• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 01 Желтоқсан, 2022

Тағы төрт құрама анықталды

161 рет
көрсетілді

Футболдан Қатарда өтіп жатқан әлем чем­пио­натының кезекті күнінде жанкүйерлер топтық кезеңнің тағы төрт матчын тамашалады. Сәрсенбі күні D тобындағы Тунис – Франция, Аустралия – Дания құрамалары жасыл алаңда кездессе, C тобының төрттігі – Польша – Аргентина, Сауд Арабиясы – Мек­сика плей-оффтың жолдамасын сарапқа салды.

Бұл күні D тобының матчтарына қарағанда, C квартетінің кездесулері аса тартысты өтіп, жанкүйерлер назарын өзіне аудартты. Өйткені бұл топтағы барлық құрамада келесі кезеңге шығу мүмкіндігі болды. Мәселен, 1/8 кезеңіне жолдама алу үшін Аргентина мен Польшаға тең нәтиже де жеткілікті еді, ал Мексика мен Сауд Арабиясын тек ірі есептегі жеңіс қана қанағаттандыратын. Дегенмен Аргентина Польшаны 2:0 есебімен тізе бүктірсе де, еуро­па­лық­тарды өзімен бірге келесі кезеңге алып шықты. Ал қатарлас өткен екінші кездесуде Мексика Саудияны 2:1 есе­бімен ұтқанымен, «Ацтектер» елі үш турда да өз қақпасына көп гол өткізіп алғандықтан, топтық кезеңде қалып қойды.

Польша құрамасын әлем чемпио­натының плей-офф сатысына аргенти­налықтардың аяушылығы мен қақпашы Войцех Щенсныйдың ерлігі алып шықты десе де болады. Себебі Аргентина бұл кездесуде Польша қақпасына 13 мәрте дәл соққы бағыттап, соның екеуін ғана голға айналдыра алды. Ал Войцех 11 мәрте сейв жасады. Тіпті ол бірінші таймда Лионель Месси тепкен 11 метрлік айып добын қайтарып, кездесудің соңында матчтың қаһарманына айналды. Егер Месси пенальтиден гол соғып кеткенде, Польша футболшылары чемпионатпен қоштасуы да мүмкін еді. Сонымен қатар Месси бұл сәтсіздігінен кейін әлем чемпионаттарында гол соғу бойын­ша Марадона, Криштиану Роналду, Ривалдо, Руди Феллер, Адемира және Оскар Мигестердің алдына шығып алу мүмкіндігін пайдалана алмады. Қазір бұл футболшылардың бәрі біріншілікте 8 голдан соққан.

Бұл матчта «Ювентус қақпашысы 1974 жылғы әлем чемпионатындағы отан­дасы Ян Томашевскидің және 2002 жылғы әлемдік додада өнер көрсеткен америкалық Брэд Фридельдің жетістігін қайталады. Яғни үш қақпашы да бір әлем чемпионатында екі пенальтиді қайтарған.

Екінші таймда Аргентина сапынан Алексис Макаллистер (49-минут) мен Хулиан Альварес (69) мергендігімен көзге түсіп, Аргентинаны келесі кезең­ге шығарды. Осылайша, алғашқы турда Сауд Арабиясынан жеңілген арген­тиналықтар кейінгі екі матчта алты ұпай олжалап, ол жеңілістің кездейсоқ еке­нін дәлелдеді. Ал Польша 1986 жыл­ғы әлем біріншілігінен кейін алғаш рет мун­диальдың плей-офф сатысына жолдама алды.

Қатардың 500 мыңға жуық тұрғыны бар Лусаил қаласында орналасқан «Лу­саил Айконик» стадионындағы екін­ші матчта Сауд Арабиясы алғашқы тур­дағыдай сенсация жасай алмады. Араб­тардың бірінші турдағы ірі жеңі­сінен көпшілік жанкүйер оларды бұл топта екінші орынмен келесі кезеңге шығады деп болжаған еді. Бірақ екінші турда Польшадан ұтылған олар соңғы турда да Мексикадан жеңіліп қалды – 2:1.

