Жуырда Шымкентте «жасыл қала» атты арнайы акция ұйымдастырылды. Осынау экологиялық іс-шара аясында мегаполистегі Қаратау ауданына қарасты Шымсити мен Тұран шағын аудандары көгалдандырылды. Атап айтқанда, көше аумақтарында 15 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылды.
Бұл акцияның өтуіне қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы ұйытқы болды. Шымсити мен Тұран шағын аудандарында ұйымдастырылған сенбілікке 650-ден астам қызметкер мен ерікті қатысты. Олардың ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты мекемелерден 146 қызметкер 2 мың дана тал-дарақ екті. Сонымен бірге тұрғын үй басқармасы мен оған бағынысты мекемелердің 60 қызметкері де мыңнан астам шыбық шаншыды. Ал аудан әкімдіктерінен сенбілікке 100 қызметкер шығып, 2 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызды.
Қысқасы, сенбі күні ұйымдастырылған «жасыл қала» акциясына жоғарыда аталған мекемелерден бөлек қалалық спорт, сәулет қала құрылысы және жер қатынастары, дін істері, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер, сондай-ақ жайлы ортаны дамыту басқармаларының қызметкерлері белсене атсалысты. Жалпы, сенбілікте 600-ге жуық қызметкер көшет егу іс-шарасына қатысып, 6 арнайы техниканың қызметі пайдаланылды.
Ал жексенбі күні Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тағы бір экологиялық іс-шараны қолға алды. Бұл жолы аталған мемлекеттік органға қарасты «Дендросаябақ», «Жасыл белдеу» қызметкерлері және «Жасыл жер» мердігер мекемесінің жұмысшылары бірігіп, қала ішінде сенбілік өткізді. Соның аясында шаһардағы Шымсити шағын ауданында жабайы алма, емен, үйеңкі және жабайы өрік сынды жалпы саны 5 мыңға жуық тал көшеті отырғызылды. Мұнымен қоса, көгалдандыру акциясына 4 техника, атап айтқанда, 2 су тасымалдаушы көлік пен 2 көшет тасымалдаушы трактор жұмылдырылды.
Өтіп бара жатқан күз айының соңғы сенбісінде мегаполистің басқа да аумақтарын сенбілік акциялары ұйымдастырылды. Мәселен, шаһар іргесіндегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына баратын жолдың бойына Еңбекші ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, «Мұрагер» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Бейбітшілік шарты әскери күштері» ардагерлері және «Оңтүстік» АЭА жұмысшылары ұйымдасып, 1 800-ге жуық әртүрлі ағаш көшетін екті.
Күздің қара суығында көшет қондырған қалай болады, тал-дарақ үсіп кетпей ме деген сауалға қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Әбдіқадыров керісінше, шыбықтар көктемде егілсе тамыр алып кетуі қиынға соғады деген жауабын алдық.
– Қазір талдар қысқы ұйқыға кетті. Осы кезді пайдаланып егіп алған жөн. Одан бұрын отырғызылған көшеттер солып қалуы мүмкін. Сондықтан біз әдейі ағаштардың жапырақтары сарғайып түсіп, ұйықтаған мезгілін күттік. Бұрын шаһарда тек бірыңғай қарағаш егілетін. Бұл шыны керек, қалаға онша көрік бермейді. Оның үстіне саясы да аз. Сол үшін арнайы тұқымбақта өсіріліп, өзіміздің климатқа әбден жерсіндірілген емен мен үйеңкі талдарының көшеттерін егіп жатырмыз. Бұлар әрі қала көркіне сән береді, әрі жапырақтары үлкен болған соң түбінде саялауға да жақсы. Сонымен бірге бүгінгі таңда ағаш көшеттерін сатып алу бойынша қосымша қаражат қарастыру мәселесі де жергілікті әкімдік тарапынан қаралу үстінде, – деді маман.
ШЫМКЕНТ