Бұл әйгілі 1986 жыл еді. Жазушылар одағы. Бір кабинетте үш кісі ұшырасып қалдық. Кемел Тоқаев, Баққожа Мұқай және мен. Соңғы кезде Кемел ағамыз қатты дегбірсізденіп жүрді. Баласының Қытайдағы КСРО елшілігінде қызмет істейтінін білеміз. «Қытайда соңғы күндері тиышсыздау», деп әлдебір күдіктің төбесін көрсетіп қойды.
Миллиардтық Қытайдың қай кезде де теңселіп-теңселіп қоятыны болады. Бүйрегі ауыратын Кемел аға сырт елден әлдебір дәрілер алдыратынын да білеміз. Әке үмітінің зор екенін білгелі қашан. Біз де Кемекең баласына сырттай тілеулес жүреміз. Өйтпегенде ше? Қиырдағы қазақ баласы Мәскеудегі Халықаралық қатынастар институтын үздік бітіріп, КСРО Сыртқы істер министрлігіне қызметке қалдырылған. Аппаратта тәжірибеден өтіп, Қытай елшілігінде қызметте жүрсе. ХХ ғасырдың 30-жылдары Сауд Арабиясында кеңес елшісі қызметін атқарған Нәзір Төреқұловтан тартып, Төлеген Тәжібаев қостап сырт елдерінде елшілікте қызмет атқарған, атқаратын қазақтар саусақпен санарлық.
...Жылдар өтті. Жазушылар одағында қаламдас, балалар әдебиеті жөнінен әріптес болған екі аға да «дүние шіркін, дүркін-дүркін өтеді бір күнді» айтқызып бақилыққа әр кез көшіп кете барды. Мен Түркістанды түлетуге үн қосып, туған жеріме аттанып кеттім.
Халықаралық қатынастар факультетінде оқитын ұлым, бүгінде заңгер-саясаттанушы Шыңғыс Ергөбек Н.Новиковтың «Пути и перепутья дипломата», Л.Кутаковтың «Вид с 35 этажа. Записки советского дипломата», В.Зориннің «Владыки без масок», Қ.Тоқаевтың «Как это было...» аталатын кітаптарын ала келді Түркістанға.
Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов тағдыры жайында ізденісте жүрген кезім. Мәскеуде КУТВ-да оқып, 1937 жылы Сібірге 20 жылға айдалып, барып келген Жүсіпбек Арыстановтың Нәзір туралы роман жаза бастап, жоғалтып алған шығармасының сұлбасын әңгімелетіп алғам. Сталин атындағы КУТВ-да онымен бірге оқыған, Мәскеуде «Күншығыс» баспасының бас редакторы болып тұрған Нәзір Төреқұловтан өзге қазақ, қырғыз, өзбек, башқұрт, татар студенттері секілді көп жақсылық көрген оқушы, қазақ түріктануы басында тұрған, азап шеге жүріп, қазақ әдебиеті тарихын «Түрік қағанаты дәуіріне дейін» оздырған шын ғылым жасаған профессор Бейсембай Кенжебайұлының жылап отырып айтқан естеліктері де дәптеріме түскен. Сыртқы істер министрі А.Громыконың редакторлығымен шыққан «КСРО дипломатиялық қатынастары» көп томдығын әлденеше ақтарғам. Әсіресе Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Тоқаевтың қолынан шыққан әлгі «Как это было...» аталатын кітабы. Сүйсіндім. Дипломат жазбасы. Қытайда 1986 және 1989 жылдары болған үлкен дүрбелеңнің туу себептерін, сол кезгі Қытайдағы саяси-экономикалық дағдарыс, содан туған дүрбелеңді қолмен қойғандай етіп әңгімелеген. Талдай отырып әңгімелейтін, әңгімелей отырып талдайтын шеберлігіне таңғалдым. Өзге елдің елшілерінде бар, бізде жоқ «дипломат жазбалары» әдеби дәстүрді туғызғаны үшін қуандым.
