Соңғы жылдары әлем елдерімен бір қатарда Қазақстан да «жасыл экономикаға» айрықша назар аудара бастады. Әсіресе желден, күннен электр энергиясын өндіру бағытындағы жұмыстар Жамбыл облысында қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Енді өңірде жалпы қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасы бой көтермек.
Жалпы, соңғы уақытта өңірде желден және күннен электр энергиясын өндіру бағытында көптеген жұмыс жүйелі түрде атқарылып жатқаны белгілі. Мәселен, бүгінге дейін өңірдегі 18 электр өндіру стансасынан жылдық қуаты 437,8 МВт құрайтын электр энергиясы өндірілуде. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы елімізде көш басында тұрғанын айта кеткен жөн. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жандана түспек.
«Жамбыл облысында жалпы қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасы салынады. Бұл жұмыстың жүйелі түрде іске асуына «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» және Францияның «Total Eren» компаниялары мүдделі. Қысқасы, еліміздегі алпауыт стансаның біздің өңірде бой көтеретіні көңіл қуантады. Франция еліне ресми сапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен іс-шарада еліміздің Энергетика министрлігі мен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігі арасында осы бағыттағы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Енді нақты жұмыстар қолға алынатын уақыт алыс емес. Біз тілге тиек етіп отырған жел электр стансасы шамамен 2026-2027 жылдары пайдалануға берілетін болады. Соңғы деректерге зер салсақ, аталған нысан еліміздегі жалпы энергия өндірісінің 50 пайызын қамтиды екен. Бұл, әрине, үлкен жетістік екені талас тудырмайды. Сондықтан да осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыра беруге ниеттіміз», деді өңір басшысы Н.Нұржігітов.
Жамбыл облысы