• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 29 Қараша, 2022

Бразилия мен Португалия плей-оффта

156 рет
көрсетілді

Футболдан Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші тур ойындары мәресіне жетті. Әлемдік теңбіл доп мерекесінің жетінші күнінде жанкүйерлер G және H топтарындағы құрамалардың матчын тамашалады. Атап айтқанда, G тобының алғашқы кездесуінде Камерун мен Сербия, екіншісінде Бразилия мен Швейцария шеберлік байқасты. Ал H тобының квартетінде Корея мен Гана, Португалия мен Уругвай құрамалары жасыл алаңда жолықты.

Бұған дейінгі әлем чемпионаттарының тарихына көз жүгіртер болсақ, екінші турдан кейін-ақ бірқатар құраманың плей-офф кезеңіне жолдама алғаны, турнирмен қоштасатын аутсайдерлер белгілі болып қоятын. Ал Қатардағы доп додасының 2-турынан кейін небәрі үш құрама ғана келесі кезеңге шықты. Олар: Франция, Бразилия және Португалия. Жарыс қожайыны Қатар мен Канада әлем чемпионатындағы жорығын топтық кезеңнен аяқтайтын болды. Десе де, әлі 27 құраманың келесі кезеңге шығу мүмкіндігі сақталып тұр. Бұл – футбол жанкүйерлерін кеше басталған үшінші турда бірінен бірі өтетін тартысты матчтар күтіп тұр деген сөз.

G тобының екінші турында Камерун мен Сербия құрамалары бір-бірінің қақпасына үш голдан соқса да, екеуі де үш ұпай олжалай алмады. 2019 жылы пайдалануға берілген «Әл-Жануб» стадионында өткен кездесу 3:3 есебімен тең аяқталды. Бұл – екінші турдағы матчтарда ең көп гол соғылған және ең ірі есеп тіркелген жалғыз матч болды. Кездесудің есебін 29-минутта Камерун құрамасының орталық қорғаушысы Жан Кастеллетто ашты. Бұрыштамадан асырылған доп бірінші Николя Н’Кулудың басына тиіп, кейіннен Кастеллеттоның аяғынан табылды. Қақпаның алдында қараусыз тұрған Жан Сербия қақпасына оп-оңай гол соғып кетті.  

45 минут бойы таразы басын теңестіре алмаған сербиялықтар бірінші таймға қосылған алты минуттың ішінде екі гол соғып, таразы басын теңестіріп қана қомай, есепте алға шығып алды. 46-минутта Страхинья Павлович айып добынан асырылған пасты нәтижелі аяқтаса, арада екі минут өткенде Сергей Милинкович-Савич бұрыштамадан гол соқты.

Екінші тайм басталған бетте Сербия футболшылары тағы да камерундықтарды қапы қалдырды. 51-минутта еуропалықтардың ком­би­нациялық шабуылын Александар Митрович голмен түйіндеді – 3:1. Кейіннен Камерун фут­болшылары алаң ортасында белсенді ойнай бастады. Сөйтіп айналдырған үш минутта африкалықтар таблодағы көрсеткішті 3:3-ке жеткізді. 63-минутта Венсан Абубакар мерген­дігімен көзге түссе, 66-минутта Эрик Максим Шупо-Мотинг ойынның нүктесін қойды.

«Stadium 974» стадионындағы екінші матч­та Бразилия Швейцарияны бір доп айырмасымен жеңіп (1:0), Францияның соңынан екінші болып плей-офф кезеңіне шықты. Еуропада Италиядан кейін қорғаныста сауатты ойнайтын швейцариялықтар бұл матчта Бразилия құрамасының шабуылшыларын әбден әбігерге салды. Бірінші таймда бес дүркін әлем чемпион­дары гол соға алмағанымен, екінші таймда бәрібір өз дегендеріне жетті. Алғашқы турда Сербия қақпасына екі гол соққан Ришарлисон бұл матчта да мергендік танытқан еді. Алайда төреші гол соғылған сәтті VAR арқылы қайта қарап, Ришарлисонның ойыннан тыс қалғанын мәлімдеп, соғылған голды есептемей қойды. Десе де матчтың аяқталуына санаулы минут қалғанда Каземиро өзінің жойқын соққысымен көзге түсіп, командасын 1/8 финалға шығарды.

H тобының алғашқы ойынында Корея футболшылары Африканың төрт дүркін чемпионы Гана құрамасын жеңе алмады – 3:2. Қатардың Әл-Раян қаласында орналасқан «Эдьюкейшн Сити» стадионында 100 минутқа жалғасқан матчтың бірінші таймында Гана футболшылары айқын басымдық танытты. 24-минутта Мұхаммед Салису нысананы дәл көздесе, арада 10 минут өткенде Мұхаммед Кудус кореялық қақпашыны қапы қалдырды – 2:0.

Екінші тайм басталған бетте Корея құрамасының шабуылшысы Чжо Гю Сон екі бірдей жылдам голының арқасында таразы басын теңестіріп, Гананың қарқынын қайтарғандай болды. Дегенмен, кореялық футболшылардан камбэк күткен жанкүйерлердің қуанышын 68-минутта Мұхаммад Куддус су сепкендей басты. Ойындағы екінші голын соққан ол командасына үшінші тур ойындары алдында маңызды үш ұпай сыйлады.

Екінші турды Португалия мен Уругвай құрамалары түйіндеді. Бірінші турда Гана құрамасын 3:2 есебімен әрең жеңген португалиялықтар бұл турда Уругвайды еш қиындықсыз тізе бүктірді – 2:0. Бірінші таймда 2016 жылғы Еуропа чемпиондары допқа иелік ету бойынша айқын басымдыққа ие болғанымен, қарсыластары қақпасына небәрі бір ғана дәл соққы бағыттай алды. Сөйтіп бірінші таймда бірде-бір гол көрмеген жанкүйерлер екінші таймда екі голдың куәсі болды. 54-минутта «Манчестер Юнайтед» пен Португалия құрамасының жартылай қорғаушысы Бруну Фернандеш гол соққанда қызық жағдай тіркелді. Алғашында Фернандеш тепкен допты Криштиану Роналду баспен қақпаға бағыттап жібергендей көрініп, матч хаттамасына Роналдудың есімі жазылған-ды. Кейіннен бұл голға Криштианудың еш қатысы жоқ екені анықталып, ойын хаттамасына Бруну Фернандештің есімі жазылды. Кездесудің соңында төреші Уругвай қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Оны Бруну сәтті орындады. Осылайша, екі ойында 6 ұпай жинаған Португалия плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын шыққан үшінші құрама атанды.