Осыдан бірнеше жыл бұрын өмірдің түрлі қиындықтарына кезіккен жандарға көмек қолын созуды бастаған волонтерлік топтар бүгінде қоғамдағы белсенді күшке айналды. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұсынысымен волонтерлер жылы болып бекітілгеннен кейін елімізде еріктілер қозғалысының тынысы ашылды. Оған дейін қайырымды жастардың алдынан үнемі кедергілер кездесіп, көпшілік жұрт еріктілердің іс-әрекетін түсінбей де жүретін.
Ақтөбе облысында құрыла бастаған волонтерлік топтар құрамына кәмелет жасынан асқан колледж және жоғары оқу орындары студенттері мен жұмыс істейтін жастар қосыла берді. Қазіргі уақытта еріктілер ұйымдары үкіметтік емес ұйымдармен және мемлекеттік мекемелермен бірлесе маңызды істерді атқарып жүр.
Солардың бірі – құрамына 27 еріктілер ұйымын біріктірген облыстық волонтерлер кеңесі. Кеңес құрамындағы волонтерлік орталықтардың көпшілігі өз жұмыстарын 2016 жылдан бастады. Алты жылдың ішінде олар өңірдегі әлеуметтік осал топтардың, аз қамтылған отбасылардың қамқоршысына айналды. Ерікті жастар да қоғамдық жұмыста әбден шыңдалды.
Алайда жастық жалындарын қайырымды істерге бағыттап жүрген жастардың шешілмеген мәселелері әлі де көп екендігі волонтерлер кеңесінің жылдық қорытындысында айтылды. Кеңес төрағасы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің экономика факультетінің студенті Нұрбек Жалғасбаевтың айтуынша, соңғы бір жылдың ішінде тұрғындардан 2,5 мың өтініш түскен. Еріктілердің есігін қаққан әлеумет азық-түлікке, ем алуға қаржы сұрайды, баспана алып бер дейді. Өкініштісі, жастардан азық-түлік жеткізіп беруді талап ететіндердің арасында шын мұқтаж емес жатыпішер масылдар да көбейіп кеткен.
Өңірдегі белсенді топтардың бірі – «Ақтөбе қайырымды жандары» волонтерлік ұйымы. Өндірісте жұмыс істейтін жастардың басын біріктірген осы топтың 50 мүшесі коронавирус пандемиясы кезінде ауруханаларға күндіз-түні оттегі баллондарын тасып, медицина қызметкерлеріне ыстық ас жеткізді, қоғамдық орындарда бетперде мен вирустан сақтану туралы нұсқаулықтар таратты. Топ жетекшісі Еламан Байғозин өзін нағыз ұйымдастырушы ретінде көрсетіп жүр.
«Стимул+» мүмкіндігі шектеулі жастар клубы да алты жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жастардың арасында түрлі байқаулар ұйымдастырып келеді. Жыл сайын «Х фактор», «Екі жұлдыз» шығармашылық байқауын өткізу арқылы төрт қабырғаға таңылған жастарды сахнаға шығарып, көбінің өмірдегі орындарын табуына жәрдемдесті. Алдағы жылы топ жетекшісі Ақтоты Нетулина шалғай елдімекендерде тұратын мүмкіндігі шектеулі жастарға барып, оларды әлеуметтендіру жұмыстарымен айналысқысы келеді.
Ал М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина институтының «Медик волонтер» ұйымында 250-ге жуық студент бар. Олардың бәрі де болашақ дәрігерлер. Студенттер биылғы көктемдегі су тасқыны кезінде үйлері суға кетіп, мектептерге уақытша орналастырылған тұрғындарға азық-түлік жеткізіп, медициналық көмек көрсетті. Олар қалалық емханалардың қызметкерлеріне көмектесіп, қан қысымы, қант диабетімен есепте тұрған науқастардың үйлеріне дәрі жеткізеді, қан қысымын өлшейді. Сондай-ақ аутизмге шалдыққан балаларды қолдау орталығымен тығыз жұмыс ісейді.
«Соңғы жылдары жарық дүниеге келген сәбилер арасында аутизмге шалдыққан балалар өте көп. Өкініштісі, ата-аналар балаларының аутист екенін мектепке барғанда ғана біліп жатады. Егер сәби бойындағы дерт неғұрлым ерте анықталып, жүйелі медициналық көмек алса, соғұрлым баланың ортаға тезірек сіңісуіне жол ашылады. Біз ата-аналарға осы жағын түсіндіреміз», дейді ұйым жетекшісі Бахтияр Баймахан. Ол «Ақтөбеде жедел жәрдем орталығы жұмысы жақсы ұйымдастырылса да, кептеліс уақытында шұғыл көмек күтіп жатқан науқасқа тез жете алмайды. Шақырту түскеннен кейін 10 минут ішінде жеткенде науқастың өмірін құтқарып қалу мүмкіндігі жоғары болады. Ал көлік кептелісі кезінде жедел жәрдем қызметі 15-20 минут ішінде жетсе, адамды құтқаруға кешігуі мүмкін. Осындай жағдайда медициналық мопед өте тиімді. Тізіліп тұрған көліктердің арасынан оп-оңай өтетіндіктен, шетелдерде медициналық мопедтер қолданыла бастады. Алғашқы көмек жабдықтары бар мопедті волонтерлер шетелдерде осы іске тартылып жүр», деп ұсыныс көтерді.
«Рахым» волонтерлік ұйымының жетекшісі Айзада Балмағамбетова Ақтөбе қаласындағы кейбір оқу орындары, әсіресе колледж басшыларының волонтерлік ұйымдарға есік ашпайтынына наразы. Еріктілер спорттық жарыс, концерттер ұйымдастырып, байқаулар өткізер кезде орын таппай қиналып қалады. Ересектер арасында еріктілерді еріккендер деп қабылдайтындар жетерлік. Сондықтан да волонтерлік қызмет туралы көпшілік арасында ақпараттандыру жұмысы жүргізілуі керек деді жиынға қатысушылар.
Еріктілердің тұрақты түрде жиналып, басқосулар өткізуі үшін коворкинг орталығы керек. Облыстық ішкі саясат басқармасы келесі жылы жергілікті бюджеттен волонтерлік фронт кеңсе ашуға қаржы бөлінгенін атап өтті. Әзірге еріктілер басқосуларын қалалық жастар ресурстық орталығы залында өткізіп жүр. Бірақ ауқымды іс-шара өткізуге бұл жер тарлық етеді. Сондай-ақ облыстық жастар ресурстық орталығы ғимаратынан да волонтерлерге бөлме, техникалық жабдықтар берілген. Волонтерлер жеке-дара ғимарат сұраған соң өңір басшысының тапсырмасымен келесі жылдың басында қаладағы Өнер орталығынан коворкинг орталығы ашылатын болды. Оның ішінде кітапхана мен шағын оқу бұрышы қарастырылған.
Нұрбек Жалғасбаев қиындыққа тап болған жандарға қаржы жинауға қайырымдылық концертін өткізетін орын сұрағанда, кей мекеме басшыларының волонтерлерден ақы сұрайтынына ренжіді. «Біз мұқтаж отбасын қолдау үшін осындай іс-шара ұйымдастырамыз. Соны біле тұра студенттерден ақша сұрайды. Бұл қалай?» деді ол.
«More Life» қоғамдық қорының директоры Бибігүл Жулина елімізде екі-үш жылдың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп кеткеніне назар аударды. Өткен жылы елімізде 440 әйел отбасылық зорлық-зомбылықтың кесірінен өліп кетсе, жас қыздардың да қорлық көруі жиілеген. Барар жері болмай жүрген қыз-келіншектер қаладағы екі дағдарыс орталығына орналаса алады. Көп нәзік жандылар осы жағын білмейді. Олар үшін Ақтөбеде бір мемлекеттік және жекеменшік «Малика» дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Тағдырдан таяқ жеген аналар орталықта сәбиімен бірге алты ай тегін тұрып, психологиялық көмек алып, мамандық меңгеріп шығады.
«Егер 3-4 жыл бұрын дағдарыс орталықтарына Ақтөбе қаласынан түсетін әйелдер көп болса, бүгінде елдімекендерден қашып келетіндер көбейген. Өткен аптада Ақтөбедегі «Анаға тағзым» ғимаратында отбасылық қолдау орталығы ашылды. Бұл жерде заңгер, медиатор және психологтар әйелдерге ғана емес, жеткіншектер мен ер адамдарға да тегін көмек береді», деді Б.Жулина.
Еріктілерге көбінесе тағдырдан таяқ жеген жандар мен әлеуметтік осал топ тағы отбасылар және жақындарынан қолдау таппай, өмірден өгейленген жастар жүгінеді. Жағдайы жоқ, өмірде орнын таппаған жандар ерікті жастар арқылы қоғамға өз үнін жеткізгісі келеді. Осы жағынан қарағанда жастар кей жағдайда психологтың рөлін де атқарып кетеді. Ізгілікті істердің басы-қасында жүрген жастардың волонтерлік ұйымдары әлеуметтің үнін мемлекеттік органдарға жеткізушіге айналды. Еріктілік жас талғамайды десек те, әлеуметтің мың сан шаруасының қайнаған ортасында жүрген 100-ден астам волонтерлік топтың жұмысын сүзгіден өткізіп, нақты іспен айналысып жүргендерге мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетілгені дұрыс. Бұлардың ішінде аты бар да, заты жоқ ұйымдар бар. Адамдарға нақты көмек көрсетпей, қағазбастылықпен айналысатындар да кездеседі. Қоғамдағы әлсіз топтардың мұңын мұңдап, жоғын түгендеп жүрген еріктілердің арасынан іскер де білімді, қайырымды, ұйымдастырғыш қабілеті жоғары, елін өрге сүйрейтін жақсы азаматтар шығатынына сенім мол.
Ақтөбе облысы