• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Қараша, 2022

Қазақтың тазысы мен төбетінің бәсі артады

276 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар заң жобасы мақұлданды. Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатасының мүшелері тағайындалды.

Конституцияның 57-бабына сәйкес, Парламенттің әр палатасы Жоғары ауди­тор­лық палатасының үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды. Жалпы отырыста Конституцияның 58-бабы негізінде үміткерлер тізімі ұсы­ныл­ды. Депутаттар Михаил Бортник, Рүстем Нұрпейісов, Юлия Энгельді Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі қызметіне тағайындау мәселесін қарап, аталған кандидатураларды бекітті.

Сонымен қатар жалпы отырыста «Қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Аталған мәселе жөнінде Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әмірхан Рахымжанов баяндама жасады.

«Тазы мен төбет – қазақтың байырғы ит тұқымы, ұлттық мақтаныш, қазақ халқының ұлттық қазынасы, оның мәдени-тарихи құндылығы. Бұл тұқымдар тарихымызбен байланысты және олардың шығу тегі ғасырлар бойы қалыптасқан. Қазақ ит тұқымдарын сақтау және қорғау мен дамыту саласын мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін кең құқықтық және ұйымдастырушылық тәсілдерді талап етеді. Өйткені қазақ ит тұқымдарының генофондының нашарлау үрдісі ғана емес, сонымен қатар еліміздің көптеген өңірінде толық жойылу қаупі бар. Оның басты себептері – қазақ ит тұқымдарының генофондының жай-күйін бағалау, олардың генетикалық бейінін жасау бойынша ғылыми зерттеулер мен мемлекеттік қолдаудың болмауы», деді Ә.Рахымжанов.

Осы проблемалық мәселелерді шешу үшін заң жобасында қазақтың ит тұқым­дарын сақтау және өсімін молайту сала­сындағы қызметті жүзеге асырудың құ­қық­тық, ұйымдастырушылық және эко­номикалық негіздері белгіленіп, уәкілетті органның құзыреті бекітіледі.

Құжатта қазақтың ит тұқымдарының сақталуын, тазалығын қамтамасыз ету, өсімін молайту көзделген. Осы бағытта құрылатын уәкілетті органның маман­дан­дырылған ұйымы жанындағы қазақ ит тұқымдарының ұлттық орталығына маңызды рөл берілген.

«Орталықтың негізгі құзыретіне бірың­ғай асыл тұқымды кітап жүргізу, қазақ ит тұқымдарының стандарттарын әзірлеу және басқа да міндеттер кіреді. Сонымен қатар заң жобасы кино­ло­гиялық қызмет ұғымдарын, қазақ тұқым­ды иттің шығу тегі туралы куәлікті, бірыңғай асыл тұқымды кітапты, қазақ ит тұқымдары мен Ұлттық аңшылық стан­дартын айқындайды. Мемлекеттік қол­дау қазақтың ит тұқымдарын, оның ішінде Ұлттық орталықты сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті қаржыландыру жолымен жүзеге асырылады. Осы салада жұмыс істейтін қоғамдық бір­лестіктер осы бағыттағы қызметті ілге­рілетуге Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алады.

Заң жобасында Қазақстан Респуб­ли­касының ғылыми ұйымдары жүзеге асыратын қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы ғылыми зерттеулер жөніндегі норма көзделген. Ғылыми ұйымдар уәкілетті орган, ұлттық орталық, сондай-ақ кинологиялық қыз­метті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестік­термен бірлесіп, қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында мемлекеттік ғылыми-техникалық бағ­дарламалар әзірлеуді жүзеге асырады. Заң жобасының нормаларын іске асыру үшін 1,4 млрд теңге қажет. Бұл сома 2022 жылғы 18 қазанда Республикалық бюджет комиссиясының отырысында қолдау тапты», деді депутат.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Швей­цария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жа­салған бұйымдардағы cынамалық таң­баны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Келісім Қазақстан мен Швейцария Конфедерациясы арасында бағалы металдардан жасалған заттардың саудасын дамытуға, сондай-ақ металдың құрамын қайта тексеру және қосарланған таңбалау рәсімін оңтайландыруға ықпал етеді.

«Қазіргі кезде Қазақстан заңнамасына сәйкес зергерлік заттар міндетті түрде елі­міз­дің таңбасымен белгіленеді. Деген­мен бүкіл әлемде танылған Швей­цариядағы зергерлік заттардың сапасын назарға ала отырып, Қазақстан жағы қайта таң­балауды жүргізбейді. Өзара қарым-қаты­нас қағидаты бойынша Қазақстаннан Швейцарияға әкетілетін зергерлік заттар да таңбалауға жатпайды. Келісімді қа­былдау зергерлік заттарды қайта таң­балауды қажет етпейді», деді Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шaкқалиев.

Оның айтуынша, аталған қадамдарды ескере отырып, зергерлік заттарды экспорттау кезінде әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Вице-министр­дің пайымдауынша, рәсімдерді жеңілдету экспорттың өсуіне жанама әсер етуі мүм­кін.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі ара­сын­дағы азаматтық әуе кемелерін авиа­циялық іздестіру және құтқару сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын тал­қылады. Аталған құжат жөнінде Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Алмаз Ыдырысов баяндама жасады. Вице-министрдің айтуынша, Келісімді ратификациялау Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 12-қосымшасын орындау үшін қажет.

