Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) атқарушы комитеті қыздар арасында Ұлттар лигасы турнирі ұйымдастырылатынын мәлімдеді.
Қыздар арасындағы доп додасы 2024 жылы Францияда өтетін Олимпия ойындарына іріктеу турнирі болмақ, сонымен қатар Еуропа және әлем чемпионатының іріктеу кезеңдеріне ықпал етеді. Жаңа формат әйелдер арасында Еуро-2025 жарысынан бастау алады. 2023 жылдың күзінен бастап турнирдің жаңа жүйесі ұлттық құрамалар үшін УЕФА Ұлттар лигасы мен Еуропалық іріктеу кезеңін біріктіреді. Ол арқылы дивизиондарға өту (жоғары және төмен) қағидасы қабылданып, Ұлттар лигасының финалдық турнирі ойналады.
Қазақстан құрамасы С лигасында Албания, Мальта, Израиль, Әзербайжан, Түркия, Солтүстік Македония, Косово, Черногория, Люксембург, Эстония, Молдова, Литва, Латвия, Болгария, Кипр, Фарер аралдары, Грузия, Армения құрамаларымен сынға түседі.