Шымкенттің медицина тарихында алғаш рет мәйіт донорлығы бойынша бауырға трансплантациялық операция жасалды. Күрделі ота барысында алтын қолды дәрігерлер донор ретінде мәйіттің бауырын хирургиялық әдіспен алып, науқасқа қондырды. Жалпы операция алты сағаттан аса уақытқа созылды.
Ал бауыр мүшесін алмастырған науқас бес жылдан бері созылмалы бауыр циррозымен есепте тұрған екен. Осылайша, 1978 жылы туған мегаполис тұрғынына қалалық №1 клиникалық аурухана дәрігерлері мәйіттен алынған ағзаны сәтті қондырып берді. Осы ретте науқас пен оның туыстары күрделі ота жасаған клиника ауруханасының білікті дәрігерлер командасына зор алғысын білдірді. Операциядан кейін жағдайы жақсарған науқас кеше ғана реанимациялық бөлімшеден жай палатаға ауыстырылды.
Расымен де мұндай операция еліміздің оңтүстік өңірінде бірінші рет жасалыпты. Ал трансплантациялық отаның жүргізілуіне марқұмның туыстарының мәйіт донорлығына заңды түрде берген келісімі себеп болған.
Операцияны 16 қараша күні таңғы сағат төрттен бастадық. Мәйіт донорының өзге де ағзалары Астана мен Алматы қаласындағы емдеу мекемелеріне санавиацияның көмегімен жөнелтілді. Ота сәтті аяқталды. Төртінші тәулікте науқас орнынан тұрып, өздігінен жүре бастады. Қазіргі таңда жағдайы біршама тәуір. Жалпы медицина практикасында мәйіт донорлығына байланысты операция сирек жасалады. Өз кезегінде донор жетіспеушілігі мәселесі дүние жүзі бойынша бүгінгі таңда өте өзекті проблеманың бірі саналады, – деді қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай. Айта кету керек, Шымкентте ағза алмастыру бойынша алғашқы ота 2013 жылы жасалған. Міне, содан бері шаһарда бүйрек, бауыр алмастыру операциялары мегаполис медицинасының ажырамас бөлігіне айналды.
Қалалық №1 клиникалық ауруханасында емдеу мәселесіне қатысты түрлі игі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, биыл клиника «Ізгілікте жарысайық» атты қормен өзара меморандум түзіп, соның нәтижесінде 100 ана мен олардың кішкентай балаларына тегін медициналық көмектер көрсетілді. Аналар ақысыз медициналық тексеруден өтсе, мектеп табалдырығын енді аттаған ер балаларға циркумцезия жасалды, яғни сүндеттелді.
Сонымен бірге клиникалық ауруханада осы жылы ақпарат алу орталығы ашылды. Осы орталық арқылы кез келген азамат өзіне қажетті барлық ақпаратты ала алады. Тіпті көңілін сұрап келген науқастың емдеуші дәрігері кім, қай бөлімше, палатада жатқанына дейін білуіне болады. Ақпараттық орталықта, білікті дәрігерлер кеңес береді. Орта медицина қызметкерлері де емделушінің ахуалы туралы жағдайды баяндайды.
Клиникалық аурухананың бас дәрігері А.Донбайдың мәлімдеуінше, бүгінге дейін тіліксіз ота жасайтын лапроскопиялық 5 аппарат, травмотологияда қолданылатын артроскопиялық жабдық пен заманауи УДЗ аппараттары сатып алынған. Бұған қоса жуырда ғана бас миына, жүрекке ота жасайтын ангиографиялық кабинет ашылды. Тұсаукесер рәсіміне республикаға танымал дәрігер Серік Ақшолақовтың өзі келіп қатысты. Қазіргі таңда Астана төріндегі нейрохирургиялық орталықтан аттай қалап алдырған 2 білікті маман аталған клиникада жемісті қызмет атқарып жатыр. Нейрохирург дәрігерлердің көмегімен жұлын омыртқасына, бас миына күрделі оталар жасалуда. Сондай-ақ қалалық №1 клиникалық ауруханасының базасында травмотология, ортопедия қызметтері жанданып келеді. Бұл медициналық көмекті де жергілікті тұрғындарға елордалық мамандар көрсетіп отыр. Сол секілді республиканың бас қаласынан мұрын, тамақты емдейтін дәрігер арнайы шақыртылды. Осыған орай клиникада лор бөлімшесі ашылды. Бұған дейін қалалық №1 ауруханада 180-нен аса бүйрек органы ауыстырылыпты. Бұдан бөлек отыз шақты бауыр мүшесі трансплантацияланған. Ауруханада апта сайын бүйрек, ай сайын бауырды ауыстыру бойынша күрделі оталар жасалады. Сондықтан бас дәрігер трансплантология клиниканың күнделікті жұмысына айналғанын айтады. Жалпы, клиника Шымкенттегі медициналық туризмді өркендету жолында үлкен іс тындырып отыр. Соның бір айғағы, осы күндері білікті нейрохрургтер Тәжікстан мен көршілес елдерде өздерінің қаншама шеберлік сабақтарын өткізіп үлгерді. Аталған мемлекеттерден Шымкенттегі клиникадан ем қабылдауға науқастар да көптеп келуде.
Өз кезегінде қалалық аурухана шаруашылық жүргізу құқығындағы мекеме санатында болғандықтан тәжірибесі бар, білікті мамандарды сырттан шақыртады. Бұдан басқа дәрігерлердің ұзақ уақыт осында тұрақтап қалуы үшін клиника басшылығы оларға барынша жағдай жасауға тырысып бағуда. Айталық, біліктілігі жоғары мамандардың барлығына тұрақты жалақсынан бөлек қосымша үстемеақы төлеу қарастырылған. Және де дәрігерлер ауруханада заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. Клиника әкімшілігі сонымен қоса тәжірибелі мамандарды қызметтік пәтермен де қамтамасыз етіп отыр. Ал олардан талап етілетіні – тек науқастың жағдайына қарап, сапалы медициналық қызмет көрсету.
ШЫМКЕНТ