«Келісімнің басты мақсаты – халық­аралық азаматтық авиация ұйымының  стандартына сәйкес, апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру. Құжаттың міндеттері апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолау­шылары мен экипаждарын іздестіру-құтқару үшін мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Авиациялық оқиғалар туралы өзара ақпарат алмасып, хабарлау. Апат болған жағдайда іздестіру шараларын қабылдау. Екі тараптың іздестіру-құтқару қызметтерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізіп, ақпарат және тәжірибе алмасу», деді А.Ыдырысов.

Келісім бірлескен іздестіру-құтқару операцияларын жүргізудің нормативтік негізін, іздестіру-құтқару аудандарының шекарасын белгілейді. Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдар анықталады. Тараптардың  авиациялық оқиға туралы өзара хабар алмасуы, іздес­тіру операциясына көмектесуі қарас­тырылады.

«Қазаэронавигация» мекеме қаража­тынан авиациялық оқиғаларға 27 қону алаңында тікұшақ кезекшілігі жұмыс істейді. Сонымен қатар құтқару жұ­мыстарына Қорғаныс министрлігінің тікұшақ­тары да тартылады. «Қаз­аэро­навигация» базасында шетелдік білімі бар жұмыскерлер, тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс құралдары бар. Ал іздестіру-құтқаруды үйлестіру орталығы бұрыннан жұмыс істеп келеді. Іздестіру-құтқару операцияларына Қорғаныс министрлігінің парашуттық-десанттық тобы және Тө­тен­ше жағдайлар министрлігінің іздес­тіру-құтқару командасы атсалысады», деді А.Ыдырысов.

Бұдан бөлек, бірқатар құжатты екін­ші оқылымда мақұлдады. Олардың қата­рын­да «Өсімдіктер дүниесі туралы», «Агло­мерацияларды дамыту туралы» заң жобалары бар. Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасына Сенат ен­гізген өзгерістерді мақұлдады.

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауал жолдады. Алғаш болып сөз алған Ерлан Саиров Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Бас Прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында бірқатар өңірдегі жылу электр орталықтарының істен шы­ғуы­на алаңдаушылық білдірді.

«Елімізде жылыту маусымы басталмай жатып Қазақстанның бірқатар қаласында жылу электр орталықтары істен шы­ғып, Риддер, Екібастұз қалаларында техногенді апат жағдайы қалыптасты. Президент Тоқаев жағдайға шұғыл баға беріп, Үкіметке еліміздің барлық жылу объектілерін тексеріп, апатты жағдай болмауы үшін іс-шаралар жасау жөнінде тапсырма берді. Осыған орай, Amanat партиясы фракциясы мүшелері Екібастұз қаласына барып, қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге болып, жұртшылықтың пікірін тыңдады. Мәселені жан-жақты қарастырды», деді Е.Саиров.

Депутаттың айтуынша, энергетика саласындағы басты мәселе – магис­тральдық желілердің тозғаны. Мәселен, апат болған Екібастұз қаласында бұл көр­сеткіш 91 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ ЖЭС-терде күрделі жөндеу жүргізілмеген. Бұл салаға инвестиция құйылмайды.

«Стратегиялық нысандарды құйтырқы жолмен әділетсіз иемденіп, пайда тауып отырған олигарх топтар еліміздің түкпір-түкпіріндегі магистральдық желілер мен жылу электр стансаларын жаңғыртуға қаржы салғысы келмейді. Бұл мемлекетке де, азаматтарға да жасалған қысастық. Оли­­гарх топтар бұл объектілердің пайда­сын сүліктей сорып, енді проблеманы мем­­лекетке, халыққа ілмекші», деген Е.Са­и­ров Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады.

Атап айтқанда, энергетика кәсіпорын­дарын толық техникалық аудиттен өткізу қажет. Жылу электр орталықтары, магис­тральды құбырлардың тозу дәрежесін анықтай отырып, халықтан алынатын тариф­тердің инвестициялық бөлігі қайда кеткендігі анықталуға тиіс. Жылу электр орталықтары мен магистраль­дар­дың техникалық жағдайы үшін кәсіпорын акционерлерінің құқықтық жауап­кер­ші­лігін қарастыру керек. Энер­гетика саласына қоғамдық бақылау орна­ту­ға жан-жақты көңіл бөліну қажет.

Депутат Гауһар Нұғыманова Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында өрт қауіп­сіз­дігі мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бұл саладағы жағдайдың күрделі екенін анық көрсеткен оқиғалардың бірі – 16 қарашада Астана қаласының Бауыржан Момышұлы даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өрт.

«Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, биыл Астана аума­ғын­да 682 өрт шыққан. Соның ішінде 105-і көппәтерлі тұрғын үйлерде болған», деген депутат тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі сақ­талмайтынын, техникалық құрал­дар­дың жетіспеуін, ғимараттардың дұрыс жос­парланбауын атап өтті. Осыған байланысты, Үкіметтен мұндай жағдайларды барынша азайту үшін өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдауды сұрады.