• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Пікір 30 Қараша, 2022

Көп біріксе – күш

194 рет
көрсетілді

Қазір әлемде жаһандық жойқын жаңғырулар болып жатқаны жасы­рын емес. Шынтуайтында, үшінші дүниежүзілік соғыстың салқы­ны да, ызғары да сезіледі. Украина аспанын ыдырау мен ымыра­сыздық­тың қара бұлты торлап тұр. Жүз мыңдаған босқындар үмітсіздіктен Ресейді тастай қашып, шартарапқа шашырап, үдере көшуде.

Әлемдік тәртіп пен халық­ара­лық теңгерім түбегейлі өзге­ріске ұшырауда. Жер-жаһан мұздай құрсанып, жаппай қаруланудан жарыс жүріп жатқан жайы бар. Күні кешегі үйрен­шікті үйлесімдеріміз бен қалаулы құндылықтарымыз қатыгез сынақтардың құрсауында қалды. Теледидарлардың көгілдір айналары мен компьютерлердің мөлдір мониторлары күннен-күнге түнере түсіп, өртке оранған ұшақтар мен танк қаңқаларын, тас-талқаны шыққан үй-жай­лар мен ғимараттардың үйінді­лерін, ажал құшқан Украина және Ресей жауынгерлерін көрсетуде. Әлбетте, бұл бүгінгі әлемнің ешбір әсірелеусіз бет-бейнесі.

Тап қазір Қазақстан да аса күр­делі таңдаудың алдында тұр. Таразы басында, бүгінгі уақыт талқы­сының уысында біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы бар. Еліміздің ертеңінің де президент сайлауында кімді таңдауымызбен тіке­лей байланыс­ты екені анық. Билік басына танауынан әрі­дегіге танымы жетпейтін мың құбыл­ған сумақайлар мен алаяқ­тар, қызыл сөзді қымыздай сапыр­ған сөзуарлар мен желбуаз ділмарлар келе ме деп қорық­тық. Бар халқымыз үшін стра­тегия­лық үлкен ұтылысқа ұры­ну, барша қазақ пен бүкіл қазақ­стандықтардың біржола жеңіліс табуы оп-оңай еді.

Бұл жағдайды біздің «Азамат – азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігі жақсы түсініп, бола­шақты ақылмен бағамдауға өнер адамдары мен зиялыларды жұмылдырып отыр.

Сондықтан да кешегі президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың басым бөлігінің қолдауына ие болуы – елдің ниеті, арманы дей аламыз. Дипломат қайраткердің, аса қиын жағдайда үш жыл елдің бас иесі болған азаматтың орасан зор тәжірибесін біліп, тұлғалық тереңдігін танығандықтан да халық шешімін – тарихи таңдау деп санаймыз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – алты тіл меңгерген майталман, тамаша елші. Ол бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хат­шысының орынбасары лауазымында болған бірегей жады мен энциклопедиялық білімнің иесі ғана емес, қарапайым халықтың шын жанашыры, ел мүддесі үшін еңбек сіңіріп жүрген ерен саясаткер.

Ол – беймаза шақта Қазақстан мем­лекеттігінің кемесін тула­ған теңіздердің бейберекет тол­қын­дарынан жайлы ағыстарға алып шығуға қарымы мен қауқары жететін, жаймашуақ жағалауларға бастауға қабілетті қайраткер.

«Азамат – азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігі сайлау додасы басталғанда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барынша қолдау көрсетіп, оның елдегі саяси реформаларды іске асыратын, жемқорлықпен күрес жүргізетін және көпвекторлы сыртқы саясат бағытын әрі қарай дамытатын бірден-бір тұлға, көшбасшы деп таныды және солай насихаттады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болып көрмеген, енді ғана тарих сахнасына шығып тұрған қазіргі алмағайыптар кезеңінде Қазақстан халқы үшін сыртқы сая­сатта дұрыс таңдау жасап, алыс һәм жақын көршілерімізбен стра­тегиялық серіктестік пен ынты­мақтастық байланыстардың алтын көпірлерін қалыптастыруға ұмты­лу аса маңызды екені дау тудыра қоймас. Біз сыртқы саясаттағы осынау дүдәмал дүрбелеңдерден мейлінше аз шығынмен, мүмкін­дігін­ше мол табыспен шығуға тыры­сып бағуымыз керек. Жара­ту­шы Иеміз алқалап, әлемдік сая­си ахуалдың өзі Қазақстанның посткеңестік кеңістікте дәргейлі дәулетке айналып, гүлденген де дамыған мемлекет болуына сирек мүмкіндікті ұсынып тұрғандай. Біз болсақ, Қазақстанның мемле­кеттігін нығайтып, елді күшейте түсу Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан келетініне еш күмән келтірмейміз және сарабдал саясаттың сардарына үлкен сенім артамыз.

Иә, экономикамыз бен өндірі­сіміз еңсесін көтере алмай тұр. Бірақ Мемлекет басшысының бағдарламасы осы қиындықты еңсереді деп сенеміз. Өнер мен мәдениет саласы осы жолда рухани демеу, идеологиялық жәрдемші болуға даяр. «Көп біріксе – күш». Бұл бастамамызды басқа салалар да қолдайды деп ойлаймыз.

 

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ,

Қазақстан Республикасының халық әртісі,

 

Серік МАЛЕЕВ,

«Азамат – азаматтық бастама» бірлестігінің төрағасы