Павлодарда жеке үйден шыққан өрттен бір жасар сәби тірідей өртеніп кетті. Тағы 5 және 14 жастағы екі бала зардап шекті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өрт туралы хабарлама «101» пультіне 10 желтоқсан күні сағат 17:57-де түскен. Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, екі қабатты кірпіштен қаланған жеке тұрғын үйдің бірінші қабатында екі кресло, биік орындық, кілем, сондай-ақ екінші қабатқа апаратын ағаш баспалдақ өртенді.
«Барлау кезінде залдан 2021 жылы туған баланың күйіп кеткен денесі табылды», деді Павлодар қалалық ТЖД бастығының орынбасары Тілекжан Ғалямов.
Өрт кезінде үйде бір жасар баладан басқа 5 жасар бала мен 14 жастағы қыз бала болған.
Өрт 18:32-де оқшауланды, 18:47-де өрт жойылды. Өртті сөндіруге 5 бірлік техника мен 16 адам жұмылдырылды.