Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындау мәселесін қарады.
Атап айтқанда, сенаторлар Рашит Ахметов, Нұрлан Нұржанов және Расул Рахимовті Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшелері қызметіне тағайындауды қолдап, дауыс берді. Сенат Төрағасы өз сөзінде Мемлекет басшысы конституциялық реформаларды іске асыру аясында жақында Жоғары аудиторлық палатаның ережесін бекіткенін атап өтті.
Отырыс барысында депутаттар «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне геодезия, картография және кеңістіктік деректер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарады.
Бұл заңдарда кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымын құру және дамыту туралы нормалар бар. Аталған платформа деректердің цифрлық форматта қолжетімділігін қамтамасыз етуді және олардың тиімділігін арттыруды көздейді. Сондай-ақ заңдар оларды жаңартып отыруға және қолдауға бағытталған. Ол үшін заңдағы нормалар осы деректерді жаңарту жиілігін реттейді. Бұдан басқа, заңда жер қатынастары, сәулет, құрылыс, табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау, геология, тұрғын үй-коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларында халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мәселелері қамтылған.
«Қолданыстағы «Геодезия және картография туралы» Қазақстан Республикасының заңы 2002 жылы қабылданғанын атап өту қажет. 20 жылдық кезеңде геодезия және картография саласында үлкен өзгерістер болды. Цифрлық технологиялар, спутниктік жабдықтар өндіріске енгізілді және кеңінен қолданылады, кеңістіктік деректердің дәлдігіне, өлшеу тиімділігіне және қолжетімділігіне деген талаптар өсті. Осыған байланысты, заңды жаңа редакцияда және ілеспе заңды олқылықтар мен коллизияларды жою мақсатында қабылдау қажеттілігі туындады.
Геодезия және картография саласының жағдайы мемлекеттегі кадастр мен жер-мүлік қатынастарының сапасына тікелей әсер етуі өте маңызды, демек, әрбір азаматтың мүддесін қозғайды. Халықтың көпшілігі геодезия ғылымымен таныс емес. Бірақ біздің айналамыздағы жағдайлардың барлығы адам өмірі мен жалпы ел үшін оның маңызы туралы мысалдарға толы. Біз тұратын және жұмыс істейтін ғимараттарды, жүретін жолдар мен көпірлерді жобалау және салу кезіндегі қателіктерді жою, сондай-ақ ұшақтардың ұшуы мен қонуы кезіндегі кедергілерді анықтау және тағы басқалар геодезиялық өлшемдердің дәлдігіне байланысты», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Заң жобаларының негізгі міндеті – жоғары дәлдікті геодезиялық координаталар жүйесімен қамтамасыз ету. Соның негізінде елдің бірыңғай цифрлық картографиялық негізін құру. ведомство басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда кеңес одағынан мұраға қалған, ескірген және дәлдігі, тиімділігі заманауи талаптарға сәйкес келмейтін 1942 жылғы мемлекеттік координаттар жүйесі бар.
«Қазақстанда бірыңғай мемлекеттік координаттар жүйесінің ашық қолжетімді болмауы, шектеу белгісі бар деректерді пайдалануға жол бермеу үшін субъектілердің өз кезегінде әртүрлі құпия белгісі жоқ және заңмен бекітілмеген координаттар жүйелерін қолдануына әкелді, мысалы, бір елді мекенде бірнеше координаттар жүйесі қолданылады. Нәтижесінде, әртүрлі жүйелерде, форматтарда және құрылымдарда құрылған кеңістіктік деректердің үлкен көлемі жинақталған. Бұл кеңістіктік ақпаратты пайдалану және салалық (ведомстволық), өңірлік ақпараттық жүйелер мен кадастрлардың деректерін интеграциялау процестерін қиындатады және кейде тікелей кедергі келтіреді.
Бұдан басқа, координаттар жүйелерінің бытыраңқылығы оларды бір жүйеден екінші жүйеге қайта есептеу қажеттілігіне алып келеді, алайда қайта есептеу тәртібі де реттелмеген, бұл өз кезегінде жер қатынастары, сәулет, геология, жер қойнауын пайдалану және кеңістіктік ақпаратты пайдаланатын басқа да салалардағы жұмыс жүргізу кезінде субъектілерден артық шығын талап етеді», деді Б.Мусин.
Осыған байланысты заң жобасында бір платформада бірыңғай форматта және бірыңғай талаптар бойынша кеңістіктік деректер жиналатын Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы құрылмақ. Бұл инфрақұрылым елімізді цифрландыруда маңызды рөл атқаратын геодезия және картография саласы тарихындағы алғашқы ауқымды жоба саналмақ.
«Жаңа нормалар кеңістіктік деректер, геодезия және картография саласындағы қызметтің жетілдірілген тетіктерін енгізеді. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құру және қолдану үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл инфрақұрылым тұтынушылардың электрондық деректерге қолжетімділігін және оларды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта толық және анық кеңістіктік деректер мен геодезия және картография жүйелері ақпаратты жедел өңдеуге, экономика салаларында және мемлекеттік басқаруда ұтымды шешімдер қабылдауға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді заң жобасы жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.