М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «ХХ ғасырдың І жартысындағы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі саяси-қуғын-сүргін: жаңақазақстандық қоғам көзқарасымен зерделеу мен зерттеу» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
ХХ ғасырдың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын насихаттау мен тарихшы ғалымдардың ізденістерін зерделеуді мақсат тұтқан жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Ханкелді Әбжановтың айтуынша, репрессия кезінде оңтүстік өңірде де қасіретке ұшырағандар көп болған. «Екі жылдан астам уақыт құрбандардың өмір деректері зерттеліп, алғашқы нәтижесі шыға бастады. Алдағы уақытта 30 томға жуық құжат жарияланады», деген ғалым ауқымды жұмыс атқарылғанымен ақтау ісінің әлі басталмағанын айтады.
– Горбачевтің дәуірінде арнайы қаулы қабылданып, бір жылдың ішінде Қазақстанда 29 мың адам ақталыпты. Ал бізде екі жыл өтсе де 29 адам әлі ақталған жоқ. Комиссия ақтаудан бұрын зерттеумен айналысып кетті. Зерттеу – үздіксіз, жалғаса беретін үдеріс. Ал ақтау мәселесі күтіп тұрмайды. Қазір саяси құрбандарды немерелері тұрмақ балалары ұмытып барады. Осы мәселеде халықтың санасын оята алсақ, тарихтағы ақтаңдақтарды жоятын едік, – деді Х.Әбжанов.
Құпия құжаттармен жұмыс істеуде кедергілердің көп екенін алға тартқан ғалым тарихшылардың бұл мәселені бұдан бұрын да көтергенін айтты.
– 1993 жылы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде заң қабылданды. Бұл заң бойынша қолына қару алып, кеңес өкіметіне қарсы шыққандар ақталмайды. Демек Созақта болған халық көтерілістері сияқты толқулардың бірін де ақтауға болмайды. Сондықтан 1993 жылғы заңның күшін жою керек, – деген ғалым саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі істе Польша мен Украинаның тәжірибесіне сүйену артықтық етпейтінін айтты.
Жалпы, комиссия бүгінде 700 мың қылмыстық іс бойынша құжаттарды анықтаған болса, мұнда саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған1,5 млн адамның тағдыры бар. Солардың ішінен қазақстандықтарды сүзіп алсақ, 1 млн-дай адам шығады. Ғалым нәубет кеңес одағының барлық халқын шарпығанымен қазақтардың аштықтан көп қырылғанын да жасырмады.
Конференцияның пленарлық отырысында сөз сөйлеген қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әбілханов Шымкентте құрылған жұмысшы топтың құрамында 29 зерттеуші барын, әкімдік тарапынан қаржылай және материалдық қолдау көрсетіліп жатқанын баяндады. Жұмысшы топ іссапармен басқа өңірлерде, Өзбекстанда болған.
«Құрбан болғандармен бірге жапа шеккендер саны 3 миллионнан асып жығылады. Сол тұста адамдар қожановшылар, сәдуақасовшылар болып айыпталды. Оларға енді тарих өзінің әділ бағасын беру керек», деді мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің жетекшісі Сабыр Қасымов.
Қала әкімдігі жанынан құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмыс тобының жетекшісі Гүлнәр Жанысбекованың айтуынша, зерттеу жұмыстары қаламен ғана шектелмей, тұтас республиканың оңтүстік өңірін қамтыған. Жуырда ғана Астана қаласында шығарылатын 30 томдық еңбектің бір томына деректер жиналып, беттеуге жіберілген. Архивтерден жүздеген құжат алынған.
– Шаң басқан том-том құжаттарды ақтарып отырып, ішінен құрбандардың бірінің дерегін тауып алып, қатты қуанған күндеріміз болды. Туған жерінен ауа көшкен қазақтардың тарихы жөнінде зерттеушіміз Ержан Позилов «Болашақ» бағдарламасының ұтып алған шәкіртақысына Мәскеу қаласында 6 ай құжаттарды зерделеумен айналысты. Сонымен бірге екі зерттеушіміз Өзбекстанның Бостандық ауданына барып, Бостандық көтерілісі туралы тың деректер жинап қайтты, – деді Г.Жанысбекова.
Жиналған барлық құжаттар Астана қаласындағы мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесіне өткізіледі. Г.Жанысбекованың мәлімдеуінше, әрбір саяси жүйенің құрбаны жеке-жеке зерттеуді қажет етеді.
Ал тарихшы Баршагүл Исабек Шымкентте осы бағыт бойынша 11 топ жұмыс істеп жатқанын айтты. Ғалым тәуелсіздік жолында күрескендердің және ғылыми-мәдени саладағы көзқарастары үшін қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың өмір тарихын зерттеу мен зерделеу деп аталатын 9 топқа жетекшілік жасайды. Оның бірі – Алаш ардақтысы Файзулла Ғалымжановтың өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметі болса, екіншісі қоғам қайраткері Қазмұхамед Күлетовтің тағдыры туралы еңбек. Жұмысшы топ осы екі азаматқа қатысты архивтерден құнды деректер тапқан. Мәселен, Күлетов «Ақжол» газетін шығарған редакторлардың бірі болған, Сұлтанбек Қожановпен бірге жұмыс істеген. ХХ ғасырдың басында халықтың сауатын ашуға, мәдени-саяси көзқарасын байытуға ұмтылған әрекеттеріне бола оларды алашордашылар деп айыптап, қуғынға ұшыратқан.
Тарихшының айтуынша, 1937-38 жылдары Шымкент қаласында 7 мыңнан астам адам тұтқындалған. Соның 2,5 мыңнан астамы атылған деген болжам бар. Бірақ нақты тізім әлі белгісіз. Басылымдарда, сайттарда жарияланған еңбектерді қарау арқылы оның саны зерттеліп жатыр. Конференция жұмысына онлайн қатысқан тарихшы, ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді те тақырыпқа байланысты біраз зерттеудің бетін ашты.
ШЫМКЕНТ