Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде «Самұрық-Қазына» қоры жайлы: «Қордың «KEGOC», «Qazaq Gaz» және «Қазақстан темір жолы» сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындайды. Осы тұста қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?» деп, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселені көтерген болатын.
Бұл ретте еліміздің өмірінде болған бір келеңсіз жайт әлі есімізде. 2006 жылғы қыркүйек айында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының президенті айына 365 мың доллар жалақы және жыл қорытындысы бойынша 2 млн доллар бонус алғаны сыналып, Үкіметке оны қызметінен босату тапсырылған еді. Сөйтіп, «Қазақтелеком» басшысы қызметінен босатылып қана қоймай, алған бонусын ел қазынасына қайтарған. Кейін сол кездегі «Самұрық» мемлекеттік холдингінің директоры анығында «Қазақтелеком» АҚ президентінің орташа жылдық жалақысы 140 мың доллар, бонусы 1,7 млн доллар, ал оның басшысы болып саналатын өзінің жалақысы 34 мың доллар ғана екенін айтып ақталуға тырысқан.
Содан кейін ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік кәсіпорындар басшыларының жалақылары мен бонустары едәуір қысқартылып, тәртіп орнатылғандай болған. Алайда «Көн құрысса, қалыбына барады» демекші, уақыт өте келе ұлттық компаниялар басшыларының «тәбеттері» қайта ашылған тәрізді. Сол себепті осыдан бір жарым айдай бұрын Мақсат Раманқұлов бастаған Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты орынды дабыл қағып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Олардың мәлімдеуінше, мемлекеттік компаниялар жыл сайын зиян шегіп жатқандарына қарамастан, олардың басшылары бонус пен сыйақы алудан тартынатын түрлері көрінбейді. Мәселен, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ күн батареяларын өндіру жөніндегі «KazPV» жобасына мемлекеттің 88 млрд теңге қаржысын жұмсағанымен, оны жекеменшікке небәрі 1,3 млрд теңгеге бере салған. Сөйтіп, осы көпе-көрінеу тиімсіз мәміледен ұлттық компанияға келтірілген залал 86 млрд теңгеден асып түскен. Осындай шығынға батқанына қарамастан, «Қазатомөнеркәсіп» басшылары 2019-2021 жылдары 4 млрд теңгеден астам сыйақы алған.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ да миллиардтаған теңге шығынға батып жатса да, өткен жылы өзінің топ-менеджерлеріне 600 млн теңге бонус төлеген.
Мәжілісмендер квазимемлекеттік сектор еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуығын қалыптастыратынын ескере отырып, ұлттық компаниялардың бүкіл кірісі мен шығысын республикалық бюджеттің бір бөлігі етуді және қоғам мен Парламенттің жария талқылауынан өткізуді, сондай-ақ олардың топ-менеджерлеріне сыйақы төлеу тәртібін қайта қарауды ұсынған. Үкіметтің депутаттарға қайтарған ресми жауабында биыл Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 6 квазимемлекеттік кәсіпорында жүргізген тексерістер нәтижесінде жалпы сомасы 387,1 млрд теңгені құрайтын бюджет заңнамасын бұзушылықтар әшкереленіп, олардың лауазымды тұлғаларының әрекеттерінде қылмыстық белгілер бар аудит материалдары құқық қорғау органдарына тапсырылғаны, сондай-ақ 2024 жылдан бастап Парламентке Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі ұлттық баяндама ұсынылатыны айтылыпты.
Айтпақшы, биылға дейін ұлттық компаниялардың директорлар кеңестерін, негізінен, Үкімет мүшелері мен басқа да жоғары лауазымды тұлғалар басқарып келді. Мысалы, бұрынғы Премьер-Министр Асқар Мамин «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болған еді. Қазіргі Үкімет мұндай практикадан бас тарта бастаған сыңайлы. Бұл – оң нышан. Әйтпесе, қазекемнің «Күлшелі бала сүйкімді...» дегеніндей, топ-менеджерлердің жұмыс нәтижелеріне қарамастан, оларға жүздеген миллион теңге бонус төлеудің тыйылуы екіталай сияқты.