Екі елдің футболшылары бірінші таймда бір-бірінің қақпасына гол соға алмағанымен, жанкүйерлер екінші таймда үш голдың куәсі болды. Мексика сапынан 48-минутта Энри Мартин, 52-минутта Луис Чавес мергендігімен көзге түсті. Ал матчтың соңғы минутында Сауд Арабиясы құрамасынан Сәлем Әл Давсари нысананы дәл көздеп, осы матчтағы және өз құрамасының әлем біріншілігіндегі соңғы голын соқ­ты. Бір қызығы, «Лусаил Айконик» ста­дионындағы матчтарда құрамалар үш голдан артық доп соға алмай жатыр. Мәселен, бұл арена бүгінге дейін әлем чемпионатының бес матчын қабылдаса, соның екеуінде – 2:1, қалған үш матчта 2:0 есебі тіркелген екен.

Ал С тобындағы жалғыз жолдаманы Аустралия мен Дания құрамалары сарапқа салып, «жасыл құрлық» өкіл­дері қатарынан бесінші рет әлем чем­пионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды – 1:0. Кездесудің тағдырын шешкен жалғыз голды екінші таймның 61-минутында Мэтью Леки салды. Жасыратыны жоқ, екі турда бір-ақ ұпай жинаған Данияға қарағанда бір жеңісі бар аустралиялықтардың келесі кезеңге шығу мүмкіндігі жоғары еді. Десе де, даңқты бапкер Каспер Юльманн жетекшілік ететін Дания құрамасы қарсылатарын тек ірі есеппен жеңген жағдайда ғана 1/8 финалға жолдама алатын. Өкінішке қарай, Дания футболшылары 90 минут бойы допқа иелік етіп, Мэттью Райан қақпасына 13 рет соққы жасағанымен, оның бірде-бірін голға айналдыра алмады. Ал көбірек қорғанысқа көңіл бөліп, қарсы шабуылға иек артқан Азия құрлығының өкілдері бір ғана мүмкіндігін тиімді пайдаланып, Каспер Шмейхель қорғаған қақпадан саңылау тапты. 2018 жылғы әлемдік доданың 1/8 кезеңіне шыққан Дания биыл сол же­тістігін қайталай алмай, пұшайман болды.

Келесі кезеңнің жолдамасын мер­зімінен бұрын шешіп қойған Франция Тунис құрамасымен өткен ойында алаң­ға екінші құрамның футболшыларын шығарды. Дидье Дешам осы арқылы негізгі құрамды маңызды матчтар алдында бір тынықтырып алса, алаңға аз шығып жүрген футболшыларға тағы бір мүмкіндік берді. Әйтсе де, әлем чемпио­ны дейтін дардай атағы бар Франция құрамасында осал футболшының болмайтыны түсінікті ғой. Бірақ кешегі матч­та олардың күші Тунисті тізе бүктіруге жетпеді. 58-минуттағы Вахби Хазридің голы Туниске жеңіс сыйлағанымен, келесі кезеңге шығуға жеткіліксіз болды. 90+8 минутта Франция сапынан Антуан Гризманн таразы басын теңестірген еді. Бірақ гол соғылған сәтті видео қайта­лау­дан көрген төреші голды есепке алған жоқ.

Осылайша, С және D топтарының үшінші тур матчтарынан кейін тур­нирдің 1/8 финалына шыққан тағы төрт құрама анықталды. Сөйтіп, 3 жел­­­тоқсанда өтетін плей-офф бәсе­ке­сінде Аргентина Аус­тралиямен, 4 жел­­тоқ­сандағы матчта Польша Фран­циямен кездесетін болды.

Сондай-ақ кеше Е тобындағы екі жол­даманы Жапония мен Испания, Коста-Рика мен Германия құрамалары, F тобында Хорватия мен Бельгия, Канада мен Марокко сарапқа салды. Ал бүгін жанкүйерлер G тобындағы Камерун – Бразилия, Сербия – Швейцария және H тобындағы Корея – Португалия, Гана – Уругвай құрамаларының ойындарын тамашалайды. Осы матчтармен биылғы әлем біріншілігінің топтық кезеңіндегі бәсекелер аяқталса, сенбі күні 1/8 финал матчтары басталады.