• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 28 Қараша, 2022

Заманауи үлгідегі мектептер

1099 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары мектептердегі орын тапшылығы көкейкесті мәселеге айналғаны белгілі. Әсіресе шағын аудандарда тұратын оқушылардың жайлы мектептерге жетуі қиындап кеткен еді. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытындағы жұмыстардың бірі ретінде Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы «Достық» шағын ауданында №208 және Алатау ауданындағы «Ботакөз-2» шағын ауданында №209 мектеп-гимназиясы ашылды.

Жаңа мектептердің ашылу салтанатында Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева қалалық әкімдік тарапынан мектеп салу ісінің жалғасып жатқанын жеткізді.

«Ішкі-сыртқы миграция, демогра­фиялық ахуалды ескеретін болсақ, қалада оқушы саны жыл сайын 13-15 мың балаға көбейіп келеді. Бүгінде оңтүстік астанада 210 мемлекеттік мектеп жұмыс істейтін болса, оқушы орнының тапшылығы 29 мыңнан асады. Осы орайда келесі оқу жылынан бастап «Жайлы мектеп» жобасы жалғасын тауып, 22 мектеп салынады, 37 мыңнан аса оқушы орны ашылады. Бұған қоса 1000 мектеп жобасына орай 2025 жылға дейін 36 мектеп құрылысы жүргізіледі», деді Л.Жылқыбаева.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, қаладағы үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілген. Жер те­лім­дерінің тапшылығына байланыс­ты ор­талық аудандарда жаңа мектеп салу­мен қатар жапсарлас құрылыстар салу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Осы орай­да биыл 5 ғимарат қолданысқа берілсе, жыл­дың аяғына дейін төртеуі іске қо­сы­лады. Сонымен қатар балаларды мектепке тасымалдау мәселесі де бірте-бірте ше­шіліп келеді. Ата-аналардың сұра­ны­сына байланысты 70-тен аса мектеп­­тен өтініш түскен. Қазіргі кезде «То­­ми­рис» шағын ауданындағы №205 мек­­теп­те қанатқақты жоба іске асуда. Қар­­жы­­лан­дыру жағы шешілетін болса, қоғам­­дық көлік жүрмейтін аудандарда келер жылдың қаңтарынан бастап оқушы­ларды мектепке тасымалдау қолға алынады.

Жаңадан ашылған білім ошақтарында бір ауысымда 3 мыңға жуық оқушының білім алуы қарастырылған. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балаларға да қолайлы жағдайлар бар. Бүгінде қала бойынша 2 мыңнан аса ерекше қажеттіліктері бар балалар болса, олар 8 арнайы интернаттармен қатар өзге де білім ошақтарында білім алуда. Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму бағдараламасына сәйкес инклюзивті ортада сабақ беретін мыңнан аса мұғалімді жыл сайын оқытып отыру көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта №208 мектеп-гимна­зия­сындағы 37 сыныпта 960 оқушы қазақ тілінде білім алады. Заманауи оқу ғима­ратында толықтай жабдықталған 8 блок, 72 оқу кабинеті бар. Бастауыш және 5-9, 10-11-сынып оқушылары арнайы блок­тарда оқиды. Мектепке Гүлбада Әде­нова басшылық етеді. «Ботакөз-2» шағын ауданындағы №209 мектепте 2 851 оқу­шы білім алуда. Бұл мектептің директоры – Нұрлан Адамов. Сынып саны – 109. Оқушылар қазақ және орыс тілдерінде білім алады. Мектепте панорамалық әйнектелген 77 оқу кабинеті интерактивті панельмен, smart тақта және заманауи модификациядағы жиһаздармен жабдықталған. Эргономикалық интерьермен ерекшеленетін мектеп дәліздері мен кеңселері кең.

Заманауи мектептерде медиатека, кітапхана, сыртқы спорт алаңы мен ойын алаңдары оқушыларға қолайлы етіп жасалған. Биология, химия, физика кабинеттері зертханалар, практикалық жұмыстарға қажетті көрнекі құралдармен қамтамасыз етілсе, арнайы станоктармен жабдықталған ағаш және металл шеберханаларында, саз бен қышты өңдеуге арналған құралдарда оқушылар зор қызығушылықпен жұмыс істейтіні сөзсіз. Аспаздық кабинеттер, мата өңдеу және технология шеберханалары қыз балалар үшін қолайлы. Спорт залдар soundex дыбыс өткізбейтін панельдерімен қапталып, sonaspray бүріккіш құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Заманауи асхана да ерекше әрленген. Face ID зама­науи жүйесімен жабдықталған мектепте балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Ата-аналарға да қолайлы жағдайлар қарастырылып, балалардың мектепке кіріп-шыққаны туралы хабарлама ала алады.

 

АЛМАТЫ