Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы «Ордабасы» клубының жартылай қорғаушысы Эльхан Астановқа жылдың ең үздік ойыншысына берілетін Тимур Сегізбаев атындағы сыйлықты тапсырды.
Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы маусым және шілде айларында қатарынан екі рет ҚПЛ-дың үздік футболшысы атанған болатын. Астанов ел біріншілігі аясында 26 ойын өткізіп, 7 голдың және 6 нәтижелі пастың авторы атанды. Сонымен қатар ол Қазақстан кубогінде 8 матчқа қатысып, қанжығасын 3 гол және 3 нәтижелі паспен майлаған еді.
22 жастағы футболшы өзінің нәтижелі ойынының арқасында «Ордабасы» клубына Қазақстан кубогін жеңіп алуға көмектесті. Сондай-ақ Эльхан Қазақстан құрамасы сапында биыл 5 ойында алаңға шығып, 1 гол соқты. Сонымен қатар әріптестеріне бір мәрте нәтижелі пас берді.