Футболдан Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионатының плей-офф кезеңі тағы бір сенсациямен аяқталды. 1/8 финалдың жетінші матчында Марокко Испанияны (2010 жылғы әлем чемпионы) пенальти сериясында тізе бүктіріп, өз тарихында тұңғыш рет әлем біріншілігінің ширек финалына жолдама алды. Ал плей-оффтың соңғы бәсекесінде Португалия Криштиану Роналдудың көмегінсіз-ақ, Швейцарияның тас-талқанын шығарды – 6:1.
Осыдан төрт жыл бұрын Ресейде ұйымдастырылған әлем чемпионатының топтық кезеңінде Марокко Испанияны тобықтан қағып, плей-офф сатысына шығармай тастауы мүмкін еді. Алайда соңғы минуттарда Яго Аспас таразы басын теңестіріп, испаниялықтар доп айырмасының арқасында ғана келесі кезеңге бірінші орынмен шыққан еді. Ал Марокко болса, жалғыз ұпаймен В тобында соңғы орында қалып қойған-тын. Бірақ Испания 1/8 финалда жарыс қожайындарынан пенальти сериясында жеңіліп, ширек финалдан тыс қалған болатын.
Испания биылғы әлем біріншілігінде де төрт жыл бұрынғы тарихын қайталады. Олар алғаш доп айырмасымен плей-офф кезеңіне шыққан болса, 1/8 финалда Мароккодан пенальти сериясынан жеңілді. Сөйтіп, бұл жолы да Испания футболшылары ширек финалдан тыс қалды.
Марокко Қатардағы әлем чемпионатын өте жоғары деңгейде өткізіп жатқанын айта кету керек. Топтық кезеңде 2018 жылғы доданың екі жүлдегері – Хорватия мен Бельгия және 1986 жылдан кейін әлемдік мундиалға бірінші рет қатысқан Канадамен бір топта ойнап, жеті ұпаймен өз тобында бірінші орынға ие болды.
Бір қызығы, африкалықтар турнир басталардан үш ай бұрын бапкер ауыстырып, футбол сарапшылары оларды аутсайдерлердің қатарына қосып қойған-ды. Бірақ 47 жастағы жаттықтырушы Валид Реграгий аз уақыттың ішінде барлық футболшыны бір мақсатқа жұмылдыра алды. Әдетте, мұндай құрамалар күтпеген жерде сенсация жасап жататын. Оны чемпионатқа қатысып жатқан бірнеше команда дәлелдеп берді.
Испания болса, топтық кезеңде Коста-Риканы ірі есеппен жеңіп, соңғы турда Жапониядан жеңіліп, әйтеуір жанкүйерлерін зеріктіре қойған жоқ еді. Ал 1/8 финалдағы Испания – Марокко матчы жанкүйерлердің ішін әбден пыстырғаны анық. Әрине, бір команда 90 минут бойы қорғанып, екіншісі қорғаныстың кілтін таба алмай, дені дұрыс шабуыл ұйымдастыра білмесе, ондай ойында қандай береке болады дейсіз. Ақыры бірде-бір гол соғылмаған матчтың жеңімпазын ойын соңындағы пенальти сериясы анықтап берді.
Луис Энрике осы матчың алдындағы баспасөз мәслихатында футболшыларына мың рет пенальти тепкізіп, футбол лотереясына әбден дайындағанын айтып еді. Бірақ жауапты сәтте «қызыл фурия» футболшылары тағы да ескі әдетіне басып, бұл жолы Мароккодан жеңілді. Испанияның үш футболшысы – Карлос Солер, Серхио Бускетс және Пабло Сарабия 11 метрлік нүктеден мүлт кетсе, Тунистің жеңісті голын Мадридте туып, кезінде Испания құрамасына керек болмаған Ашраф Хакими соқты.
Португалия құрамасының бас жаттықтырушысы Фернанду Сантуш Швейцариямен болған ойында Криштиану Роналдуды қосалқы құрамда қалдырып, оның орнына ұлттық құрама деңгейінде аса тәжірибесі жоқ «Бенфиканың» 21 жастағы шабуылшысы Гонсалу Рамушты шығарғаны барша футбол маманын таңғалдырды. Сантуш швейцариялық әріптесі Мұрат Якинге осындай үлкен тосынсый дайындаған екен.
Матчқа дейін көпшілік Фернанду Сантуштың таңдауына тосырқай қарап, Португалия үшін алаңдаған еді. Әйтсе де, матчтың есебі Сантуштың тактикасы 100 пайыз жүзеге асқанын дәлелдеп берді. Ол Роналдуды алғашқы минуттан бастап алаңға шығармағанына еш өкінген жоқ. Қайта қуанышы басым болды. Маңызды ойында сенім білдірген шәкірті Гонсалу Рамуш жерге қаратпай, 67 минуттың ішінде бір емес, үш гол соғып, Португалияның қаһарманына айналды. Сондай-ақ матчтың 33-минутында есепті еселеген Пепе Португалия құрамасы сапында әлем чемпионаттарында гол соққан ең сақа футболшы атанды. Екінші таймда Пиреней түбегі елінің өкілдерінен Геррейру (55) мен Леау (90+2) бір-бір мәрте мергендік танытса, Швейцарияның жалғыз голын 58-минутта Аканжи салды.
Португалия құрамасы бесінші голын соққаннан кейін бас бапкер Сантуш үш гол соққан Рамуштың орнына Роналдуды шығарды. 37 жастағы футболшы гол соғуға әжептәуір ұмтылғанымен, қанжығасын майлай алмады. 83-минутта Криштиану Зоммердің қақпасынан саңылау тапқанымен, бас төреші гол ойыннан тыс жағдайда соғылды деп есептемей қойды.
Осылайша, Швейцария қақпасына алты гол соққан Португалия 10 желтоқсан күні ширек финалда Марокко құрамасымен ойнайтын болды. Бұл – Марокко үшін әлем чемпионатындағы бірінші ширек финал матчы болса, португалиялықтар осымен үшінші мәрте ¼ финал межесіне жетіп отыр. Сол күнгі екінші матчта 2018 жылғы әлем чемпионы Франция былтырғы Еуропа біріншілігінің вице-чемпионы Англиямен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Бүгінге дейін Франция мен Англия жасыл алаңда 31 мәрте жолығып, соның 17-сінде ағылшындардың мерейі үстем болған екен. Тоғыз матчта француздар жеңіске жетсе, 5 кездесу тең есеппен аяқталған.
Ал 9 желтоқсанға жоспарланған ширек финалдың алғашқы матчында Нидерланд – Аргентина, екіншісінде Хорватия – Бразилия құрамалары сынға түседі. Футбол жанкүйерлерінің есінде болса, Нидерланд пен Аргентина 2014 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында кездесіп, Оңтүстік Америка құрлығының өкілі матч соңындағы пенальти сериясында жеңіске жеткен еді. Енді Луи ван Галь шәкірттері бұл ойында есе қайтаруды көздейтіні анық. Бірақ бас жүлде үшін келген Мессидің сегіз жыл бұрынғы жеңісін қайталағысы келетіні түсінікті.
Бразилия мен Хорватия әлем чемпионаттары тарихында осымен үшінші мәрте кездескелі тұр. Алғашқы екеуі топтық кезеңі аясында өтсе, бұл жолы ширек финалда жолдары түйісті. 2006 жылы Германияда ұйымдастырылған біріншілікте Бразилия құрамасы хорваттарды 1:0 есебімен тізе бүктірген болса, 2014 жылы өз елінде өткен додада 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді.