• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 06 Желтоқсан, 2022

Баға бұлқынысы

234 рет
көрсетілді

Үкімет бағаны бақыламауға ыңғай танытып еді, нарық­та ел экономикасын қайта бағдарлау мәселесіне басқаша көз­қарас пайда бола бастағандай сыңай байқалды. Сарапшы­лар­дың кейбірі мұны монополиямен күресудің бір тетігі ретінде қарастырғысы келеді. Әңгіме – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын шектеудің күшін жою туралы. Бақылауда ұстағанның өзінде ие бермей тұрған баға мұндай жағдайда одан әрі аспандап кете ме деген алаңдаушылық та бар.

Дегенмен нарықтың бұл әдісті құп көрмейтінін сарапшы­лар­дың бәрі айтып жүр. Нарық заңы­на зер салсақ, бағаны тек сұ­раныс пен ұсыныс қана реттей­ді. Нарық заңымен жүйе­лей алсақ, жоспарлы экономи­каның құрсауынан нарық­тық экономиканың мінберіне жетелеп апаратын тетік осы екен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдау­да бағаны әкімшілік жолмен рет­теу тұтас салалардың инвес­ти­ция­лық тартымдылығын төмен­детіп, елді импортқа тәуелді ететі­нін, баға белгілеу ісіне мем­ле­­кет­тің араласуынан біртіндеп бас тарту керектігін ескертті. «Бәсекелік ортасы жоқ нарық қана бұрынғыдай қала береді. Монополистердің тарифтері қатаң бақылауда болады. Бірақ бақылау жасау орынсыз қысым көрсету деген сөз емес», деген еді Президент.

Ал Премьер-Министрдің орын­­басары – Сауда және инте­гра­­ция министрі Серік Жұман­ғарин жуыр­­­да БАҚ өкілдері­не бер­ген сұх­­­батында әкімді­ктер келе­сі жылдан бас­тап әлеуметтік маңы­­зы бар азық-тү­лік тауар­лары­­­ның бағасын қа­таң рет­теуден бас тартып, оның ор­нына цифр­­­лық отбасылық карта­лар мен «әлеу­­­меттік әмиян» жүйесін енгі­зе­ті­нін айтты. Осы уақыт­қа де­йін әлеу­меттік маңызы бар 19 азық-түлік өнімінің бағасына қосы­ла­тын үстеме­ақы 15 пайыздан ас­пауға тиіс деген қатаң талап бар еді.

Бұл талапты орын­дамағандарға 100 айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде айыппұл салынатын. Енді министрлік осы тәртіптің өзгеретінін айтты. 15 пайыздан аспайтын шекті үстемеақының орнына «әлеуметтік әмиян» тетігін ұсынған. С.Жұманғарин айтып өткендей, 19,5 млн ел азаматының тек 1 млн-ға жуығы атаулы әлеуметтік кө­мек алады. Демек қолдау шаралары да нақты осы топқа бағытталуы керек. Министр бағаны бақылаудың орнына мұқтаждарға арнайы азық-түлік жәр­демақысын тағайындауды ұсы­нып, ақша әлеуметтік көмек алатын аза­мат­тар­дың шотына тікелей түсетінін айтты. Алайда көмектің нақты сомасы қан­ша болатыны, оған қарастырылатын бюд­жет шығынына қатысты ақпаратты ми­нис­тр­лік жариялаған жоқ.

Қаржыгер Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, бұл жерде көмекке мұқтаж тұр­ғындардың саны 1 млн деген деректі нақ­тылап алу керек. 2022 жылғы 1 тамыз­да­ғы дерек бойынша 121,1 мың отба­сындағы 622,6 мың адамға атаулы көмек берілген. «Қоғамда түсінбестік тумас үшін «әлеуметтік әмиян» мен әлеуметтік көмек­тің ара-жігін анықтап алу керек. Осы­ған дейін әлеуметтік жәрдемақы алып келген азаматтың мәр­те­бесі «әлеуметтік әмиян» алушымен те­ңе­се ме деген сұрақтардың жауабы әлі нақтыланған жоқ», дейді ол.

