• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Дін 30 Қараша, 2022

Дін мен діншілдік – екі бөлек ұғым

752 рет
көрсетілді

2019-2022 жылғы зерттеу мәліметтеріне зер салсақ, Шымкентте жастар арасындағы діндарлық 2 пайызға өскен, ал деструктивті діни ағымдардың жете­гінде кеткен жастар саны төмендеген. Мұн­дай деректер қала­л­ық Дін істері бас­қар­масының ұйым­дастыруымен өткен «Жастар арасындағы дін мен діншілдік» та­қы­рыбындағы рес­пуб­­ликалық ғылы­ми-тәжірибелік форумда айтылды.

Форумға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің өкілдері, аймақтық Дін істері және қоғамдық даму басқармасы басшылары, имамдар, ҚАЖД өкілдері, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – жастарды деструктивті діни идеологиялардың ықпалынан сақтау, қауіптің алдын алу, жастар арасындағы дін мен діншілдік тақырыптарын талқылау.

Жиынды Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ашып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Форум барысында Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжәлі қажы Мырзабаев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаева, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Омар Темірбеков және ҚМДБ «Балаби қари» Құран жаттау орталығының директоры Арман Қуанышбаев, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының кеңесшісі Алим Шауметов баяндама жасады.

Баяндамашылар тәуелсіздікпен бірге жетпіс жыл бойы кеңес одағы тыйым салған асыл дініміздің қайта оралғанын, 90-жылдардың басы «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді» деп айдар таққан, тәуелсіздікке тәубе айтқан, ұлттың рухани жаңғырған, қайта түлеген кезеңі болғанын атап өтті. Спикерлер елімізде осы жылдардан бастап мешіттердің саны көбейіп, дінді ұстанушылардың саны артқанын алға тартты. «Дегенмен осы үрдісті сыртқы күштердің, кейбір теріс пиғылды топтардың өз мақсаттарына пайдаланғаны рас. Әсіресе әлі оң-солын танымаған жастардың теріс ағымдардың жетегінде кеткені жасырын емес. Мұның салдары жеңіл болған жоқ. Тіпті қасіретке апарып соқты десек қателеспейміз. Бұған Алматы, Тараз, Ақтөбе сияқты Қазақстанның бірнеше қаласында «сақалдылардың» салған сойқаны, теріс ағымдардың террористік актілері куә. Көптеген қандас бауырларымыз теріс түсініктердің жетегіне еріп, Таяу шығыс елдеріне кетті», дейді мамандар.

Осы және өзге де өткір мәселелер талқыға салынған форум соңында жастарды теріс ағымдардың қаупінен сақтандыру үшін алдын алу жұмысы айқындалып, оның орындалу тәртібі шешілді.

Форумды өткізуге ЖК «Нұр­маш», «Ақ-Ниет» ақпараттық-насихат­тау және оңалту қоғамдық қоры», Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті қолдау көрсетті.

 

ШЫМКЕНТ