«Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген» дейді ғой Мұқағали Мақатаев қазақтың қара өлеңі туралы. Тура осы сөзді қазақтың күй өнеріне де қарата айтуға әбден болады. Тек Алаш топырағына тән өнер атаулының ішінде күй, оның ішінде Кетбұғаның «Ақсақ құланы» екібастан солай. Тыңдаған сайын әрі-сәрі күйге салады. Қазақ күйлері, оның ішінде домбырада тартылатын туындылардың ілкі бастауы осы туындыдан бас құрайтындай сезіледі. Домбыра аспабына қатысты кейбір тарихи оқиғалардың осы күйдің шығуы мен аяқталуына байланысты айтылатыны тағы тегін емес.
Ұлы Қазақ хандығы, қазақ елдігінің алтын қазығы қағылған тұстан біздің ұлттың ішкі күйі мен хал-ахуалы да басталмай ма? Жошы ханға тиесілі, әкесі ұлы Шыңғыс қаған бөліп берді дейтін Дешті Қыпшақ даласының да сан тараулы шексіз тарихының басында осы күй тұрғанын айтқымыз келеді. Болашақ қазақ ұлысының алтын қазығы алғаш қағылғанда сарнап қоя берген қасиетті әуеннің ішінде не жоқ дейсіз? Бұл жерде мынаны ескеруіміз керек, біздіңше, қыпшақ даласында құрылған Қазақ ордасының негізі Жошы ұлысынан бастау алады. Жошы хан әкесі шақыртқан ұлы моңғол құрылтайына бармай қоюынан басталмай ма? Мұнда да сұмдық сырлар бар. Мың тараулы аңыз әңгімелерге жалғас. Солардың ең маңыздысы аталған күймен шегенделеді. Жаңадан құрылған Жошы ұлысының басындағы ең азалы күйді жеткізген ұлы сарын. Бір жағынан Жошының өлімін естіртсе, екінші жағынан оның елдік жолындағы асыл арманы мен мұратын, асқақ ерлігін, айбынды ақылын, өзекті өртер өкінішін бейнелейтіндей елестейді. Демек бұл Жошының өлімін ғана емес, одан қалған ұлы хандық үшін жорықтарды күй тілінде әйгілейді.
Сіз қазір тыңдап көріңіз, әйгілі «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйі бүгінгі заманның сұмдықтарынан хабар береді. Егер ықылас қойып, қазақ күйлерін тыңдап жүрген болсаңыз, қазіргі қазақ даласында шертіліп жүрген көптеген толғаулы күй осы шығармадан жан тартатынын анық сезінесіз. Түбірлес, мәндес, төркіндес болып шығады. Нұрғиса Тілендінің «Аққуы» мен «Ақсақ құланды» қатар тыңдаңыз. Дауыс құдіреті егіз өреді.
Күйдің бастапқы үнінің өзі баурап ала жөнеледі ғой. Ол өз алдына, біраздан соң соған жапсар немесе қаптал қосалқы үн естіледі. Біраздан соң қанат біткендей бір құдірет билей бастайды. Зар күйіне келеді бір уақта. Түйсікпен аңғарып отырсақ, әлгі күйдіріп-жандырып бара жатқан манағы бастапқы үн емес, соның алды-артын ұстап тұрған әлгі қосалқы дыбыс және сол өкініш пе, мұң ба, әлдебір сезім бірнешеу болып құбылып шығады. Ана бастапқы әуен әдепкі сарын не сұлба ретінде қалады да, сол сарынды көтеріп тұрған екінші, үшінші дыбыс екені анық байқалады. Сондай ғажапқа қалып отырғаныңызда, негізгі мақамға қанат болып біткен жаңағы сұмдық үндер ішкі күйіңмен үйлесіп, есіңе әлденелер түсіп, дыбыстың түпкі ғажаптары арқылы өз күйіңізге елігіп кетуіңіз әбден мүмкін. Тіпті тыңдай бастаған күйіңіз далада қалуы кәдік. Құлағыңа соның бастапқы бір сарындары ғана естіліп тұр, бірақ есілдертің басқада. Өйткені әлгі көркем дыбыстар ішкі күйіңмен сәйкесіп, тым аулаққа алып кеткен жаныңды. Немесе соған орайлас әлдебір шым-шытырықтардың соңына түсіп алып «лағып» кеттіңіз. Біздіңше, күйдің бір сипаты осы болса керек. Тыңдарманның ішкі күйі әуенмен үйлесім тауып, адамның өз іші қобыз не домбыра болып тартылғанда барып жаның бір жасап қалмай ма? «Ақсақ құланды» тоқсан тараулы, мың толғаулы дейтініміз, сондықтан.
Аталған күйді бүгінгі күнге жеткізуші Қамбар Медетов екенін жазады өлкетанушы Жақсат Қарлығашов. Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында «Екі ішекке арналса да, оркестрге сұранып тұрған осынау керемет симфониялық поэманы Медетов тамаша орындайды. Әсіресе мені таң-тамаша ететін тұсы – негізгі саздың үшінші қайтара жоғарғы регистрге оралатын сәтінде, шынымды айтайын, күйшінің әуенге адам даусына немесе үрлемелі аспапқа тән әуезділік пен ұзақтылық беріп, ал шертіп отырған екінші ішекте pizzicato ойнап тұратын шеберлігіне тіпті менің ақылым жетпей қойды», дейді екен (А.В.Затаевич. «1000 песен казахского народа». Музгиз, 1963 г.- 484 стр.).
Академик А.Жұбанов өзінің «Өскен өнер» деген кітабында: «Қаншама топтан озған домбырашылар болса да, Құрманғазы атындағы оркестрге жиналғандардың бірде-бірі Қамбардың апликатурасын (саусақ басу тәртібін) ала алған жоқ» деп жазады.
«Қазақ халқының 1000 әні» кітабымен танысқан француз жазушысы Ромен Ролан 1926 жылдың сәуірінде Швейцариядан А.Затаевичке хат жазып: «Кітаптағы «Ақсақ құлан» күйінің соншама қарапайым әдіспен көңіл күйіңді баурайтын әсеріне қайран қалдым» деп таңданысын білдіреді. «Ақсақ құлан» күйінің А.В.Затаевич жасаған өңдеу нұсқасын Г.П.Любимовтың мемлекеттік квартеті Еуропа сапарында гастрольдерде орындап, 1925 жылы Парижде болған дүниежүзілік көрменің, 1927 жылы Майндағы Франкфуртте өткен «Музыкалық джаз» концертінің бағдарламасына кіргізген. Сондай-ақ «Ақсақ құлан» күйі бұл ұжымның сол жылдары Швеция, Норвегия, Данияға барған шығармашылық сапарларында халық назарына ұсынылады.
Атақты Евгений Брусиловский: «Медетовтің домбыра тартуы мен тыңдап көріп жүрген басқа домбырашылардан мүлде бөлек, әлдебір айрықша тәсілмен тартады. Әсіресе «Ақсақ құланды» орындағаны тілмен айтып жеткізе алмайтын құбылысқа тән. Бұл күйді Медетов ойнағандай нотаға жазып алу өте қиын», деп жазыпты «Дүйім дүлдүлдер» кітабында. Демек біздің тыңдап жүргеніміз құпия мен жұмбаққа толы көне сарынның жұрнағы мен жұқанасы ғана болып шығады.