Елімізде кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең. Бұл көрсеткіш өңірлер бойынша өзге­ріп отырады. Ең төменгі көрсеткіш Шымкентте – 25 731 теңге, ең жоғарғы дең­гей Маңғыстауда – 32 374 теңге. Яғни де­мографиялық көрсеткіш бойынша дес бермей келе жатқан Түркістан облысында табыс жан басына шаққандағы көрсеткіш 180 мың теңге болу керек. Салыстырып айтқанда, отбасында 8 баласы бар, ата-анасымен қосқанда 10 жан тұратын үйдің орташа табысы 180 мың теңге болуға тиіс. Б.Зиябеков айтқандай, әлеуметтік көмек алып келген топ пен кедейлік шегінде өмір сүріп отырған топты бір-бірімен шатастыру дұрыс емес. Оларды екі санатқа бөліп қарастыру маңызды.

Қараша айының алғашқы онкүн­ді­гінде елде қанша бай мен кедей ба­рын көр­­сететін отбасылық цифр­лық карта құ­ры­­латыны хабарланды. «Smart Data Ukimet» платформасында әртүрлі мемле­кет­тік органдардың 20 дерек­қоры арқылы Қазақ­с­тан­дағы барлық отба­сының әл-ауқа­ты туралы ақпарат жаңартылып отыр­мақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Тамара Дүйсенова жур­налис­термен кездескенде мемлекеттік орган­дардың ақпараттық жүйелерінің дерек­тері негізінде цифрлық картада 6,3 млн отбасыда 19,5 адам тұратыны туралы ақпа­рат жиналғанын айтты. Нақтыласақ, отбасының табысы кедейшілік шегінен төмен түсіп кеткенін көрсе, министрлік ол адамға смс-хабарлама жіберіп, мемлекеттен қандай көмек ала алатынын хабарлайды.

Цифрлы технология кезінде әрбір отбасы бюджетінің кіріс-шығысын анық­тау­дың қиындығы жоқ, яғни ақпа­раттық технология жағынан дайынбыз. Бірақ са­рапшы айтып өткендей, баға мен инфляция, импортқа тәуелділік мәселесіне келген кезде жігеріміз жасып қалған кезде де жағдайды реттеп жіберетін қо­сымша тетік­тердің қарастырылғаны абзал. Бас­қа­ша айтсақ, «Б» жоспарын да әзірлеп қою керек. Мұндай жағдайда әлеуметтік жәрдемақы мен «әлеуметтік әмиян» иеле­рінің ара-жігі қосылып, оның бәрі дағда­рыс кезінде қолына құрық ұстап қалған кедей топтың қатарын толықтырып жіберуі мүм­кін.

– Мемлекеттің бақылауында болған бағаның тәртіпке көнген кезі де есімізде жоқ. Біз білетін Үкімет азық-түлік бағасын біртіндеп босатып, халықтың көзін де, қал­тасын да үйретіп алу ұста­нымына ба­сым­дық беріп отыр. Содан кейін инфляцияны ресми және бейресми деп бөліп қарайтын кез келді. Жыл басында Ұлттық банк инфляцияны бұрынғы 6-8 пайызға қайтарамыз деп уәде берген. Бірақ жыл соңында бұл дәлізге енді жақын арада орала алмайтыны ашық айтылды. Үкіметтің баға­ны реттеуден бас тартуы туралы ше­ші­міне осы жағдайдың ықпал еткені анық, – деді Б.Зиябеков.

Мұндай шешім әлеуметтің қалтасын қарып түсетінін Үкімет біліп отыр. Бізде азық-түліктің 40 пайызы Ресейден келе­ді. Ресей тауарлары нарықта үстем­дік құрып отыр. Қырғыз бен өзбектен келіп жатқан та­уар­дың үлесі мардымсыз. Осыдан бірер жыл бұрын ғана 1 рубль 4 теңге бола­тын, қазір 8 теңге. Ресейдегі азық-түлік инф­ляциясы 15 пайызды құрайды. Ал Қазақ­­станның көрсеткіші 18,8 пайыз. Бұл – ЕАЭО елдері арасындағы ең жоғары көр­сеткіш.

Қаржыгер Үкіметтің нарықтағы ба­ға­лар­ды бақылау мүмкіндігі шектеулі еке­нін, бәрін жаппай тексере алмайтынын, Ресей­дегі жағдайдың біздің нарыққа әсе­рін дұрыс бағаламай отырғанын айтты. «Осы кезге дейін бізге шамамен 1,5 мың компания Ресей арқылы тауар тасымалдап келді. Логистикалық тізбек бұзылып еді, нарықта тауар тап­шы­лы­ғы пайда болды. Мұндай әлеу­мет­тік маңызы бар шешімдер азық-түлік нарығына скрининг жасап бол­ға­ннан кейін қабылдануы керек шығар», деді Б.Зиябеков.

