Садықбек Адамбеков дегенде ең әуелі еске мөлдір моншақтай шашылып түскен күлкі түседі. Неге? Өйткені қазақ әдебиетінің кең жайлауында ою-өрнек, сән-салтанаты келіскен алты қанат ақ орда тіккендей сонадайдан көзге шалынар сатира жанрының қазығын қадап, керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетіп кетті. Сәкеңнің өмір жолына үңілсек, ол да әдеби жолын өлеңмен бастаған екен. «Өмір тойы» атты өлеңдер жинағы шыққан. Содан сатира жанрына бет бұрып, барлық ғұмырын осы күштілердің қаруына арнап кетті.
Ал еңбек жолына қарасақ, ол «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан»), «Қазақ әдебиеті», «Ара», КСРО деген алып империяның «Крокодил» журналдарында ұзақ жыл еңбек етіпті. Сәкеңнің қаламынан туған сатиралық әңгіме-фельетондар, роман, комедиялар сол замандарда оқырмандар мен көрермендерден лайықты бағасын алды. Осы «бағасын алды» деген анықтамаға жалғап қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдеріне сөз берсек, Садықбек Адамбековтің шығармашылық жолы айқындалады. Айталық, осыдан жетпіс жыл бұрын Мұхтар Әуезов былай депті: «Ақындық тәжірибесінде мол пайдаланбаса да фельетон, әзіл-әжуа түріне ауысып, сол кішкене көркем жанрда өз өнерін өткірлеп, айқындап ашып келе жатқан С.Адамбековтің тілі де сүйсінердей нәр танытты». Ал академик-жазушы Зейнолла Қабдолов: «Асылы, адамның да, қоғамның да денсаулығы үшін күлкі керек қой, күлкі – Садықбектің күлкісі...» дейді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры кезінде Серік Қирабаев: «Садықбектің сатириктік, юмористік таланты халықтың даналық ойларымен суарылған. Сондықтан оның шығармалары жеңіл оқылып, санаға ойлы әсер етеді, көздеген нысанасына дәл тиеді. Ол арзан күлкіні місе тұтпайды. Қожанасыр атасы сияқты жеңіл әзіл-сықақтың ар жағында салмақты ой сақтайды. Сәкеңнің өз бейнесінен де дәл осындай ойлы, халықтық, қарапайым даналық көрем. Сірә, содан болар, оны көрген сайын көңіліме күлкі оралып, бір жасап, бойым жеңілдеп қалады. Сәкеңнің күлкісі – жаныңды жадыратып, жылылыққа бөлейтін, ой-санаңа жеңіл қабылданатын, шынайы, тапқыр, көңілді күлкі», деп жазыпты.
Жалпы, күлкінің түрі көп. Соның ішінде Сәкеңнің күлкісі қуақы күлкіге жатады. Лев Толстой қуақының үш түрін белгілеген екен. Бірінші түрі – өзі айтпақ болған әлденеге өзі мәз болып, өз күлкісіне өзі құмығады да, өзгелер түкке түсінбей жым-жырт томсарады. Екінші түрі – өзі де күледі, өзгелерді де күлдіреді. Үшінші түрі – өзі езу тартпастан сазара сөйлейді де, өзгелердің езуін жиғызбай, шек-сілесін қатырады.
С.Адамбеков осылардың екінші түрі – өзі де күледі, өзгелерді де күлдіріп, қатар рақаттанады. Бұл – үлкен үндестік. Талант та, талантты шығарма да үндестіктен туады. «Ақын – үндестік ұлы» дегенде Блок осыны айтқан. Демек Садықбектің сатирасы – талантты, улы да уытты сатира. Садықбектің өмірдегі күлкісі өнердегі күлкісіне осылай ұтымды, шебер ауысқан. Мұндай күлкі ғұмырлы, өміршең күлкі, жасанды емес, табиғи. С.Адамбековтің қай шығармасын оқыған жан көңілін күлкімен жуады, көкірегін күлкімен тазартады. Тотияйын тілді, ашудас азулы ақиық сатирик ағамыз қазақ әдебиетіндегі тұңғыш сатиралық роман – «Атылған қыз туралы аңызды» дүниеге келтіруі, әрине, терең талантынан деп білеміз.
