Астанада Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Грекия Сыртқы істер министрі Николаос Дендиаспен келіссөз жүргізді. Кездесуден кейін ведомство басшылары журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
«Грекия – біздің Оңтүстік Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптестеріміздің бірі. Биыл біз дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтіп отырмыз. Николаос Дендиас мырза екеуіміз ашықтық пен толық өзара түсіністік рухында саяси және сауда-экономикалық салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың болашағын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты талқыладық.
Биыл екіжақты сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың серпінді болғанын атап өткім келеді. Грекия – біздің негізгі сауда әріптесіміз. 2022 жылдың он айы ішінде Қазақстан мен Грекия арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға артық», деді М.Тілеуберді.
Сыртқы істер министрінің айтуынша, 20 маусымда жаңа экономикалық алаң – Қазақстан-Грек Іскер кеңесі өз жұмысын бастады. Бұл іскер топтардың өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға деген қызығушылығының артып отырғанының дәлелі.
«Сонымен қатар «Эйр Астана» биыл жазғы туристік маусымда Алматы мен Ираклион арасында тікелей рейс ашып, көптеген Қазақстан азаматтары Грекияның Крит аралында демалуға мүмкіндік алды. Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Грекия үкіметаралық комиссиясының 5-отырысы биылғы екіжақты ынтымақтастықта тағы бір маңызды оқиға болды. Отырыс хаттамасы тараптардың сауда, экономика, инвестиция, энергетика, көлік, білім және ғылым салаларындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту жөніндегі негізгі уағдаластықтарын бекітті.
Грекияның өкілді делегациясы Үкіметаралық комиссия отырысымен қатар Жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел жұмысына да қатысып, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ инвестициялық өзара іс-қимыл туралы екіжақты құжаттарға қол қойды», деді М.Тілеуберді.
Ведомство басшысы Қазақстанда тұратын грек диаспорасын халықтар мен мемлекеттерді байланыстыратын көпірге теңеді. Мәселен, Қазақстанда грек дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қолдайтын 17 аймақтық қоғамды қамтитын «Филия» Қазақстан грек қоғамдары ассоциациясы жұмыс істейді.
«25 қарашада Грекияның Ахарна қаласында Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30-жылдығына орай ескерткіш орнатылды. Елдеріміздің сыртқы саяси мекемелері арасында дипломатиялық қызметкерлерді даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық.
Жалпы, келіссөздердің нәтижелері елдеріміз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты толық ұлғайтып, кеңейтуге деген өзара мүддені растады. Дендиас мырзаның Қазақстанға ресми сапары Астана мен Афина арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қосымша серпін беретініне сенімдімін», деді М.Тілеуберді.
Өз кезегінде Николаос Дендиас Қазақстан Грекия мен барлық Еуропалық одақ үшін сенімді энергетикалық серіктес деп мәлімдеді. Сондай-ақ аймақтағы көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша да талқылау жүргенін хабарлады.
«Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынастың маңызына тоқталдық. Грекия бұл бағыттағы ынтымақтастықтың әрі қарай дамуына күш салуға ниетті. Сондай-ақ біз кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне енуін құптаймыз», деді Николаос Дендиас.
Сондай-ақ Н.Дендиас Ақтау қаласында Грекия консулдығын ашуға көмектескені үшін ел Үкіметіне алғыс білдірді.
«Грекия мен Қазақстан бір-бірінен алыс қашықтықта орналасқан. Бірақ арамыздағы достық қарым-қатынас өте жоғары маңызға ие. Қазақстанда 10 мың грек ұлтының өкілі тұрса, Грекияда мыңдаған қазақстандық тұрады. Бұл біздің берік достығымыздың нәтижесі деп білемін. Сонымен бірге Қазақстан Үкіметіне ризашыл-ығымды білдіргім келеді. Бұдан әрі қарай да ынтымақтастық байланысымызды БҰҰ арқылы жүргіземіз деген үміттемін», деді Грекия Сыртқы істер министрі.