• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 02 Желтоқсан, 2022

Цифрлық теңге қолданысқа енеді

412 рет
көрсетілді

Қазақстан Ұлттық банкінің хабарлауынша, цифрлық теңге тура­лы жалған ақпараттар таралып жатыр. Бұл ретте Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы мұндай алаяқтық әре­кет­тер­ден сақ болуға шақырады.

Цифрлық теңге төңірегінде қызығушылық артқандықтан алаяқтар жоба туралы ақпаратты теріс мақсатта пайдаланып, жұрт­ты адастыруға көшті. Мес­сенд­жерлер де жаңалықтар шыға­рылымы фор­матында қолма-қол ақшаны цифр­лық теңгемен ауыстыру туралы фейк ақпараттар мен видеороликтер тарап жатыр. Ал цифрлық теңге жобасына инвестиция салуды жарнамалаушылар алаяқтықты іске асыратын сайттарды жасауға көшкен. Бұл хабарламалардың бар­лы­ғы да шындыққа жанас­пайды.

«Цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз аударым­дар­дың орнын ауыстыру үшін шығарылмаған, ол қолданыста қатар жүретін болады. Цифрлық валюта бірегей технологиялық сипат­тамалардың арқасында Қазақ­стан­ның Ұлт­тық төлем жүйесін одан әрі дамы­туды көздейді, оның ішінде интернетсіз төлем жасау мүм­кін­дігі де пайда болады. Қа­зір «Цифрлық теңге» жобасы әзірлеу және сынақтан өткізу кезеңінде тұр. Ұлттық цифрлық валютаны енгізу бойынша нақты шешім осы жылдың соңына дейін қабылданады деп жоспарланып отыр. Ал Ұлттық банк цифрлық валютаның артықшылықтары мен тәуекелдерін, оның ақша-кредит сая­сатына, қаржылық тұ­рақ­­­­тылыққа және төлем қыз­меті нары­­ғы­на әсерін жан-жақты зерттеп жатыр», делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Айта кетейік, цифрлық теңге жобасы туралы ресми ақ­па­рат көзі – Ұлттық банктің (nationalbank.kz) ресми сайты және ТҚТДО-ның payfintech.kz сайты. Өзге сайт­тардың, әсіресе «.kz» до­мен­дік кеңістігінен тыс тір­келген сайттардың бұл жобаға еш қатысы жоқ. Кеңес алу үшін Ұлттық банктің 1477 байланыс орталығына хабарласуға болады.