Тәуелсіз сарапшы Денис Криво­шеев­тың айтуынша, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 1,5 пайызға көтергені азық-түлік бағасына әсер етті. Келер жылы мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігі 19 пайыз­дан 16 пайызға дейін қысқаруы мүмкін. Бұл да халықтың оң жамбасына келмейтін көрсеткіш. Денсаулық саласына бөлінген қаржы ІЖӨ-нің 2 пайызынан сәл ғана асады. Мұндай жағдайда халықтың негіз­гі ішіп-жеміне айналып отырған азық-түліктің бағасымен ойнау өте қауіпті. Халықтың өмір сүру деңгейі қазірдің өзінде төмендеп жатыр. Соңғы үш айда экономикалық өсім 2-2,5 пайыздық көрсеткішпен тұйықталып тұр. Мұндай өліара кезде бағамен ойнауды халық­аралық заңдар да құп көрмейді. Осы тұста мынадай жағдайға назар аудару қажет. Ұлттық банк депозит нарығының инвес­ти­ция­лық тартым­ды­лы­ғын көтеру­ге әрекет етіп жатыр. Бұл шешім валюталық курсқа қысым жасалмауы үшін қабылданған деп түсіндірілді.

– Өліара шақта азық-түлік бағасын еркіне жіберу ұсынысқа да, сұранысқа да әсер етпейді. Нарықтағы баға Үкіметтің ше­шіміне емес, импортқа тәуелді екенін түсі­нетін кез жетті. Біздің ел азық-түлік нары­ғында әлемдік қана емес, жан-жағы­мыз­дағы бағаға да әсер ете алмайды. Ең алдымен, көлік дәлізін әртарап­тан­ды­ру­ға, біздің нарыққа Ресей арқылы тауарын жет­кізіп тұрған 170 компанияның логис­ти­калық бағытына назар аудару керек, оларды бізге тиімді бағытқа бұру қажет. Жуырда Еуропалық одақ Транс­кас­пий халықаралық көлік бағытын дамытуға инвестиция салуды жоспарлап отырғанын айтты. Егер сыртқы факторлар кедергі келтірмесе, осы жоба арқылы Еуроодақ нарығымен интеграцияланып, барыс-келісті көбейтеміз, – дейді Д.Кривошеев.

Инновациялық экономика институ­ты­ның сарапшысы, ҚазҰУ профессоры Мағбат Спановтың айтуынша, инфляция­ны бақылауға алу үшін алдымен ел­дегі макроэкономикалық саясатқа кім жа­уап­­ты екенін анықтап алу керек. Осыған дейін экономикалық блок Президент Әкім­шілігінен кетіп, Үкіметке берілді, сосын қайтадан Президент әкімшілігіне өтті. Сарапшының пайымдауынша, инфляциямен күрес Үкімет мүшелерінің ұжымдық жұмысына байланысты.

– Тауарлар мен азық-түлік тауарла­ры­ның бағасын ырықтандыру экономи­калық жағдайға және кәсіпорындардың өміріне кері әсер ететінін Үкімет түсінді. Дамыған елдер бағаның реттелуін ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­ші­лерді кадр­ларға, технологияға, автомат­тан­­ды­руға инвестициялауға болатын қо­сым­ша табыстан қағады деп түсінеді. Бизнес нарық жолымен дами алмайды, ал әлеуетті инвесторлар өнімі жасанды түрде реттеліп отыратын жобаларды жаңа инвестициялар көзі деп қа­былдамайды. Себебі біздің елде шек­ті бағалар қаңтар, наурыз, маусым және қыркүйекте белгіленеді. Ал бізде на­рық­та­ғы жағдай апта сайын құбылып тұрса да, баға үш айда бір өзгереді деген қатып қалған қағида бар. Енді қаржы­лық субсидия алатын топты қандай өлшем­дер­ге қарап бағалау керектігі анықталуы керек. Үкімет бұл шешімді әлеуметтік жа­ғынан аз қорғалған топқа бөлінетін қар­жыны қысқарту қажет болған соң қа­был­дап отыр, – дейді М.Спанов.

Сарапшы атап өткендей, мүмкіндігіміз кө­тере алмайтын уәделерден аулақ бо­лу­­дың кезі келді. Қоғамды жалаң ұран­мен алдай алмаймыз. Бізге жалаң ұран емес, экономикамыздың өсуіне мүмкіндік беретін және оның аясын­да ха­лықтың әл-ауқатын жақсартуға бо­латын нақты, тиімді шешім­дер­дің платформасы бола алатын шешімдер қажет.

 

АЛМАТЫ