлау елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың заңды жалғасы іспетті. Үшіншіден, бірінші рет бюллетеньге «бәріне қарсымын» бағаны енгізілді.

Халықтың жауапты кезеңде дауыс беруге белсенді қатысқанын мынадан-ақ аңғаруға болады. Орталық сайлау комиссиясы таратқан алдын ала қорытындыға сүйенсек, электораттың 8,3 миллионы өз таңдауын жасаған. Яғни дауыс бергендер  сайлаушылардың 69,44 пайызын құрап отыр.

Осы орайда, бірнеше өңірдің сая­си додаға белсене қатысқанын атап өткен абзал. Мәселен, Жетісу облысында электораттың 81,42 пайызы дауыс берсе, Қызылорда облысында қатысушылар 81,07 пайызға жетті. 80 пайызды бағындырғандар қатарында Абай және Түркістан облыс­тары да бар.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе 81,31 пайызы дауыс берген. «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 немесе 5,8 пайыз электорат таңдаған. Жигули Дайрабаевқа – 271 мың 641 (3,42 пайыз), Қарақат Әбденге – 206 мың 206 (2,6 пайыз), Мейрам Қажыкенге – 200 мың 907 (2,53 пайыз), Нұрлан Әуесбаевқа – 176 мың 116 (2,22 пайыз) және Салтанат Тұрсынбековаға 168 мың 731 (2,12 пайыз) дауыс берілген.

Тоғызыншы территориядағы тағ­дыршешті кезеңді тәуелсіз бақылаушылар да жоғары бағалап отыр. Мәселен Шанхай ын­тымақтастық ұйымының бас хат­шысы Чжан Мин сайлау­дың жоғары деңгейде ұйымдас­ты­рыл­ғанын атап өтті. Оның айтуынша, комиссия мүшелері де, бай­қаушылар да процеске айрықша жауапкершілікпен қараған. Сон­дай-ақ ШЫҰ бас хатшысы бір­қатар азаматтың кішкентай балаларын көтеріп келгенін тілге тиек етіп, тұрғындар балаларын жауапты азамат етіп тəрбиелеуге ерекше көңіл бөлетінін, отбасымен бірге келуі Отанының болашағына деген сенімін көрсететінін атап өтті.

Жалпы, дауыс беру күні сайлау рәсімдеріне президентікке үміт­кер­лердің 11 мыңнан астам сенім білдір­ген адамы, шет мем­лекеттердің, халық­аралық ұйым­дардың 641 байқаушысы, саяси партиялардан 15,5 мың бай­қаушы, қо­ғамдық бірлестік­тер­ден 30 мыңнан астам байқаушы қатысты. Көпшілік сайлау­дың ашық өткенін алға тартады.

Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшы­сының орынбасары Өмер Коджаман Қа­зақстандағы сайлау ашық және бәсекелі болғанын растады. Оның айтуынша, бюллетеньдер мен нәтижелерін өңдеу сайлау туралы ұлттық заңнамаға сай өткен.

«Біздің миссия өкілдері жалпы саны 16 сайлау учаскесіне барды. Ешқандай заңсыздық немесе әкімшілік және құқық қорғау органдарының сайлау учас­ке­лерінің қызметіне килігуін байқа­ғанымыз жоқ. Сайлау күнінде адамдардың өз еркін білдіруіне қажетті бүкіл әкімшілік шаралар қабылданды. Сайлау туралы заңға сәйкес, ұлттық және ха­лық­аралық байқаушылардың сай­лауды бейтарап бақылауына жағ­дай жасалды. Миссия ұлттық және халықаралық ұйымдардың қа­тыс­қанын және сайлау­дың ле­ги­­­тимділігін, ашықтығын қол­дай­­­тынын көрді», деді Ө.Коджа­ман.

Ұлыбритания парламенті Қауымдар палатасының жоғары саяси кеңесшісі Реза Табризи ел тұрғындарын ашық əрі əділ сай­лау­­мен құттықтап, Қазақстан үшін тарихи күн болғанына тоқ­талды.

«Сайлау күні Астанадағы бірнеше учаскеге бардым. Сай­лау­шылардың бел­сенділігі жақсы. Ұйымдастыру жұмыс­тары да ойдағыдай жүргізілген. Мəселен сай­лау учаскелерінде мүмкіндігі шек­теулі адамдарға жақсы жағдай жа­салғаны қуантты. Əйтпесе, мынадай суық пен қарда олардың жүріп-тұруы қиын ғой. Осының бəрі ескерілген екен», дейді Тұ­манды Альбионнан келген байқаушы.

Түрлі жағдайға байланысты елімізден тысқары жерде жүрген қазақстандықтар да саяси бәсекеге белсене араласты. Шетелдерде жалпы саны 68 учаскелік сайлау комиссиясы ашылды. Сыртқы істер министрлігінің келтірген деректеріне сай, 111 360 адам өз таңдауын жасаған. Ең бірінші болып Токиода және Сеулде сайлау учаскелері ашылды. Осылайша, Жапония астанасында қазақстандық кәсіпкер Сырымбек Тау алғаш болып дауыс берді. Сеул­де Юрий Цой есімді қазақ­стандық өз таңдауын жасаған.

Бұдан кейін уақыт белдеулеріне сәйкес Бейжің, Шанхай, Гонконг, Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батыр қалаларында дауыс беру учаскелері өз жұмысын баста­ды. Ең соңғы болып Сан-Фран­цис­кода шетелдегі соңғы сайлау учаскесі ашылды. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, АҚШ-тың батыс жағалауындағы қаладағы электораттың 100 па­йызы дауыс берген.

Түрлі жарысқа қатысуға шетелге аттанған спортшыларымыз да өз таң­дауын жасағанын айта кеткен жөн. Мә­се­лен Анадолыда жаттығып жүрген жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы Ан­талияда дауыс берді. Футболдан Ұлттық құрама командасы мүшелері Абу-Дабидегі сайлау учаскесіне барды. Мажарстанға Еуропа әйелдер хоккей лигасына қатысуға аттанған алматылық «Айсұлу» клубы Будапешт қаласында таңдауын жасады. Конькимен жүгіруден Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Нидерландта дауыс берді.

Дауыс беру күні елімізде де түрлі қызықты оқиға болды. Некесін қидырған бірнеше жас жұбай бірден дауыс берген. Мысалы, Атырау облысында жас жұбайлар некесін қиғаннан кейін сайлау учаскесіне ат басын тіреген. Бейбарыс Төлегенов пен Ару Нысанбекқызы Иса­тай ауданындағы Аққыстау ауылында тұрады. Олар 20 қарашада отбасын құрып, некесін қидырған. Ал Түркістан облысында Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылдық округіне қарасты Қанағат елді мекенінде жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар сайлау учаскесіне той көйлегімен келді.

«Ұлы дала жорығы» марафонында жеңіске жеткен «Көк мойнақ» коман­да­сының мүшесі Нұрсағын Тұқымбай сайлау учаскесіне өзінің тұлпарымен барды. Бұдан бөлек, Түркістан облысында кимешекпен келген әжелер тәттіден шашу шашса, Кентау қаласының тұрғыны қазақы киіммен келіп, сайлаушыларға бауырсақ таратқан. Қысқасы, еліміздің тұрғындары белсенді әрі креативті әрекетімен жан-жақты көзге түсті деп айтуға толық негіз бар.