Кейінгі уақытта елімізде шығармашыл жастарды қолдау мақсатындағы түрлі жоба көбейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынып жатқан бастамалар бұл күнде нәтижесін беріп те үлгерді.
Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған Astana Piano Passion республикалық жас пианистер байқауын ерекше атап өткіміз келеді. Күні кеше ғана ел астанасында жеңімпаздары марапатталған өнер додасында есімін ел біле қоймайтын бірқатар талантты пианист жарқырай көрінді.
Биыл тұңғыш рет өткізіліп отырған байқауға 7 жастан 17 жасқа дейінгі жас өрендер қатысты. Нәтижесінде, өз шеберлігімен оза шапқан Алматы қаласынан келген 15 жастағы Жұлдыз Ержеңіс Astana Piano Passion Гран-при иегері атанып, 3 000 000 теңгеге ие болды. Бұл жастар арасындағы шығармашылық бәйгелердің арасында ауқымды сыйлық екенін де айта кетейік. Сондай-ақ бас жүлдегерге «Астана Опера» театрының камералық залында жеке концерт ұйымдастыруға һәм маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен симфониялық концертке қатысуға мүмкіндік берілді.
«Мәдениет саласындағы маңызды бағыттардың бірі – еліміздегі жас таланттарды қолдау, олардың шығармашылығына жол ашу. Бүгін жеңімпаз атанған ұл-қыздарымыз болашақта әлем сахналарын бағындыра алатынына сенімдімін. Алдағы уақытта іс-шара ауқымын бұдан да кеңейтуіміз керек. Себебі музыкада шекара болмайды, кез келген әуеннің тілі барша халыққа ортақ», деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Гала-концертте.
Айта кетейік, байқау қорытындысы бойынша үш жас санаты бойынша үздік музыканттар жүлделі орындарға ие болды. Барлығына ақшалай сертификаттар табысталды. Кіші топта І орын мен 1 000 000 теңге Жансая Оңғарбаеваға (педагог Жанна Здорнова) бұйырды. ІІ орын мен 600 000 теңге Аман Дүйсекеевке (педагог Мензия Даукеева) берілді. ІІІ орын мен 400 000 теңгені Бексұлтан Көпбай алды (ұстазы Хадича Бекишева). Сондай-ақ Тимур Левушин байқаудың дипломанты атанды (педагог Анна Пестова).
Ал орта топта І орын мен жүлделі 1 500 000 теңгені Александр Волокитин иеленді (педагог Светлана Корнева). ІІ орын мен 900 000 теңгені Айтөре Азаматұлы мен Айдар Шайхов өзара бөлісті. Олардың оқытушылары – Гүлнар Пак және Шолпан Қаражігітова. ІІІ орын мен 600 000 теңге Марлен Алдабаевқа, Дулати Лия мен Төлеміс Альтаирге бұйырды (педагог Мария Ященко). Бұдан бөлек бірқатар жас пианист арнайы дипломмен марапатталды.
Ересек топтағы І орын мен 2 000 000 теңгені Батыржан Танкеев жеңіп алды (ұстазы Сара Шәкірқызы). Ал 1 200 000 сыйақысы бар ІІ орынды Даниал Дүйсембаев пен Мхитарян Ашот бөлісті (педагогтер – Светлана Сұрапбергенова және Александра Наумова). 800 000 теңгені құраған ІІІ орынды Бекмырза Жанас пен Тимофей Өтегенов иеленді (оқытушылар – Дана Әли және Алтай Құсайынов). Мұнда да бірқатар қатысушы дипломант атанып, арнайы дипломдар табысталды.
Ал «Үміт» арнайы сыйлығы Жандар Серікханға тапсырылды.