• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қараша, 2022

Үйлі болған үлескер көп

281 рет
көрсетілді

Астанада жылдар бойы құрылысы тоқтап тұрған нысандар баршылық. Күрделі мәселеге жергілікті әкімдік пен қала халқы алаңдаулы. Мәселенің шешімі ретінде қала әкімдігі осыдан 5 жыл бұрын құрылысы тұралаған нысандар туралы жақсы бас­тама көтерген еді. Ізінше несиелік қаражат есебінен мерзімінен әлдеқайда кешіккен құрылыс жобаларын қаржыландыру мақсатында Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС уәкілетті ұйымы құрылды.

Әрине, кез келген түйткілді шешу үшін мәселенің байыбына барып, дұрыс шешім қабылдау маңызды. Бұл ретте құрылысы тоқтап тұрған нысандарға қа­тыс­ты сауалдарды талдау әкім­­­дік жанынан құрылған үлес­тік құрылыс мәселелері жө­ніндегі ведомствоаралық комис­сияның құ­зырында екенін айта кеткен ләзім. Яғни сақалды құ­ры­­­­­лыстарды зерделеп, соның ішінде шешімі күрделі құрылыс ны­­сандарын қаржыландыруды ко­­миссия нақтылайды.

«Елорда құрылыс компания­сы» серіктестігі іске кіріскен тұста ең әуелі үлескерлері ең көп «Шығыс» және «Жағалау» тұрғын үй кешендерінде құ­рылыс-монтаждау жұмыс­тары қайта жанданды. 2019 жылы елордадағы проблемалық құ­ры­лыс нысандарының қата­рында 150-ден аса үй болған (16 мыңға жуық үлескер). Сол жылы 10 нысанда 13 үйдің құ­рылысы аяқталып, 2,5 мың­нан аса үлескер көптен күт­кен пәтерін алған. Ал 2020 жылдың қорытындысы бойынша 14 нысандағы 20 үйдің құрылысы аяқталып, 3 мыңға жуық үлескердің мәселесі ше­шілген. Ол ол ма, былтыр 57 үйдің үлескерлері қоныс тойын тойлаған. Нақтырақ айтсақ, 7 мыңнан аса отбасы көптен күткен пәтерін алған. Осы бағыттағы оң жұмыстар биыл да үзілмеді. Қазір елордада мерзімі кешеуілдеген 30 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Енді көп ұзамай сол үйлер пай­да­лануға берілсе, онда тағы 2 мың үлескер пәтер кілтін алады. «Елорда құрылыс компания­сы» ЖШС баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 2023-2024 жылдары тағы 30 үйдің құрылысына қатысты шаруалар реттелсе, 2 мың үлескердің мәселесі шешіледі.

Аталған компания жергілікті әкімдікпен бірлесіп құрылысқа салынған мемлекет қаржысын қайтаруда да маңызды рөл ат­қа­ру­да. Айта кету керек, уәкі­летті ұйым үлескерлердің мәсе­лесін шешумен шектелмей, елорда халқының әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге көмектесіп жатыр.

Осыған дейін Астана қаласы­ның әкімі Алтай Көлгінов қа­лалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында құрылысы ке­шеуіл­деген нысандардың қашан пай­далануға берілетінін айтқан еді.

«Біздің алдымызда 16 мың үлескер отбасының мәселесін шешу міндеті тұрды. Бұл – жай ғана сандар емес, ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтер­лер­ді аралап жүрген біздің тұр­ғын­дардың тағдыры. Олар бұ­рында-ақ өз үйлеріне кіруге тиіс болған. Биыл құрылысы ұзаққа созылған тағы 30 көппәтерлі тұрғын үйді салып бітіруді жос­парлап отырмыз. Ұзаққа со­зыл­ған құрылыстардағы жұ­мыс­тың аяқталуы – Мемлекет басшысының бақылауында. Жыл соңына дейін аяқталатын «сақалды» құрылыс саны 150-ден 120-ны құрайды, үлескерлер саны 15 мың отбасыдан 2 мың отбасыға дейін қысқарады. Соған қарамастан, тағы 30 «са­қал­ды» құрылыс қалып отыр. Олардың құрылысын аяқтау бойынша нақты жоспарланған мерзім бар», дейді А.Көлгінов.

Қарап отырсақ, бірер жылдың ішінде Астана қаласында «сақал­ды» құрылыстардың саны еселеп азайған. Үлескерлердің мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Мысалы, 70 жастан асқан қария Ислам Қабдолұлы жылдар бойы күткен пәтеріне қол жеткізгеніне дән риза.

«2014 жылы сәуір айында «Шаңырақ» тұрғын үй кешенінің басшысымен кездескенімізде үй жарты жылда соғылып, пай­далануға беріледі деп уәде берген еді. Содан не керек, 2 бөл­ме­лі үйге 10 млн теңге ақша ауда­рып, күттік. Күзге жеттік. Үй жоқ. Компания банкрот болып, біз сырт қалдық. Кейін «Алға Самал» деген тұрғын үй құрылыс кооперативін аштық. Содан кейін үкімет ақша бөліп, «Елорда құ­ры­лыс» компаниясының кө­ме­гімен Нұрғиса Тілендиев кө­шесіндегі үйді былтыр қара­ша­да алдық. Бұл үйге кел­генімізге де жыл­ға жуықтады. Қазір көңі­лі­міз жайлы. Бірақ сегіз жылдай жалдамалы пәтерде тұрып сен­делдік. Тәубе дейміз. Тұрғын үй мәселесін шешуде жерде қалдырмай жәрдемдескен Үкі­мет­ке, жергілікті әкімдік пен «Елорда құрылыс компаниясына» алғыс зор», дейді қария.

Астана қаласында Ислам Қабдолұлы секілді үйіне жете алмай жүрген үлескерлердің азайғанын жоғарыда келтірген статистикалардан біле берсек болады. Ендеше, жергілікті әкімдік пен Астана құрылыс компаниясы қолға алған жобалар жемісті болсын демекпіз.