Елімізде шағын, орта және ірі бизнес субъектілері үшін өңдеуші өнеркәсіп жобаларын қаржыландырудың жаңа бағдарламасы іске қосылады. Бағдарлама өңдеу өнеркәсібінің құрылымын одан әрі әртараптандыруға, қайта бөлудің жоғары деңгейдегі тауарларын өндіруді қолдау мен ынталандыруға, сондай-ақ ел экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға жәрдемдесуге бағытталған.
Жобаға «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолдау көрсетпек. Жоба ойдағыдай жүзеге асуы үшін инвесторларға 250 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландыру және кредит беру ұсынылады. Несие теңгемен беріледі және кредит мерзімі – 3 жылдан 20 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Азаматтар бизнесін гүлдендіру үшін 3 млрд теңге және одан да жоғары сомада несие ресімдей алады. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7 пайыз.
«Қаржыландыру үшін жобаларды қарау барысында өтініш берушілердің жергілікті қамту жөніндегі талаптар, өз өндірісінің айналасындағы шағын және орта кәсіпорындарды дамыту және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттемелер сияқты қарсы міндеттемелері маңызды мәнге ие болады. Бағдарламаны іске асыру өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының негізгі қаражатын жаңартуға мүмкіндік береді, шамамен 10 мың жұмыс орнын құрады және сақтайды», делінген хабарламада.
Осыған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий мерзімі 2023 жылдың соңына дейін ұзартылатынын мәлімдеген еді.