Марокконың астанасы – Рабатта өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 46 аталымды қарастырған 17-інші сессиясы барысында адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне қазақ мәдени мұрасының екі жаңа элементі енгізілді. Олар: «Ортеке» және «Қожанасырдың әзіл әңгімелері».
Аталған сессияға қатысқан қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері мен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұрасы жөніндегі ұлттық комитеттің сарапшылары болды.
Қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнері: би, қуыршақ, музыка үштігінен тұратын «Ортеке» – бір жіппен байланған тау ешкі мүсіншесін ырғаққа бейімдеген өнер. Қазіргі уақытта түркілердің бұл ежелгі өнері қуыршақ-музыкалық мәртебеге ие. Өйткені мұнда көркем шығармашылықтың бірнеше түрінің синтезі көрініс тапқан. Олар: сәндік-қолданбалы өнер, музыка, би, қуыршақ жүргізу. «Ортеке» жай ғана билеп қана қоймайды, көрермендердің көз алдында тұтас бір оқиғаны өрбітеді.
Қожанасыр немесе Қожа Насреддин – Шығыс фольклорлық кейіпкері, қысқа әзіл-сықақ және сатиралық миниатюралар мен әзіл әңгімелердің, кейде тұрмыстық ертегілердің кейіпкері. Ол зұлымдарды, сараңдарды, арсыздар мен екіжүзділерді мазақ етеді. Бұл элементті адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан бірлесіп енгізді.
Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізімі халықаралық қоғамды түрлі елдердің мәдени дәстүрлері және білімінен, таным-түсінігінен хабардар етуді көздейді.
Айта кетейік, орайы келген бұл істі үйлестіруде 2020 жылы Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілінің орынбасары Асқар Абдрахмановтың еңбегі ерекше.
Бұған дейін ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне қазақ мәдениеті мен өнеріне тән 11 элемент енгізілген, оның ішінде төртеуі ұлттық қазақ мәдени мұрасына қатысты: «Домбыра күй өнері» (2014), «Қазақ күресі» (2016), «Асық ату ойыны» (2017), «Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәстүрлері» (2018). Жеті элемент бірқатар елдің ортақ мәдени мұрасына жатады: «Киіз үйді жасау» (2014), «Айтыс өнері» (2015), «Наурыз» және «Қатырма» (2016), «Қорқыт ата мұрасы» (2018), «Тоғызқұмалақ» (2020), «Құсбегілік» (2021).
Сәл кейінге шегіне сөйлесек, «Ортеке» және «Қожанасырдың әзіл әңгімелерін ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне енгізуде еліміздің Әлібек Асқаров, марқұм Хабылсаят Әбішев, Ұлықбек Есдәулет, Дихан Қамзабекұлы, Зиябек Қабылдинов, Нұрлан Әлімжанов сынды зиялы қауым өкілдері Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысына арнайы хат жазып, Қожанасырдың әзіл әңгімелері тек қазақ ұлтына ғана емес, түркі дүниесіне ортақ екенін нақты дәлелдермен көрсеткен-ді.
Мәселен, қоғам қайраткері, заңгер-ғалым марқұм Хабылсаят Әбішев: «Қожанасырдың әзіл әңгімелерін қазақ халқының мәдени мұрасының маңызды элементі ретінде қарастырамын. Қожанасырдың әзілдері, афоризмдері қазақ, жалпы түркі жұртының ортақ мұрасы, ғасырдан ғасырға келе жатқан дүниетанымының ажырамас обьектісі екені мәлім. Мен Қожанасырдың әңгімелерін жастайымнан естіп өстім. Менің туған жерім Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысына атақты шығыстанушы Г.Н.Потанин 1913 жылы арнайы келіп, Қожанасырдың ертегілерін, ертегілерді, мифологиялық ескерткіш сарындарын жазып алып кітап етіп шығарған. Оған хабарлаушылар, айтқыштар менің әкелерім болған. Қожанасырдың әзілдері қысқа, оңтайлы, дағды-дидактикалы, халқымыздың халқымыздың діни, этномәдени болмысында тіршіліктің күрделі философиялық шешімдерін оңай шешу есебінде қалыптасқан. Қазіргі қазақтардың ауызекі коммуникациясында ең көп сілтеме жасалатын – Абай, сонсоң Қожанасыр. Қожанасырдың әзілдері қазақ және өзге көршілес халықтардың ортақ мұрасы ретінде Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының ЮНЕСКО қалыптастыратын репрезентативтік тізіміне қосуды барынша қолдаймын», деп жазыпты.
Міне, осындай қолдау хаттардың, басқа да ұйымдастыру жұмыстарының арқасында аталған құндылықтар ЮНЕСКО-ның арнайы тізіміне енгізіліп отыр.
Қазақстан Республикасының Материалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі ұлттық комитет төрағасының орынбасары Рүстем Мұзафаровтың айтуынша, Рабат қаласында осы жылғы 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 17-сессиясы Қазақстан үшін, қазақ мәдениеті үшін «Ортеке» және «Қожанасырдың әзіл әңгімелерінің» ЮНЕСКО тізіміне енуімен тарихта қалады.
«ЮНЕСКО БҰҰ-ның мәдениетке жауапты құрылымы ретінде материалдық емес мәдени мұраның, өнердің және басқа да рухани құндылықтардың қорғалуын қамтамасыз етеді. 2003 жылы Ұйым арнайы құжат – 180 мемлекет ратификациялаған Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны қабылдады. Қазақстан Республикасы осыдан он жыл бұрын осы Конвенцияны ратификациялады. Мәдени мұраның элементтері осы ғасырдың жаңа міндеттерін шешу үшін де маңызды», дейді ол.
Рүстем Мұзафаровтың сөзіне қарағанда, Комитет мүшелерінің барлығы «Ортекені» ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік тізіміне енгізуді қолдаған. Бұл қазақтың мәдени мұрасы бүкіл адамзаттың мәдени даму тарихының лайықты бөлігі екенін мойындауды көрсетеді. Сонымен қатар адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізуді Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан бірлесіп ұсынған «Қожанасырдың әзіл әңгімелерінің» де ЮНЕСКО-ның қорғауына алынуы аталған туыс елдердің ортақ мақтанышы болды деп айта аламыз.