• RUB:
    5
  • USD:
    488.91
  • EUR:
    532.62
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қараша, 2022

Кардиология институтында алғаш рет жүректің жасанды қарыншасы салынды

397 рет
көрсетілді

Алматыда алғаш рет Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да 60 жастағы пациентке жүректің жасанды сол жақ қарыншасы (LVAD) имплантацияланды. Бұған дейін жүректі механикалық қолдау бағдарламасы Астана қаласындағы Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығында енгізілген болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгінгі таңда жер бетінде 26 миллион адам жүрек функциясының жеткіліксіздігінен зардап шегеді, бұл кесел пациенттердің 20%-да өршиді. Жыл сайын осы дерттің салдарына байланысты 1 млн адам ауруханаға жатқызылады.

Жүрек функциясының жеткіліксіздігі – жүрек бұлшықеті ағзаның қан мен оттегіге қажеттілігін қанағаттандыру үшін жеткілікті мөлшерде қан айдай алмайтын созылмалы прогрессивті ахуал. Науқасты ентігу, кеуденің қысылуы, аяқтың ісінуі, бүйрегі мазалайды. Асқына келе мұның соңы ажал құштыруы мүмкін.

Созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі қатерлі ісіктен кейінгі өлім-жітімге жетелейтін аурудың бірі. Ал LVAD имплантациясы ауыр СЖЖ диагнозы қойылған науқастарды емдеудің жаңа дәуірі десек те болады.

«Имплантацияланатын жүрек сорғысы жүрекке қанды бүкіл ағзамен айдауға көмектеседі және СЖЖ белгілерін жеңілдетеді. Жүректің қызметі де жақсарып, науқасқа жүрек трансплантациясын күтуге мүмкіндік береді. Кейбір науқастар үшін бұл өмірді ұзартудың жалғыз мүмкіндігі», дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы, профессор Роза Қуанышбекова.

Клиника басшысының айтуынша, екі түтігі бар, біреуі қолқаға, екіншісі жүректің сол жақ қарыншасына қосылған шағын сорғы сол жақ қарыншаның қызметін атқарады. LVAD өмірді ұзартуға, бұрынғы қалпына оралуға мүмкіндік береді. Жасанды жүрегі бар науқастың басқа адамдардан айырмашылығы – оның тамыр соғысы болмайды.

«Бұл операцияны клиникамыздың кардиохирургтары Астанадағы Ұлттық кардиохирургиялық ғылыми орталықтағы әріптестерімен бірге жасады. Біз жүрекке жоғары технологиялық операциялардың барлық түрлерін жасаймыз. Келешекте жүрек патологиясын емдеудің  жаңа заманауи әдістерін ұлғайтуды және одан әрі енгізуді жоспарлап отырмыз», дейді Роза Тохтанәлиқызы.

«Көмекші механикалық құрылғыны имплантациялауға көрсеткіштер – бұл  шунттау, клапандарды протездеу, кардиостимуляторды имплантациялау немесе дәрі - дәрмекпен емдеу сияқты басқа емдеу түрлері көмектесе алмайтын жүрек ауруының ауыр немесе терминалдық сатысындағы пациенттер», деді ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.