Ең бастысы – детектив-жазушы Кемел ағайдың сонау 80-жылдары Жазушылар одағында отырып дегбірсізденген себебін терең түсіндім. Халықаралық жағдайды ойлап, баласын уайымдап бүйрек сырқаты қабындап, ұзамай көз жұмған Кемел ағамыздың әкелік жүрегін терең түсіндім.
Қазақстан басына түскен сын-қатерлерді мойымай жеңіп келе жатқан, кеше ғана сайлауда халқымыздың көп бөлігі қолдаған Қ.Тоқаев жайында ойладым. Миллиардтан баяғыда лықсып тасыған Қытай еліндегі саяси-экономикалық ахуалды әлеуметтік жағдаймен жіті байланыста талдай білген, алып елдің дағдарыс себебін салдарымен қоса айқындай алған азамат тәуелсіздік алғанына мәз болып, 30 жыл мақтанумен жүріп, тоқырауға түсіп қалған қазақ елін әділетті Қазақстан форматында жолбасшы болып дамыта алатынына күмәнім қалмады.
90-жылдары ұлт баспасөзінде тарихи ескерткіштердің шырақшы-қайраткері, музей ісінің көсемі Өзбекәлі Жәнібек «Түріктің Ясауи кесенесін жаңғыртуға қатысты бастамасына, қамқорлығына рахмет! Бірақ олар жергілікті жердің суын, топырағын зерттемей кірісіп кетті. Бұл методикалық жағынан да, тіпті методологиялық мағынасынан да қате. Біз адамзаттық ғажап ескерткішті құлатып алмаумыз керек!», деп дабыл қақты. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтан бастап, өңір зиялыларына дүңкілдеп ұрсып, дегбірімізді алады. Біледі. Білген соң, айтады Кемел ағамыз! Музейдің пірі атанған Өмекеңнің сынына құлақ асып, сілтеуімен Өзбекстан Республикасы Мәдениет институтының профессорларын (оларда бұл кезде саланың 10 профессор маманы бар, бізде бірі де жоқ еді) шақырамыз көмекке.
Кәсіпкерлер өз қаражатына кесенені сақтау мақсатында іргесінен өтетін халықаралық қасқа жолды 14,5 шақырым сыртқа шығарып, айналма жол салды. Халықаралық темір жолдың арғы беті мен бергі бетін кедергісіз араластыру амалымен қатқан аспа көпір салды.
Архитекторлар Бек Ыбыраев, Бақытжан Әшірбаев, Еркін Жүсіпов, Атанбек Нәлібаев Түркістанда айлап-жылдап жүрді десе де болады.
Б.Сапарбаев «Түркістан тойға біршама дайын!» деп жоғарыға рапорттады бір күні. Іле инспектор келді. Нұрлан Ысқақов. Замандас. Қанаттас. Апта жүріп, Президентке өз байламын айтты: «Түркістан тойға дайын емес...». Ревизорлар қаптап кетті Түркістанда. Түрлі сұрақ: «14,5 км. Айналма жолды мемлекеттен қаралмаған қаржыға салыпсыңдар? Қаржысын қайдан алдыңдар? Темір жол аспа көпірінің ақшасын қайдан таптыңдар?..». Құдай-ау, сұрақтар көп-ақ... Жоғарыдан ашулы дауыстар келеді. Тіпті облыс әкімін жадағай сынаушылар көбейді.
Не шара істемекке керек? 1999 жылы 18 қарашада Түркістанға Премьер-министр Қ.Тоқаев келді. Облыстан бөлінген жауапты мемлекеттік қызметкерлер қатарында Премьер-министрдің қасынан табылдым. Бәрін аралап, өз көзімен көрді. Журналистермен журналисше, сәулетшімен сәулетшіше, жаңғыртушымен реставраторша, музей қызметкерлерімен музейтанушыдай әңгімелесті. Мәселенің шешілер жүйесіне қарай сұрақ қойып, жауап алды. Өзі жұртшылық сауалына да талмай жауап берді.
