Бұл күндері Кореяның бас шаһары – Сеул мен Инчон қаласында гандболдан XIX Азия чемпионаты өтіп жатыр. Сары құрлық додасына қатысып жатқан Қазақстанның әйелдер құрамасы жарыстың кезекті күнінде Тайландты тізе бүктірді.
Азия біріншілігінің «В» тобында бақ сынап жатқан жерлестеріміздің бұл – чемпионаттағы екінші жеңісі. Бұған дейін қазақстандық гандболшылар екінші турда Гонконг құрамасынан басым түскен болса, алғашқы турда Қытай спортшыларына есе жіберген еді. Бұл жолы Тайландтан айласын асырды – 30:24. Екі жеңістен кейін Қазақстан құрамасы өз тобында үшінші орында тұр. Қыздарымыз соңғы турда (30 қарашада) Жапониямен кездеседі.
Құрлық додасы 4 желтоқсанда мәресіне жетеді. Биылғы Сары құрлық додасында үздік шыққан 5 құрама 2023 жылғы 30 қараша мен 17 желтоқсан аралығында Дания, Норвегия және Швецияда өтетін XXVI әлем чемпионатына жолдама алады.