Жоғары оқу орнында сапалы білім алумен шектелмей, замандастарын өнерімен тәнті етіп жүрген жастар көп. Сондықтан жергілікті әкімдік пен Жастар басқармалары да шығармашыл студенттерді ынталандыруға қажетінше қолдау көрсетіп келеді. Жуырда Халықаралық студенттер күні аясында елорда төрінде «Jastar Jalyny-2022» фестивалінің жабылу салтанаты өтіп, жүзден жүйріктер анықталды.
Дәстүрлі фестивальды «Qazaqstan jastary» қоғамдық қоры және Қазақстан студенттерінің альянсы ұйымдастырса, Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдау көрсеткен. «Jastar Jalyny-2022» фестивалі жастардың шығармашылық әлеуетін шыңдауға, дарынды жастарды анықтап, белсенді студенттерді шабыттандыруға сүбелі үлес қосып келеді. Жастардың рухани және мәдени әлеуетін дамытып, студенттерге тәрбие беру жүйесін жетілдірумен қатар адамгершілік құндылықтар мен көшбасшылық қасиеттерін арттыру міндеті фестивальдың негізгі мақсатын айқындап берді. Әсіресе кейінгі жылдары «Jastar Jalyny» фестиваліне елорда жастары белсенді қатысып, жоғары оқу орнының беделін арттыруға мейлінші үлес қосуда десек асыра сілтегеніміз емес. Өйткені ауқымды фестивальда 10 номинация бойынша топқа түскен жастар жалпы есепте көш бастауға барын салатыны сөзсіз. Бұл жолы фестивальға Астана қаласындағы 14 университеттің студенттері қатысып, медиа, заманауи би, ұлттық би, эстрада, музыкалық аспаптар, айтыс, поэзия, сурет салу, театр, qazaq quiz аталымында мықтыларды анықтады. Шығармашылықтың шыңына шығуға талпынысы жоғары жастардың өнерін әр саланың кіл тәжірибелі әрі танымал мамандарынан жасақталған қазылар құрамы бағалады. Оның ішінде мәдениет және өнер қайраткерлері, елге еңбегі сіңген әртістер, кәсіби хореографтар да бар. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мемлекеттен жастарды қолдау мақсатында іске асып жатқан жобалар жөнінде аз-кем айтып өтті.
– Ел үкіметі жастарды қолдауға айрықша көңіл бөліп отыр. Астана қаласының әкімдігі биыл жастарды жұмысқа орналастыру үшін 60-тан астам бос жұмыс орны жәрмеңкесін өткізді. Нәтижесінде, 11 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар елордамыз жастардың қаласына айналды. Мемлекет тарапынан жас отбасыларға пәтер беру бойынша жүйелі жұмыстар 2019 жылдан басталды. Жас отбасылар аяққа тұру үшін 5 жылға жалдамалы пәтер берудеміз. Қала әкімдігі «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша жыл сайын 200-ден астам жастың баспаналы болуына жәрдемдеседі. Сондай-ақ мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмаған түлектерге елорда әкімдігі арнайы гранттар бөледі. Биыл 1 300-ден астам нарықтағы сұранысқа ие мамандыққа грант бөлінді. Бұл фестиваль да жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Әрине, мұнда басты мақсат жеңіс емес, елорданың белсенді жастары бас қосып, бірін-бірі жақын тани түссе деген ниет те бар, – дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Апта ішінде әр номинация бойынша жекелей сында бірінші орын еншілегендер 100 мың теңгеден сыйақы алса, екінші орын олжалағандарға 70 мың теңге тағайындалды. Үздік үштіктен көрінген студенттерге 50 мың теңгеден тиді. Ал жалпыкомандалық есепте биылғы фестивальдың бас жүлдесін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері қанжығаға байлады. Сол секілді 2-орынды Turan-Astana университетінің жастары жеңіп алса, 3-орын С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне бұйырып, олар да қаржылай сыйлықтан құр қалмады.