Кейінгі жылдары қазақстандық жас талантты спортшылар елімізде кенжелеп қалған спорттың түрінен олжа салып жүр.
Атап айтар болсақ, жуырда Нидерландтың Ассен қаласында спорттық би жарысынан кезекті әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Сол додада қазақстандық Арман Төлепбергенов пен Зеріп Мәдиқызы жұбы өнер көрсетіп, «қызғалдақтар елінен» күміс жүлдемен оралды. Бұл – елордалық жас жеткіншектердің әлем біріншілігіндегі алғашқы жүлдесі. Арман – спорттық бимен жеті жасынан бастап айналысса, Зеріп алғаш рет 4 жасында спорттық бидің әліппесімен танысқан. Қазіргі таңда олар елордадағы starlight Balance спорттық би клубында жаттығады.
Қазақстандық және ресейлік білікті бапкерлер – Екатерина Рыбина, Руслан және Валерия Айдаевтардан тәлім алатын жерлестеріміз бүгінге дейін бірталай жарыста өз мықтылығын дәлелдеп үлгерді. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Көкшетау қалаларында ұйымдастырылған елішілік додаларда бірнеше рет топ жарған болса, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында, Болгарияда өткен халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері атанған.