Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, биыл қазақстандық күріш өсірушілер 486,9 мың тонна аршылмаған (шала) күріш жинаған. Рефракцияны ескере отырып, жалпы көлемі 442,5 мың тоннаны құрады. Шала күріштен күріш жармасының шығымдылығы – 50 пайыз. Өңдеуден соң қоймаларға шамамен 221,2 мың тонна түспек.
«Ішкі нарықтың жыл сайынғы қажеттілігі шамамен 165 мың тоннаны құрайды, бұл өндірілген көлемнен аз. Осылайша, былтырғы қалдықтар мен жаңа егіннің болуы Қазақстан халқының күрішке деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті болатынын сенімді түрде атап өтуге болады. Сонымен қатар артық өнім басқа елдерге экспортталады. 2022 жылдың 8 айында 67,8 мың тонна экспортталды.
Сонымен қатар биыл Қазақстан аумағындағы күріштің егіс алқабы 87,8 мың гектарды құрады, бұл 2021 жылғы деңгейден 8,4 мың гектарға аз. Күріш алқаптарының қысқаруының негізгі себебі – вегетациялық кезеңде қажет суармалы су тапшығы мәселесі. Айта кету керек, Үкімет күріш пен мақта дақылдарын азайту мәселесіне өте салмақты қарады, өйткені бұл мәселе әлеуметтік және экономикалық сипатқа ие», делінеді министрлік хабарламасында.
Күріш мелиорациялық дақыл санатына кіруі себепті, инженерлік-дайындалған жерлердің қайталама тұздануына жол бермеу өте маңызды. Бұл үшін бұрын күріш өсірілген жерлерде ылғал сыйымдылығы аз және тұзға төзімді дақылдардың егістіктерінің үлесін арттыру қажет. Осы және ғылыми негізделген ауыспалы егістерді енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр деп мәлімдеді ведомство.