Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі елдің алдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік бағдарын айқындап берді. Қазір еліміз қиын-қыстау кезеңде тұр дей келе Мемлекет басшысы қазақстандықтарды әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам құруға шақырды. Әрі сайлауалды тұғырнамада ерекше тоқталған мәселелеріне жеке-жеке тоқталып өтті.
Ауыл – күллі қазақтың алтын бесігі. Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың негізі. Осы ретте, ел Президентінің ауыл тұрғындарын қолдау мақсатындағы Жарлыққа бірден қол қойып, Үкіметке нақты 5 жылға арналған жоспарын әзірлеуге тапсырма беруі сөзі мен ісі арасында алшақтықтың жоқтығын көрсетті. Сондай-ақ қалталарын қампитып шетел асқан жемқорлардың ақшаларын қайтарып, ол қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қолданатыны көңілдегі кірбіңді бір сейілтті.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы әділетті Қазақстанда ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыруды көздейтінін де айтты. Мемлекет басшысының «Қызмет – уақытша, ал халық – мәңгі» деген сәулелі сөздерімен қазақстандықтарға ел мүддесі бәрінен биік екенін, оған жауапкершілікпен қарау, әрбір азаматтың міндеті екендігіне баса назар аударуы халық сенімін одан әрі арттыра түсті.
Әкім ЫСҚАҚ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері