Қарағандыда еліміздің түкпір-түкпірінде тең қоғам үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген үкіметтік емес ұйымдарға республикалық сыйлықақы тапсырылды. Атаулы іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі арнайы қатысты.
Үкіметтік емес ұйымдарға сыйлықақы оларды ынталандыру үшін 2017 жылдан бастап беріліп келеді. Бұл сыйлық – аталған ұйымдардың әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуге қосқан үлесіне тарту. Биылғы республикалық байқауға 15 бағыт бойынша еліміздің 213 үкіметтік емес ұйымы қатысса, іріктеу кезеңіне оның 189-ы өткен екен. Соның 54-і жеңімпаз деп танылып, Қарағанды қаласында марапаттау рәсімі өтті.
– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі қоғамдық-саяси реформалардың жаңа бағытын жариялады. Оның ішінде азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға да басымдық берілгені белгілі. Үкіметтік емес ұйым өкілдері халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық диалогтің қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан да біздің негізі мақсатымыздың бірі – олардың әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсету, көтерілген мәселенің шешімін табуына жағдай жасау. Мемлекеттің азаматтық қоғам институтына қатысты тиімді жұмысының арқасында бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қатары 5 есеге артып, олардың саны 23 мыңға жетті. Соңғы 18 жылда әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс көлемі аймақтарда 100 пайызға ұлғайды. Бұл әлеуметтік мәселелерді шешуде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін көрсетеді, – деді Дархан Қуандықұлы.
Бұл марапатты бүгінге дейін республикада 300-ге жуық ұйым иеленген екен. Биыл байқауға қатысқандарды сараптаған қазылар алқасы да жаңарған. Сонымен әлеуметтік бастамалар мен белсенділігі үшін еліміздің әр өңіріндегі үкіметтік емес ұйымның 54 өкілі жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардың 21,8 пайызы – әлеуметтің осал топтарды қолдау, 12,7 пайызы – білім, 10 пайызы – ақпарат, денешынықтыру, спорт саласындағы, 10,9 пайызы – халықты жұмыспен қамту, 9 пайызы – жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау бағытындағы, 15 пайызы ауылдық үкіметтік емес ұйымдар.
Жалпы, елдің бар өңірінде 52 азаматтық орталық жұмыс істейді. Ол орталықтар үшінші сектор әлеуетін арттырып, үкіметтік емес ұйымдарға бір терезе қағидаты бойынша әдістемелік қолдау көрсетіп келеді. Осы іс-шара аясында үкіметтік емес ұйымдардың жобалық портфелі 15 мыңға дейін өскен. Сонымен бірге Дархан Қыдырәлі министрлік тарапынан азаматтық сектормен жұмыс істеу, ҮЕҰ-мен жобалық ынтымақтастықты трансформациялау бойынша бірқатар бастама қолға алынғанын айтты.
– Үкіметтік емес ұйымдарды қаржылай қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша заң қабылданды. Заң аясында қоғаммен жұмыс істейтін жаңа мемлекеттік қолдау тетігі – стратегиялық әріптестік енгізілді. Ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдау тетігі әзірленді. Гранттық қаржыландыру жүйесін ауылдық қоғамдық ұйымдардың сұранысына бейімдеп, жеңілдетілген режім ұсынылды. «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы әзірленді, – деді Дархан Қуандықұлы.
Министрдің сөзінше, саладағы басты стратегиялық құжат – елдегі үкіметтік емес секторды дамытудың жаңа векторын қамтитын азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асып жатыр. Волонтерлік қызметті дамыту арқылы азаматтық белсенділікті арттыру шарасы қабылданып келеді.
Жұмыс сапары барысында министр Қарағанды қаласындағы Ten Qogam әлеуметтік бейімдеу орталығының ашылуында болды. Кеше ғана есігін айқара ашқан Ten Qogam әлеуметтік бейімдеу орталығы Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік тапсырысы бойынша Qamqor plus мүгедектер қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ашылды. Он екі маман мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық қажетті ақпараттық-консультациялық және ресурстық қолдау көрсетуге дайын.
– Бұл жобаның басты мақсаты – оларды әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту мәселелері бойынша ақпараттандыру және кеңес беру. Біз әлеуметтік бейімделуге, Мемлекеттік қызметтерді алу үшін құжаттарды ресімдеуге, оңалтудың техникалық құралдарын таңдауға көмектесеміз. Біз әлеуметтік қызметтер порталы жұмысының қыр-сырын түсіндіре аламыз. Біздің орталықта заңгер мен психологтің кеңестері де қолжетімді, – деді орталық басшысы Аслан Қабегенов. Орталықта өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы бар. Қызметкерлер онлайн және офлайн форматта да көмекке дайын.
Өңірге сапары аясында министр Мүгедектердің халықаралық күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысты. 3 желтоқсан – БҰҰ ұйғарымы бойынша Мүгедек адамдардың халықаралық күні болып жарияланған. Бұл күннің мақсаты – инклюзивті қоғамды дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға тең құқылы азамат ретінде араластыру. Елімізде мүгедек жандардың құқығын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар бар. Мүгедектіктің алдын алу, білім алуға қолжетімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту бүгінде қоғамның басты назарында.
Деректерге сүйенсек, аймақта 55 мыңнан астам мүгедектігі бар тұрғын тұрады. Ол – облыс тұрғындарының 5 пайызға жуығы. Облыс бюджетінен оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз ету үшін 1 млрд теңге қаржы бөлінген. 2021 жылдан бастап, мұндай құрал-жабдықтарды «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы тапсырыс беріп, алуға мүмкіндік жасалған.
– Өмірдің қиындықтарына мойымай, мәселелердің шешім табуына үлес қосып жүрген жандар бүгін ортамызда. Сіздердің бойларыңыздағы қайсарлық, өмірлік ұстаным біз үшін зор өнеге. Сіздер облыстың ең белсенді азаматысыздар. Облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға түрлі мемлекеттік қолдау көрсетіледі, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.
2022 жылы 25 мың азамат оңалтуға қажетті құралмен қамтылып, көмек көрсетілген. Бүгінде аймақта арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 70 ұйым бар. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мұндай қызмет түрінің игілігін 9 мыңнан астам адам көріпті. Аймақта мүгедектермен жұмыс жөнінде әкім кеңесшілері бар. Мүмкіндігі шектеулі 4 тұлға жергілікті билік ұйымдарына ұсынылған. Облыстың 11 өңірінде «Инватакси» – тегін көлік тасымалы оң жолға қойылыпты.
Ал салтанатты іс-шарада аймақта азаматтық ұстанымдарымен әлеуметтік мәселелер түйінінің шешілуіне мұрындық болған бірқатар үкіметтік емес ұйым өкіліне марапаттар тапсырылды.
Қарағанды