Балалар денсаулығы – ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі. Балалар жеңілдік санатына кіреді және мемлекет есебінен МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Балаларға Медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан медициналық ұйымдар тегін медициналық қызмет көрсетеді. 2022 жылы мектеп медицинасына шамамен 26,1 млрд теңге қарастырылған.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Астана қаласы бойынша филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, мектеп медицинасы білім беру ұйымдарында, яғни тікелей мектептерде, балабақшаларда, шағын орталықтарда немесе басқа да білім беру ұйымдарындағы балаларға медициналық қызмет көрсетуді көздейді.
Бұрын мектеп медицинасы учаскелік қызметке бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылған. МӘМС жүйесін енгізу арқылы ол жеке ұстаным ретінде бөлек қарастырылды. Бұл мектеп жасындағы балаларға арналған алдын алу шараларының кең ауқымын қамтуға мүмкіндік береді. Яғни бұл медицинаның осы бөлігіне – сырқаттың алдын алу үшін толықтай тексеруге, қандай да бір сырқат анықталған балаларды дер кезінде «Д» есепке алуға, барлық стандарттың сақталуын бақылауға, т.б. ерекше назар аударылады.
Осы жылы қор білім беру ұйымдарында медициналық қызмет көрсетуге еліміз бойынша 436 емханамен 26,1 млрд теңгеге жуық сомаға шарт жасаған. Салыстыра қарасақ, 2021 жылы 430 медициналық ұйым қызмет көрсетті, шарттардың құны 22,2 млрд теңгені құрады.
Мектеп медицинасының мәні – білім беру ұйымдарындағы балаларды қажетті медициналық қызметтермен қамтамасыз ету. Бұл жұмыс мектеп немесе балабақша орналасқан аумаққа қарасты емхана жауапкершілігінде болады. Бұл үшін мектепте медицина қызметкерінің жабдықталған кабинеттері бар арнайы қызмет құрылады. Профилактикалық тексеру немесе вакциналау жүргізу үшін мектепке немесе балабақшаға тиісті профильдегі дәрігерлер келеді. Мұндай іс-шаралар алдын ала жоспарланады және ата-аналарға алдын ала хабарланады.
«Мектеп медицинасы бөлімшесінің міндеттері мен маңызды бағыттарының бірі – бөлімше қызметінің жұмысын ұйымдастыру. Шынында да, мектепке дейін және мектеп жасында балалардың саламатты өмір сүруі қалыптасады, олар ортаға бейімделеді, баланың денсаулығы күшейеді немесе керісінше, төмендейді. Мектеп медицинасы бөлімшесінің жұмысы осындай жағдайларды бақылап, денсаулық жағдайындағы жағымсыз үдерісінің дамуын болдырмау үшін ұйымдастырылған. Білім беру мекемелерінің оқушылары мен тәрбиеленушілерін медициналық көмекпен қамтамасыз ету балалар емханасының мектепке дейінгі – мектеп бөлімшесіне жүктелген. Бұл бөлімше балалар емханасының барлық басқа бөлімшелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мектеп медицинасы бөлімшесінің құрылымына білім беру мекемелеріндегі медициналық кабинеттер кіреді. Біздің емхана аумағы бойынша бөлімшеде 16 мектеп пен 10 мемлекеттік балабақша бар», дейді Астана қаласындағы №9 емхананың мектеп медицинасы бөлімшесінің меңгерушісі Азамат Мыңбаев.
Мектеп медицинасының тарифіне вакциналау, жыл сайынғы профилактикалық тексеру, тіс дәрігерінің тікелей оқу орнында жүргізетін тексеруі кіреді. Сондай-ақ оқу орнындағы дәрігерлер балаларға саламатты өмір салтын ұстану жөнінде іс-шаралар өткізеді. Егер профилактикалық тексеруде патология анықталса, онда бала тіркелген жері бойынша емханаға тереңдетілген медициналық тексеруге жіберіледі. Балалардың вакциналау ата-аналарының келісімімен Ұлттық егу күнтізбесі бойынша жүргізіледі. Шұғыл жағдайларда медициналық пунктте жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін балаларға алғашқы көмек көрсетіледі.
Осылайша, мектеп медицинасы мектеп оқушыларының денсаулық жағдайын үздіксіз бақылауды қамтамасыз етуге және қажет болған жағдайда уақтылы алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.