Сатира сарбазы Садықбек ағаның драматургтік қыры әлі де жете зерттелмей келе жатыр деп ойлаймын. Айталық, кезінде Қазақстанның халық әртісі, режиссер Ерғали Оразымбетовтің аузынан мынадай әңгіме естігенім бар.
– Садықбек Адамбеков – басқа әріптестеріне мүлдем ұқсамайтын драматург. Олай дейтінім, ол – өте еңбекқор адам. Әлі есімде, 1972 жылы Шымкент облыстық қазақ драма театрында оның «Бір түндегі төрт төбелес» комедиясы қойылды. Спектакльді дайындау барысында драматургтердің қоюшы-режиссермен, ойнаған әрбір әртіспен, жалпы, театрмен қоян-қолтық кірігіп, шығармашылық жұмыс жасайтынын көріп, тәлім алған едім. Садықбек ағаның пьесалары соңғы кезде театр сахнасынан сирек ұшырауының басты себебі де осы үштаған – драматург – режиссер – актер байланысының күрт әлсіреуінен болар-ау деп ойлаймын.
Расында, бүгінде республикамыздағы қай театрды алсақ та, классикалық шығармаларға әуестігін аңғарамыз. Қазір сахналарда комедиялық қойылымдар сирек көрсетілетін болып жүр. Бұлардың орнына шағын интермедиялар қою сәнге айналды. Айтары бұлыңғыр, «көрермендерді әйтеуір күлдірсек болды» деп нешетүрлі сорақылықтарға барып жүрген әртістерді көргенде кейде бетті басып, тұра қашқың келеді.
Осы интермедияларға қарағанда Садықбек ағаның «Аюбайдың ажалы» атты комедиясының тақырыбы – әлі де күн тәртібінен түсе қоймаған шымыр дүние. Әттеген-айы, бүгінгі режиссерлер саңлақ сатирикті білмей ме, әлде оқымай ма, комедия десе болды, халық Хурсановтың «Өлдік те құрметті болдық», Сайд Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», әзербайжан жазушысы, сталиндік сыйлықтың лауреаты Узейр Гажибековтің «Аршин мал алан», В.Гогольдің «Ревизор» деген комедиясынан айналшықтап шықпайды.
Драматург Садықбек Адамбековтің «Біздің үйдің жұлдыздары» да классикалық туынды. Кезінде Талдықорған облыстық қазақ драма театры «Күн мен көлеңке», Қызылорда облыстық қазақ драма театры «Жесірлер» атты спектакльдерін қойған болатын. «Күн мен көлеңкеде» – Айсұлу, «Жесірлерде» – Айтолқын рөлдерін сомдаған Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова: «Садықбек ағаның сахнадағы күлкісі көрермендермен жанды жалғасып жатады. Олар театрдан шығысымен неге күлгендерін ұмытып кетпей, үнемі ой үстінде жүреді», деп тебірене жазған болатын.
Драматургияда дәйекті дүниелер жасаған Садықбек Адамбеков В.Вишневскийдің «Ұмытылмас 1919 жыл» пьесасын сәтті аударған болатын. Ол шетел жазушыларының сатиралық шығармаларын қазақша сөйлетті.
Екі драмалық шығарма, сегіз сатиралық комедия жазған Садықбек аға әдебиеттегі драматургияны армиядағы ауыр артиллерия санаған. Сатирик-драматург Садықбек «Шайтанкөлдегі жаназа» комедиясын жазарда қатты қиналғанын мойындаған.
– Енді «Алтын табақтағы жылан» пьесасын алып қарайықшы. Басты кейіпкерлердің бірі Орманшы былай деп мұң шағады: Үмітсіздер-ай, жұмыртқа басып жатқан дуадақты атады. Әлі аяқтанбаған киікті атады, табиғатты шаштан сүйреп сабайды. Серуендеп кеп отырған жерін ойрандап кетеді. Сындырады, қиратады, өртейді. Ертең жердің керегі жоқ сияқты. Айға көше ме сонда? – деп бармақ шайнайды.
