Финляндияның Рука қаласында ұйымдастырылған фристайл-акробатикадан Әлем кубогінің алғашқы кезеңі мәресіне жетті.
Қысқы спорт маусымының басталғанына көп бола қоймаса да, әлемдік аренада бақ сынап жүрген қазақстандық спортшылар өрелі өнерімен көзге түсіп жатыр. Мәселен, Рукадағы фристайл-акробатиканың алғашқы кезеңінде қазақстандық Жанбота Алдабергенова сәтті өнер көрсетіп, биылғы Әлем кубогіндегі бірінші қола жүлдесін жеңіп алды. Ұлттық құрама көшбасшысы финалдағы жаттығуында 80,04 балл жинап, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Осылайша, Жанбота Әлем кубогіндегі жарыстарда осымен бесінші мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Қазіргі таңда ол Әлем кубогінің рейтингінде үздік үштіктің қатарында тұр.
Алғашқы кезеңде аустралиялық Даниэль Скотт топ жарса, канадалық Марион Теноулт күміс жүлдеге ие болды. Қазақстандық Аяна Жолдас пен Ардана Маханова іріктеу кезеңінен өте алмады.