Ел медицинасында онкологиялық ауруларды ерте анықтау, диагноз қою, сондай-ақ қатерлі ісігі бар науқастарға заманауи үлгідегі медициналық көмек көрсету деңгейі жақсарып келеді. Бұл жетістік мемлекетіміздің медицина саласына жіті назар аударуы және дамыған елдермен тәжірибе алмасуға кең жол ашуының нәтижесі екені анық.
Жалпы, «онкология» дегенде адамды бірден үрей билейді. Көбінің дер кезінде емделуге дәті бармай, дерті асқынған соң дәрігерге жүгініп жатады. Бұл аурудан айығудың жолы емес. Әркім өз денсаулығына жанашырлықпен қарамаса, кеселден құтылу оңайға соқпайды.
Елордадағы Онкология орталығына биыл – 70 жыл. Осыған орай жуырда Астана қаласы әкімдігінің «Көпсалалы медицина орталығы» және «Онкологтер мен радиологтер альянсы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Онкологияға инновациялық технологияларды енгізудің тәжірибесі мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға 400-ден астам отандық, шетелдік ғалымдар мен дәрігерлер, онкология саласында әлемге әйгілі 47 спикер қатысты. Мақсат – онкология саласындағы тың жаңалықтармен бөлісу, тәжірибе алмасу.
Жалпы, дәрігерлердің айтуынша, онкологиялық ауруларды емдеудің үш тәсілі бар. Атап айтқанда, ең алдымен операция арқылы ауру ошағын толық жою, алып тастау әдісі, одан кейін радиоактивті заттардың сәулесімен ісіктің кейбір түрлерін толығымен емдеп, жазуға болады. Ал үшінші әдіс – химия терапиясы көмегімен ғана емдеуге болатын ісік түрлері. Бұдан бөлек, тереңде орналасқан түйіндерді тек сәуле арқылы емдеу әдісі де қолданылады. Әйтсе де қандай ауруға болсын операция жасау оңай емес. Операция сәтті шығу үшін дәрігерлерге де ұдайы тәжірибе алмасу қажет.
Осы орайда елдегі онколог мамандардың кәсібилігін арттыру мақсатында аталған орталықта бұрын тәжірибеде қолданылмаған 5 онкохирургиялық операция жасалды. Астана қаласы әкімдігі көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев күрделі операциядан кейін науқастар өзін жеңіл сезініп, белсенділігі артып, жүріп-тұруының тез қалыптасуына мүмкіндік алғанын айтады. Сондай-ақ адамның іш құрылысы ашылып жасалған операциялар лопароскопиялық тәсілмен сәтті жасалғанын жеткізді.
Ал №62 Мәскеу қалалық онкологиялық ауруханасының бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Илья Черниковский: «Қазақстандық дәрігерлер бізден, біздің олардан үйренеріміз көп. Себебі кез келген шеберлік сыныбы тәжірибе алмасуға бағытталғандықтан, мұнда біліктілігі жоғары, әрқайсысының өз ерекшелігі бар кәсіби мамандар жиналған», деді.
Онкология орталығының 70 жылдығы шынында тарихи сәт. Осыншама уақыт ішінде миллиондаған адам дертінен айықты, қуанышқа бөленді. Бұл – адам жанының арашасы – онколог-дәрігерлердің ересен еңбегі. Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Берік Қайкенов барлық қызметкерді орталықтың осы мерейтойымен құттықтап, жұмысына берілген ақ желеңді абзал жандардың зор тәжірибесі мен кәсібилігін ерекше атап өтті.
«Халық денсаулығы – өмір сапасының көрсеткіші. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еліміздің басты құндылығы – адам. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Осы жерде жиналған бәрімізді біріктіретін ең үлкен құндылық – адам денсаулығы мен өмірі. Медицина ғылымының үнемі жаңарып отыратын деректер дәуірінде әр дәрігер өзінің білімі мен дағдыларын үздіксіз жетілдіруі керек», деді ол.
Сондай-ақ конференциядағы жетекші мамандардың қатысуымен лапароскопиялық колоректальды қатерлі ісік хирургиясы, кеуде қуысының хирургиясы бойынша үш шеберлік сыныбы және бас пен мойын, сүт безі ісіктеріне сәулелік терапия бойынша екі шеберлік сыныбы өтті. Қазақстан, АҚШ, Үндістан және Ресей онкохирургтері бұдан бөлек 2 хирургиялы, 2 радиологиялы емдеу әдісін жүргізді. Науқастардың қатерлі ісігін емдеген онкохирургтердің шеберлігі операция барысында тікелей эфир арқылы отандық басқа да дәрігерлерге көрсетілді. Бұл тәжірибе медицина техникаларын жақсартып, дәрігерлердің тың жаңалықты игерулеріне сеп болды. Жаңа технологияларды енгізіп, нәтижелі жұмыс істеу үшін мұндай тәжірибе алмасу аса маңызды. Отандық және шетелдік білікті дәрігерлер бір-бірінен тәжірибенің озығын алуға тырысты.
Иә, денсаулыққа бейжай қарауға болмайды. Дер кезінде дәрігерге қаралып, саламатты өмір салтын сақтау әр адамның игілікті ісіне айналғаны дұрыс. Өйткені ауру асқынбай, дәрігерге дер уағында көрінген науқастардың 95 пайызын емдеп жазуға болады дейді мамандар.