• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Елорда 29 Қараша, 2022

Есірткіге қарсы акция

602 рет
көрсетілді

Жастар – ел болашағы. Сондықтан бәсекеге қабілетті, дені сау ұрпақ қалыптастыру мәселесі қашанда назардан түспейді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жастар есірткіге қарсы! Біз саламатты өмір салтын қолдай­мыз!» деген ұранмен өткен акция да соның дәлелі болса керек.

Іс-шараны ұйымдастыруға Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Саламатты өмір салтын қалып­тас­тыру орталығы, ЖИТС орта­лығы және №3 қалалық емха­наның «Жас Толқын» жастар денсаулық орталығының мамандары мұрындық болды.

Осы күні акция өтетін залдың маңында «Денсаулық бұрышы» ұйымдастырылып, онда студент­тер мен акцияға келген қонақтар уролог, психолог, гинеколог дәрі­герлерден кеңес алды. Сондай-ақ қант диабетіне, ЖҚТБ-ға (Жұқтырылған қорғаныш тап­шы­лығының белгісі) жедел тест тапсырған студенттер де аз бол­мады. Жастарды саламат­ты өмір салтын ұстануға шақыр­­ған іс-шарада нашақорлық салда­рымен қатар есірткі саудасы­мен айналысқандарға тағайын­далатын қылмыстық жаза жөнін­де жан-жақты айтылды.

– Бүгінгі акцияның мақсаты жастарды саламатты өмір салтын ұстануға шақыру болды. Негізі осындай іс-шаралар жергілікті әкімдіктің бастамасымен жос­парлы түрде ұйымдастырылады. Бүгін жастарға есірткінің зиян екенін, оны саудалағандарға заң үкімі қатаң екенін барын­ша түсіндірдік. Қазір жастар нашақорлықтың қандай қиын­дыққа апаратынын әлеуметтік желіден біледі деп ойлаймыз. Сол үшін де жастар есірткіден бас тартуы керек. Өйткені синтетикалық есірткі тұтынғандар өзінің зиян­ды заттың жетегіне қалай ер­генін білмей де қалады. Ал заң бойынша есірткі саудасы­мен айналысқандар, яғни есірт­кі сақтап, сатқан немесе жар­нама­лағандар жазадан құ­тыл­майды. Міне, осылайша біз жастарға нашақорлықтан келе­тін қауіп-қатерлерді барынша түсіндірдік деп ойлаймыз, – дейді Астана қаласы полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының нашақорлықтың алдын алу, ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің басшысы Сергей Ильинов.

Ізін ала ЖИТС орталығының маманы Ажар Тұрымова студенттерге ЖИТС-тің белгілері және сақтану жолдары туралы айтып берді. Спикер ЖИТС тура­лы білмейтін жастардың көп екенін еске салып, аурудың осы түрі наша­қорларға қан арқылы тарау қаупі бар екенін түсіндірді. Осы тұста Астана қаласы бойынша саламатты өмір салтын қалып­тастыру орталығының директоры Қанат Хамзин жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстары өзекті екенін ескертті.

– 26 маусым есірткі мен нашақорлықтың заңсыз айналымына қарсы халықаралық күн деп белгіленген. Бірақ біз мұндай акцияларды бір күнге теліп қоймай, жылына бірнеше рет ұйымдастырамыз. Қазір есірт­кі қолданатындарды былай қойғанда, жастар арасында есірткі саудасымен айналысатындар көбейіп барады. Заңсыз әрекетке батылы жеткендерге жаза қатаң. Жастар соны ұғын­са екен дейміз. Студенттер есірткі­нің зияны және қылмыстық жауапкершілік туралы ақпаратты мамандардың өзінен естіген соң, түйсігіне жетеді деп ойлаймыз. Біздің орталық балабақшадан бас­тап, мектеп, колледж, жоға­ры оқу орындарында жиі кездесе­тін аурулардың алдын алу шараларын өткізеді. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жастар, тіпті оқушылар арасында электронды темекі тұтынатындар көбейген. Енді осыған ата-ана немесе мектеп жауапты деп шектел­мей, қоғам болып ықпал етуіміз керек деп ойлаймын, – дейді ол.

Іс-шарада құқық қорғау және медицина саласының мамандары студенттермен еркін пікір алмасып, сұрақтарына жауап берді.