• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қараша, 2022

Өндіріс пен құрылыста маман тапшы

343 рет
көрсетілді

2022 жылдың қазан айында Электрондық еңбек биржасында 109,2 мың бос жұмыс орны және 59,8 мың түйіндеме орналастырылды. Алдыңғы аймен салыстырғанда жарияланған жұмыс орындарының саны аздап төмендеді (5,6%), ал түйіндеме саны үштен бірге (27,3%) азайды. Ірі қалалармен қатар өнеркәсіптік өңірлерде де кадрлардың жетіспеушілігі сезілді.

Жұмыс берушілер тарапы­нан бос орындар санының едәуір қысқаруынан көрінетін белсен­діліктің төмендеуі жоғары білікті мамандарға көбірек әсер етті, яғни қажеттілік 35%-ға қысқарды (11,7 мың бос жұмыс орны). Бұл ретте біліктілігі орташа және төмен кадрларға сұраныс керісінше өсті, тиісінше 5% (+2,3 мың бос жұмыс орны) және 9%-ды (+3 мың бос жұмыс орны) құрады.

«Сондай-ақ орта білікті маман­дарға сұраныстың тұрақты үлесі болған жағдайда, мұндай біліктілігі бар жұмыскерлер түйіндемелері­нің саны өте аз екенін атап өткен жөн. Жұмыс іздеушілер арасында 40%-ға жуығы біліктілігі жоқ еңбек түрін ұсынатын кадрлар», деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Александра Молчановская.

Қазан айында бос орындар саны бойынша көшбасшылар үштігіне өндіріс (15,9% немесе 17,3 мың бос жұмыс орны), білім беру және тәрбиелеу (10,4% немесе 11,3 мың бос жұмыс орны), құрылыс және сәулет (6,4% немесе 7 мың бос жұмыс орны) салалары кірді.

«Өткен айдағы еңбек нарығын­дағы серпінді қарастыра отырып, маусымдық ауытқуларға сәйкес білім беру саласының мамандарына сұраныстың екі есе қысқаруы аясында өндірістік саладағы және ТКШ саласындағы мамандықтар бойынша кадрларға қажеттілік айтарлықтай өскенін атап өтуге болады (+67%). Сонымен өндірісте ең танымал стационарлық жаб­дықтардың операторлары (8,5 мың бос жұмыс орны), дәнекерлеушілер мен фармацевтер (3,5 мың бос жұмыс орны), ал ТКШ-да слесарлар мен сантехниктер (4,9 мың бос жұмыс орны) болды», деді А.Молчановская.

Жұмыс берушілер тарапынан ең аз сұраныс құқықтану, ғылым және консалтинг, сондай-ақ маркетинг және БАҚ сияқты салалардың мамандарына қатысты болды.

Өңірлер бөлінісінде сұраныс тұрғысынан ең белсенді Астана және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қара­ғанды облыстары болды, бос жұмыс орын­дарының жалпы саны – 44,7 мың (барлық сұраныстың 41%-ы). Кадр тапшылығы Қара­ғанды, Шығыс Қазақстан (сұраныс ұсы­ныстан 4 есе артық) және Павлодар облыстарында (3 есе) барынша айқын көрінді. Керісінше, Жетісу облысында және Маңғыстау өңі­рін­де бос жұмыс орындарына қа­ра­ғанда көбірек ізденушілер бай­қалды.

Мамандықтар бойынша қазан­дық қондырғыларының операторлары (3 081 түйіндемеге 5 853 бос жұмыс орны), күзетшілер (472 түйіндемеге 1 525 бос жұмыс орны), тігін­шілер (220 түйіндемеге 1 273 бос жұмыс орны), кеңсе тазалау­шылары (323 түйіндемеге 1 271 бос жұмыс орны) және тәрбиешілер (620 түйіндемеге қарсы 1 507 бос жұмыс орны) тап­шы болды.

Сондай-ақ өтініш берушілердің гендерлік құрылымындағы кейбір өзгерістерді атап өткен жөн. Егер қыркүйек айында өтініш берушілер арасында ерлерге қарағанда әйел­дер көп болса, қазан айында жағдай керісінше өзгерді. Мұндай динамика білім беру саласындағы әйелдердің, ал ерлердің өндірістегі гендерлік басымдылығымен байланысты екені анық.

Айдың қорытындысы бойын­ша жас бөлінісінде 45 жастан асқан ізде­нушілердің үлесі 28%-ды (қыркүйекте – 27%), жастардың үлесі – 30%-ды (қыркүйекте – 34%) құрады, ал зейнеткерлік жас алдындағы әрбір оныншы адам ізденуші болды.

Ең жоғары жалақыны 500 мың­нан 1 млн теңгеге дейін жұмыс берушілер өнеркәсіптік альпинис­терге, қопарушы, инженерлер мен хирург-дәрігерлерге ұсынады. Со­ны­мен қатар ізденушілер тарапынан ең жоғары күтілетін жалақы жеке сектордың құрылымдық бө­лім­шелерінің басшылары (~1,5 млн теңге), пилоттар, сондай-ақ ба­қылау-өлшеу аспаптары мен авто­матиканы реттеушілер (1 млн тең­геден) тарапынан келеді.

Осылайша, қазан айында жұмыс берушілер тарапынан да, жұмыс іздеушілер тарапынан да белсен­діліктің төмендеу үрдісі жалғасуда. Бұл еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың маусымдық өзгеруіне байланысты. Осы ретте құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және өндіріс сала­сының қызметкерлеріне қатысты сұраныстың артуы байқалады.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»