Сейсенбі күні Қатарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы тур ойындарына старт берілді. А тобының шешуші бәсекесінде Нидерланд – Қатар, Эквадор – Сенегал құрамалары сынға түссе, В тобындағы 3-турда Уэльс – Англия, Иран – АҚШ футболшылары плей-офф бәсекесінің екі жолдамасын сарапқа салды.
Әдетте футбол жанкүйерлері әлем чемпионаты, Еуропа біріншілігі сияқты ірі турнирлердің соңғы турында тек формалды матчтарды ғана тамашалайтын. Яғни фавориттер бар мәселені мерзімінен бұрын шешіп тастап, кей топтарда құрамалар көбіне екінші жолдамаға және топтағы бірінші орынға талас жүргізетін. Ал биылғы әлем біріншілігінің соңғы туры алдында барлық құрамада дерлік плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі сақталып қалды. Бірақ шешуші матчтардағы бір ғана қателік, сол құраманы аяқтан шалуы мүмкін еді. Мәселен, кешегі Эквадор мен Сенегал, Иран мен АҚШ арасындағы матчта Эквадор және Иран құрамалары сол қателіктерінің салдарынан топтық кезеңнен шыға алмай қалды.
А тобының соңғы тур матчтары қарсаңында Нидерландтың өзге қарсыластарына қарағанда плей-оффқа еш қиындықсыз шығатыны, ал Қатардың екінші турдан кейін-ақ топтық кезеңнен әріге аса алмайтыны белгілі еді. Жанкүйерлер тарапынан Нидерланд – Қатар матчына көп ықылас бола қоймағаны сондықтан. Оның үстіне, екі турда қарсыластарына ұпай таратқан Қатардың сенсация жасап, Нидерланд құрамасын жеңе алмайтыны да түсінікті еді. «Әл Байт» стадионындағы матчтың бірінші таймында Коди Гакпо мен екінші таймындағы Френки де Йонгтің голынан кейін Нидерланд футболшылары 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Ал бұл топтың тартысты матчы Сенегал мен Эквадор құрамалары арасында өтті. Себебі екі құраманың да келесі кезеңге шығуға толық мүмкіндігі бар. Мәселен, Сенегал футболшыларына жеңіске жеткен жағдайда ғана плей-офф жолдамасы бұйыратын болса, Эквадорға тең нәтиже де жеткілікті еді. Алайда Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Бірінші тайм аяқталар тұста төреші Эквадор қақпасына пенальти белгіледі. Оны Сенегалдың футболшысы Исмаила Сарр сәтті орындап, құрамасын есепте алға шығарды. Екінші таймда Эквадор өкілі Моисес Кайседо таразы басын теңестіріп, жанкүйерлерін бір сәтке қуанышқа бөлеген еді. Бірақ арада екі минут өткенде Сенегал капитаны Калиду Кулибали гол соғып, құрамасын 1/8 финалға шығарса, Эквадор футболшыларын жанкүйерлерімен қоса еліне қайтарды.
В тобындағы квартетте Иран, АҚШ және Уэльс құрамаларына қарағанда Англияның келесі кезеңге өту мүмкіндігі жоғары болатын. Ағылшындар Уэльстен 4:0 есебімен жеңілген жағдайда ғана топтан шыға алмайтын еді. Ал Уэльсті тек жеңіс қана қанағаттандыратын, онда да Иран мен АҚШ құрамалары тең ойнауға тиіс. Алайда Қатардағы Британия дербиінде Англияның, Иран – АҚШ бәсекесінде америкалықтардың мерейі үстем болды.
Алғашқы турда Иранды 6:2 есебімен тізе бүктірген ағылшындар екінші ойында АҚШ қақпасына бірде-бір гол соға алмай, әбден пұшайман болған-ды. Содан болар, Гарет Саутгейт жетекшілік ететін Тұманды Альбион өкілдері кешегі матчта Уэльс қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Екінші таймның 50-минутында Маркус Рашфорд матчтың есебін ашса, арада екі минут өткенде Фил Фоден мергендігімен көзге түсті. Ал 68-минутта дубльдің авторы атанған Рашфорд ойынның нүктесін қойды.
Ал қатарлас өткен екінші матчта АҚШ құрамасы Кристиан Пулишичтің бірінші таймда соққан жалғыз голының арқасында Иранды жарыс жолынан ығыстырып, 1/8 финалға жолдама алды. Топтық кезеңнің ең бір қызықты матчына баланған ойында көпшілік азиялық құраманың тілеуін тілегені белгілі. Дегенмен Парсы шығанағы өкілдері Қатардың соңына ілесіп, әлем чемпионатымен ерте қоштасты. АҚШ пен Иран футболшылары 1998 жылы Францияда ұйымдастырылған әлемдік доп додасының бір тобында өнер көрсетіп, сол кезде де дәл осындай шешуші турда бір-бірімен кездескен. Екі құрама үшін еш маңызы болмаған сол матчта Иран құрамасы 2:1 есебімен жеңіс тойын тойлаған еді. Араға 24 жыл салып АҚШ Ираннан есе қайтарып қана қоймай, өз тарихында үшінші мәрте 1/8 кезеңге жолдама алды.
Осылайша, А және В топтарының үшінші тур матчтарынан кейін 1/8 финалда кездесетін алғашқы екі жұп белгілі болды. Плей-оффта А тобының жеңімпазы Нидерланд В тобында екінші орын алған АҚШ құрамасымен (3 желтоқсан), А тобының екінші орын иегері Сенегал В тобының үздігі Англиямен (4 желтоқсан) кездеседі.