Ұмытпасам, екі күн аралады Түркістанды. Аттанып бара жатып Премьер-министр Қ.Тоқаевтың айтқан сөзінің түйіні: «Түркістан тойға дайын!..».
Араға апталар салып Түркістанның 1500 жылдық тойын халықаралық өреде тойладық. Егер Премьер-министрдің түйінді сөзі, әділ адами байламы болмаса, Түркістанның тойы тойланбай қалуы кәдік, алмағайып сәтте қылтылдап қыл үстінде тұр еді.
Түркістанның 1500 жылдығы жайында әділетті сөз айта білген кезіндегі Премьер-министр – бүгін әділетті Қазақстанның Президенті.
Тағы бір жайт есіме түсті. Қ.Тоқаев ел көшбасшылығына үміткер болатын тұс. Жұрт сайлау алдында абыр-сабыр еді. Бірі әрі сөйлейді, бірі бері сөйлейді. Жазушылар одағы үні – «Қазақ әдебиеті» жазушыларға сауын айтып, ортақ сұрақ жолдады. «Жаңалықты жазушылар қалай қабылдайды?» Кім-кім де білгенін айтып жатыр. Әсіресе Кемел ағаның көзін көрген жазушылар жүрек сөзін айтып жатыр. Мен де жаңа Президенттен не күтетінімді айттым: «Демократиялық Конституцияны қалпына келтірсе! Бұған жаңа Қазақстан басшысының ерік-жігері жетеді».
Бас-басына санамаламай-ақ қоялық, елімізде жүріп жатқан реформаның қай-қайсысы да тұғырлы Конституциядан бастау алады. Зиялылар кешегі Қаңтар қасіретінен Қазақ елін аман алып шығып, әділетті Қазақстан үшін! алға елді бастап келе жатқан алғадай азаматқа сенбегенде, енді кімге сенеді?
Сендік, үмітіміздің ақталатынына сенеміз де!
Рас, қазір халықаралық жағдай ушығып тұр. Мұндай алмағайып сәтте сарабдал саясат ұстану керек. Алмағайып сәттерде ішкі ынтымақ мықты болуға тиіс. Іште әділетті Қазақстан реформасы қарқын алып жүріп кетті. Алмағайып сәттерде сыртқы саясатта көреген болмаса қиын. Қ.Тоқаев дипломатиялық сапармен Ресейге барды. «Еуропа елдерінің санкциясына ұшырамасақ игі» деген күдік бүлк ете қалды көңілде. Қытайға сапарлады. «Абылайхан саясатын ұстанды-ау» деп ойладық. Алпауыт Америкаға! Ердоғанмен әлденеше кездесу. Орта Азия мемлекеттері басшыларымен жиі жүздесті. Жақында Калифорнияда екі жыл оқып келген ұлым Шыңғыс шамасы келгенінше саяси публицистика тілінде сөйлеп жүр. Саясаттанушы ұлыма қараймын. Ол айтады: «Қ.Тоқаев көпвекторлы саясат ұстанады. Сыртқы саяси вектордың біртіндеп Шығысқа ауып бара жатқандығы тағы шындық. Бұл Қазақ елін кемел келешекке бастаса керек...». Жаным жай тапты.
Демек, біз Қ.Тоқаевқа сенеміз. Ал ол кімге сенеді? Ол алдымен еліне сенеді. Ішкі саясатсыз сыртқы саясат мұратқа жетпес. Сыртқы саясатсыз ішкі саясат алысқа кетпес. Екеуін егіз қатар ұстаған, үйлестіріп ұштаған Мемлекет басшысы ғана елінде өркениетті, әділетті де жаңа Қазақстанды аяққа тұрғыза алса керек. Сол жолда тағдырдың неше түрлі сынағынан өткен елі Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенеді. Ал халықтың басым бөлігі қолдап, Қазақстан Президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев алқалаған еліне сүйенеді. Киелі Түркістанда отырып халықтың баянды мемлекет арманы тезірек жүзеге ассын деп тіледік.
Құлбек ЕРГӨБЕК,
жазушы-ғалым
ТҮРКІСТАН