Қонаев қаласын қақ жарып өтетін қасқа жолдың бойында көне көліктер мекені бар. Атау-сойы да адам көңілін тыпыршытатындай «Тұлпар» деп аталады. Осы ретросалоннан өткен ғасырдың 50-80 жылдарында жасалған ескі көліктердің түр-түрін көруге болады.
Қазір ретросалонда қырық шақты көлік бар. Ескі автомобильдердің бәрін салонның иесі, аймаққа белгілі кәсіпкер, меценат Мұрат Сіргебаев қалпына келтіріп, өңдеген көрінеді.
– Көне жәдігерлерді жаным сүйеді. Ескі көліктер салонын ашқанға дейін атамзаманғы радиоқұрылғыларды, граммафондарды, пластинкаларды, ыдыстарды жинадым. Бірде қаладан ескірген газды су сататын аппарат көріп қалып, әлгіні сатып алдым. Ескірген демесең, қалыпты жұмыс істеп тұр екен. Өзім көлікқұмармын. Осыдан кейін неге автосалон ашып, оған ескі көліктерді қоймасқа деп ойладым. «Тұлпардың» тұсауы осылай кесілді, – дейді кәсіпкер, меценат Мұрат Сіргебаев.
Бүгінде ретросалондағы ең қымбат жәдігердің бірі – Дінмұхаммед Қонаевтың қызметтік көлігі. Кеңес одағындағы автоөндірістің мақтанышы болған «Газ-14» жеңіл көлігі үкімет қызметіндегі адамдарға мінуге арналып жасалған еді. Жалпақ жұртқа «Чайка» атауымен танылған көліктің бірін кезінде Қонаев тақымдаған. Кейіннен ескіріп, есептен шыққан сол «Чайка» металл сынығына өтіп кете жаздапты. 2014 жылы көліктің хабарын кездейсоқ естіп қалған Мұрат Сіргебаев оны тауып, толықтай өңдеп шыққан.
– Қонаев ақсақал мінген көлікті жөндеп, толықтай әрлеуге 8 ай уақыт кетті. Бұл өзі сирек кездесетін модель болатын. 1977 жылдан 1988 жылға дейін советтік автоөндіріс 1 114 «Чайка» шығарған. Оның көбін басшылар мінген. Ұзындығы 6 метр 30 сантимер болатын алып көлік өз заманында қол жетпес арман болған. Әрі Димаш атамыздың ізі қалған көлік болған соң біздің салондағы қымбат жәдігерлердің қатарында тұр. Бұдан бөлек сол кезеңнің куәсіндей болған 40 автомобиль тағы бар, олардың бәрін көлікқұмар, өз ісін сүйетін жігіттер қайта қалпына келтіріп шықты, – дейді Қонаев қаласындағы ерекше автосалонның иесі.
Алматы облысы