Сол Орманшы:
– Қазір үлкен қалаларда қыздар қалтақтаған шалға тиеді, жас жігіт қаусаған кемпірге ғашық болады, менің естуімше, ғалымдар, ұстаздар түске дейін ғана ақыл айтады екен. Түстен кейін кітабын құшақтаған бойы кәдімгі құдыққа жүгірген қой сияқты мейрамханаға қаптайтын көрінеді қыз бен жігіт. Содан қақала түтінге көміліп, көмейге арақ құятын оқу басталады. Сылқылдай күліп, былқылдай билеп жүріп ақырында қып-қызыл төбелес, алды полицияға түсіп, арты араққа құлап, бұл оқу таң ата тарайды екен, – деп кіжінеді.
Осындағы ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, ән-күйімізді дәріптеу, табиғатты аялап, экологиялық тазалықты сақтау, жастарды имандылыққа, азаматтыққа тәрбиелеу, ана тіліміздің қадір-қасиетін арттырып, қолдану аясын кеңейту – бәрі-бәрі дәл қазіргі күн тәртібіндегі өткір мәселелер емес пе? С.Адамбековтің өзекті шығармалары әлеуметтік, тәрбиелік мәнін әлі де жойған жоқ. Жұмыртқа басып жатқан дуадақты, әлі аяқтанбаған киікті ататындар әлі де жеткілікті. Бұған күні бүгінгі «киік саны көбейіп кетті, соның 800 мыңын атып алайық» деген ақырын ойламаған байлам да нақты мысал. Ал серуендеп келіп отырған жерін ойрандап кететіндер әлі де баршылық. Қыздардың қылтың-сылтыңы, жігіттердің желікпелері әлі де өршіп тұр. Осыларды сатира тілімен сынап, жастарды жаман әдеттерден тыю – дәл қазіргі кезек күттірмес міндет. Ал біздің режиссерлер әлі де «түк жоқ» деп ауыздарын қу шөппен сүртуден әріге барар емес. Ана бір жылы Райымбек Сейтметов В.Гогольдің «Ревизорын» қазақы ұғымға сай сахналады. Керемет шықты. Мұнда орыстың салт-дәстүрлері, әдет-дағдысы мүлдем жоқ. Комедияны қазақ авторы жазған ба дерсіз. Әрине, мұны жасаған көрнекті режиссер Райымбек аға еді. Мұны айтып отырған себебіміз, Садықбек ағаның коммунистік идея тұсында жазған дүниелері бүгінгі күнмен қабыспай жатса, Райымбек аға сияқты неге түзеп, күзеп отырмасқа!
Драматургтің «Ақырзаман аңызы» атты бір актілі комедиясы да бүгінгі күннің өткір мәселелерін қаузайды. Қазір сыбайлас жемқорлық, парақорлық, алармандық өршіп тұрған заманда сатираның маңызы мейлінше артып отыр.
Сайыпқыран сатирик Садықбек Адамбековтің биыл 100 жылдығы. Осы мерейтой қарсаңында Шымкенттегі сатира және әзіл-оспақ театрына Садықбек Адамбековтің есімін берсек деген тілегіміз әлі де орындалмай келеді. Үкімет бас-көз болып, сатирик Садықбек Адамбековтің көптомдығын, тым құрығанда «Атылған қыз туралы аңыз» романын көп таралыммен қайта бастырса, нұр үстіне нұр болмас па?
Жоғарыда айтылған комедияларды қайта сахналап, көрермендерге ұсынса, бұдан ұтпасақ, ұтылмас едік-ау. Өйткені бүгінгі қоғамға өткір де ащы, уытты сын әлі де керек.
Сондықтан күлкінің күміс күмбезін тат баспауы керек!
Күлкі күмбезі жарқыраған сайын арам, қара ниеттілер қалтырай бастайды. Бүгінгі қоғам да соны күтіп отыр.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі