Жетісу облысында өрт кезінде ер адам өртеніп жатқан үйден үш баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті 7 желтоқсан күні сағат 21:40-та Панфилов ауданы, Үлкен ауылында тұрғын үй өртенгенін хабарлады. Өрт 22:22-де 50 шаршы метр аумақта сөндірілді.
Бұл ретте өртті хабарлаған ер адам өрт сөндірушілер келгенге дейін жанып жатқан үйдің балалар бөлмесінен 2010, 2014 және 2018 жылы туған үш баланы шығарған. Бұдан соң, ұйықтап жатқан ата-анаға үйден шығуға көмектескен. Кейін үйден екі газ баллонын шығарып, өртті өздігінен сөндіруге кіріскен.
Балаларды құтқарған қаһарман қызметтен бос уақытында үйде болған Жаркент қаласы ПЧ-11 өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты Айтбаев Еркебұлан Тұрғанұлы болып шықты.
Өрттің алдын ала себебі - қатты отынмен жұмыс істейтін пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау.