Футболдан Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионатында күн сайын жаңа рекордтар тіркеліп, жанкүйерлер қызықты статистикалардың куәсі болып жатыр. Мәселен, Аргентина ұлттық құрамасының шабуылшысы Лионель Месси әлем чемпионатындағы матчтар және голдар саны бойынша даңқты отандасы Диего Марадонадан басып озса, Криштиану Роналду қатарынан бес біріншілікте гол соққан тұңғыш футболшы атанды. Ал Аустралия құрамасы 16 жылдан кейін алғаш рет турнирдің плей-офф кезеңіне жолдама алды. Назарларыңызға осы және басқа да қызықты мәліметтерді ұсынамыз.
Криштианудың дара жетістігін тарқатып айтар болсақ, ол әлем біріншілігінің топтық кезеңінде Гана қақпасына пенальтиден гол соғып, қатарынан бесінші дүниежүзілік доп додасында мергендік танытқан жалғыз футболшы атанды. Роналду 2006, 2010, 2014, 2018 және 2022 жылдардағы әлем біріншілігіне қатысып отыр. Сондай-ақ ол Португалия құрамасы сапында әлем чемпионатында гол соққан ең жас (2006 жылы 21 жас 132 күнде) және ең қарт (37 жас 292 күнде) футболшы. Сонымен қатар Роналду Лионель Месси, Лотар Маттеус, Антонио Карбахаль және Рафаэль Маркестен кейінгі бес әлем біріншілігіне қатысқан бесінші ойыншы болды.
Ал Лионель Месси Аргентина құрамасы сапында төрт әлем біріншілігінде гол соққан алғашқы футболшы (2006, 2014, 2018 және 2022 жылдары). Осы нәтижесінің арқасында ол даңқты отандасы Диего Марадона (1982, 1986 және 1994 жылдар гол соққан) мен Габриэль Батистутаны (1994, 1998 және 2002 жылдары гол соққан) басып озды. Сонымен қатар Месси Қатардағы әлем біріншілігінде құрлық додасындағы матчтар және голдар саны бойынша Марадонаның алдына шығып алды. Диего әлем біріншіліктерінде Аргентина жейдесінде 21 матч өткізіп, 8 гол соққан болса, Месси Аустралиямен болған матчта 23 мәрте алаңға шығып, 9 голын тойлады.
Испания құрамасының ойыншысы Гави 2004 жылы туған футболшылар арасында әлемдік мундиалда мергендік танытқан алғашқы ойыншы. Гави (18 жас 110 күн) Коста-Рикамен болған матчта (7:0) дәлдік танытқан-ды. Ал Испания құрамасы әлем чемпионаттары тарихында бірінші рет қарсыластарының қақпасына жеті гол соқты.
Гана құрамасының ойыншысы Иньяки Уильямс пен испаниялық Нико Уильямс әлем чемпионаттары тарихында әртүрлі құрамада ойнаған алғашқы ағайынды футболшылар.
Уэйн Хеннесси – биылғы әлем біріншілігінде қызыл қағаз көрсетілген бірінші, чемпионаттар тарихында алаңнан қуылған үшінші қақпашы.
Биылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі бес матчта қақпаға гол соғылған жоқ. Яғни Англия – АҚШ (0:0), Мексика – Польша (0:0), Дания – Тунис (0:0), Хорватия – Марокко (0:0) және Корея – Уругвай (0:0) кездесуінде есеп ашылмады. Мұндай нәтиже әлем чемпионаттары тарихында бұрын-соңды тіркелмеген.
Польша құрамасының сұрмергендерінің бірі Роберт Левандовски әлем чемпионатындағы алғашқы голын Сауд Арабиясы құрамасының қақпасына соқты. «Барселона» шабуылшысы бұған дейін әлем біріншіліктеріне қатысса да, бірде-бір ойында гол соға алмаған болатын. Ол бұл голының арқасында ұлттық құрама сапында гол соғу бойынша Пелемен теңесіп алды – 77 гол.
Франциялық Стефани Фраппар әлем чемпионаттарының матчында қазылық жасаған алғашқы әйел төреші. Ол бас төреші ретінде Е тобындағы Германия – Коста-Рика (4:2) матчында жұмыс істеді. 38 жастағы арбитр бұған дейін С тобындағы Мексика – Польша матчында төртінші төрешінің қызметін атқарған еді.
Маркус Рашфорд Англия құрамасының әлем чемпионаттарындағы 100-голын соқты. 25 жастағы футболшы Уэльспен өткен матчта екі мәрте мергендігімен көзге түскен болатын. Әлем біріншілігіндегі ағылшындардың алғашқы голын 1950 жылғы доп додасында Стэн Мортенсен салған. Сондай-ақ әлемдік мундиалда Бразилия, Германия, Аргентина, Италия, Франция және Испания құрамалары 100 голдан көп соққан.
Бразилия әлем чемпионатындағы кейінгі 17 матчта жеңілмей келе жатқан жалғыз құрама. Бұл – рекорд. Канада әлем чемпионаттарында гол соққан 76-құрама болды.
Қанада құрамасының шабуылшы Алфонсо Дейвис биылғы әлем чемпионатындағы ең жылдам голдың (70 секунд) авторы атанса, ең кеш голды Иран құрамасының ойыншысы Мехди Тареми соқты. Ол Англиямен өткен матчтың 102 минутында пенальтиді сәтті орындады.
Дәл осы Англия мен Иран арасындағы матч ең ұзақ өткен кездесу ретінде рекорд орнатты. Футболшылар жасыл алаңда 117 минут ойнады. Бұған дейінгі ең ұзақ матч 1994 жылғы әлем біріншілігінде тіркелген болатын (103 минут).
36 жастағы Германия құрамасының қақпашысы Мануэль Нойер – бағана күзетшілері арасында 19 матч өткізген алғашқы ойыншы. Ол бұл нәтижесімен Клаудио Таффарел (Бразилия, 18 матч), Зепп Майер (Германия, 18), Питер Шилтон (Англия, 17), Икер Касильяс (Испания, 17), Дино Дзофф (Италия, 17) және Фабьен Бартезді (Франция, 17) артқа тастады.
Қатардағы доп додасының топтық кезеңіндегі 48 матчта төрешілер кездесудің негізгі уақытына қосымша 511 минут қосты. Бұл – толық бес кездесудің уақыты. Бірінші турда – 178 минут, екінші турда – 166, үшінші турда – 167 минут қосылған екен.
Биылғы біріншілікте 48 матчта футболшылар 120 гол соқты. Сұрмергендер көшін үш голдан соққан Килиан Мбаппе (Франция), Альваро Мората (Испания), Маркус Рашфорд (Англия), Коди Гакпо (Нидерланд) және Эннер Валенсия (Эквадор) бастап тұр. Валенсиядан басқаларында нәтижелерін жақсартуға мүмкіндіктері бар. Мәлімет үшін айта кетейік, 2018 жылғы Ресейдегі чемпионаттың топтық кезеңінде – 122, Бразилиядағы додада 136 гол соғылған болатын.
Қатардағы әлем чемпионатының әр матчын стадионнан орта есеппен 51 188 көрермен тамашалаған. Бұл – чемпионаттар тарихындағы әзірше екінші нәтиже. Бұған дейін ең көп жанкүйер 2006 жылғы Германиядағы матчтарға келген (51 759).
WhoScored басылымының нұсқасы бойынша қақпашы Войцех Щенсный (Польша), қорғаушылар Ашраф Хакими (Марокко), Жан-Шарль Кастеллетто (Камерун), Гарри Магуайр (Англия), Тео Эрнандес (Франция), жартылай қорғаушылар Бруну Фернандеш (Португалия), Фрэнки де Йонг (Нидерланд), Каземиро (Бразилия), Киллиан Мбаппе (Франция), шабуылшылар Лео Месси (Аргентина) мен Антуан Гризманн (Франция) топтық кезеңнің шартты құрамасына енді.