• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Желтоқсан, 2022

Украина тағдыры: себеп пен сабақ

532 рет
көрсетілді

Украинадағы қақтығыс бүгін әлемнің көп мемлекетін алаңдатып отыр. Әсіресе посткеңестік елдер­дің байырғы халқы Украина басын­дағы қиындықты терең сезі­неді, оған абырой тілейді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бейбіт заманда әскери текетірестің болмау керектігін айтып, күш қол­дану­ды салқын қабылдады. ДНР мен ЛНР мойындалмайтыны мәлім етілді. Ресей мен Ук­раина қарым-қатынасындағы әске­ри қақтығысқа жеткізген жағ­дай­лар туралы ойлану, оның ащы са­бағына үңілу бәріміз үшін маңызды.

Тайтаң текетірес

Украина ұстанымы Ресеймен үнемі үйлесе бермейтін, еуропалықтарға жақын жолды таңдайтыны бірден белгілі болды. Ресей мен Украина қатынастарының тарихы терең де қайшылықты. Арғы тарихты айтпағанда, ХХ ғасырда әртүрлі мемлекетте тұратын украиндықтардың басын қосып, тәуелсіздікке қол жеткізу жолында олар отқа да, суға да түсті, жандарын аямады. 1929 жылы ақпан айында әртүрлі ұлттық ұйым бірігіп, «Украина ұлтшылдары ұйымын» құрды. Орыс қоғамы «националистер» деген ұғымға жағымсыз айдар тақса, украиндықтар «ұлтшыл» деген ұғымға патриотизм, отаншылдық деген жағымды мән береді. Әрине, Украина ұлтшылдары ұйымының пайда болуына кезінде Гитлер де назар аударады, болашақ Берлин мен Киев қатынастарына мән беріп, қаржылық және техникалық көмек те көрсетеді. Украиндықтар немістердің қолдауымен тәуелсіздік алып, дербес ел боламыз деп те дәмелі болды. Неміс фашистері болса, украин патриоттарына атүсті, қамқорсынып қараған. Батыс Украина кеңес одағына қосылған тұста да, «Украина ұлтшылдары ұйымының» басшылары Мельник пен Бандера Украина мемлекеттілігіне немістердің көмегімен қол жеткіземіз деп есептегенімен, неміс­тер Украинаның дербес мемлекет болуға деген идеясымен келіспеді.

1941 жылы шілде айында Гер­мания Бандера мен Стецьконы, кейін басқа­ларын қамауға алды. Неміс әскери бас­шы­ларына бағынбаған Шухевич, украин­­дықтар тобы «Украина көтері­ліс­шілер әскерін» құрып, Карпат тауына кетіп, немістермен де, кеңес әскерімен де соғы­сатынын жариялады.

Украина тарихшыларының ай­туын­ша, украиндықтар екі алпауыттың ортасында, неміс фашизмі мен Ресей большевизмінің қысымында болды, бей­нелеп айтқанда екі оттың арасында қал­ды. Бұл ізденіс, қарбалас, сергелдең көз алдымызға Алаш қайраткерлерінің ақ­тар мен қызылдардың арасындағы азапт­ы таңдауын еске салады. Украин­дық­тар­дың екі пәленің кішісі Германия деп те ойлаған кездері болды деп жауап берген.

Украиндықтардың басым көпшілігі кеңес өкіметі тұсындағы тарихты кеңес­­тік, большевиктік билікті бүгін де ок­купация деп бағалайды. Украи­на тек тәуелсіз жағдайда ғана еркін дами алады, сондықтан Бандера және бас­қа­лар­дың күресі ұлт-азаттық қозғалыс деп бағаланады. Украина да кеңес одағында геноцидке ұшырады. НКВД жаза­лау отрядтарының халықты қы­рып-жоюы, 1932-1933 жылдардағы ашар­шылық – соның куәсі. Украина да біз сияқ­ты еш уақытта Ресеймен тең бол­ған жоқ, оның отары болды, олардың қарым-қа­ты­настары метрополия мен отар­лан­­ған елдердің қарым-қатынастары еді. Сондықтан украиндықтар «Кеңес ода­ғын Отанымыз деп айта алмаймыз» деген пікірде. «Украиндықтар Екінші дүниежүзілік соғы­сқа қатысып, кеңес одағын қорға­ған жоқ, олар Украинаның тәуелсіздігі үшін күресті» деген ой әбден санаға сіңген.

1960 жылдары Кремльге Украинаның кеңес одағынан бөліну, орыстарды шеттету туралы материалдарды тара­тып жатқаны белгілі болады. Мемлекет­тік қауіпсіздік комитеті украин ұлт­шыл­дарынан (шындығында олар патриоттар) тазалау туралы Саяси бюроға талап қояды, бірақ бұл құжат талқыланбай құпия жағдайда қала береді. Әдебиетші И.М. Дзюба «Орыстандыру ма, әлде интернационализм бе?» атты еңбегінде орыстандыру саясатының украин ұлтына қауіп төндіріп, интеллигенция мен жастарды қуғын-сүргінге ұшыратып жатқанын айтып, 1937 жыл қайталануда дейді. Украина басшылары, әсіресе сол кездегі бірін­ші хатшы П.Е.Шелест, басқалары да кейде ашық, кейде жасырын патриоттарды қорғайды. Ешкім ұлтына қарай кемсітпейді, орыстар да тең құқылы деп жоғары жаққа ақпарат береді. Дегенмен Кремль П.Шелест пен И.Дьзюбо күш алып кете ме деп сескенеді. Бұл мәсе­ле созыла келіп, 1972 жылы 30 наурыз­да Саяси бюрода талқыланады. Талқы­лау жоғары саяси элитаның ұлт мәсе­лесінен мағлұматы өте таяз екенін көр­сетеді. Ақыры П.Шелестті Мәскеу­ге жұмысқа ауыстырады. Осылай украин­дардың тәуелсіздікке кезекті ұмтылысы бә­сеңдеді. Ал П.Шелест украиндықтарды жа­за­дан қорғап қалды («Литературная га­зе­та», №39, 28 қыркүйек-қазан, 2022 ж).

Соңғы жылдары орыстармен діні, тілі жақын болгарлар, басқа да бұрынғы Шығыс Еуропадағы социалистік елдер орыс большевизмін сынға алып, кеңес әскеріне оккупанттар деген баға береді, себебі социализм оларға зорлап таңыл­ды деп бағалайды. Балтық жағалауын­дағы елдер де осындай пікірде. Сөз жоқ, Ресей қоғамының басым көпшілігі қарама-қарсы пікірде. Украиндықтар­дың біразы үшін Бандера ұлттық батыр тұлға болса, орыстар үшін фашист (Баринов И.И. Воображаемая история (Украинский национализм, Третий рейх и современная украинская историография) //«Общественная науки и современность», №1, 2013.-174-175 с.).

Дегенмен осындай қарама-қарсы пікір Ресейде генерал Власов туралы да қалыптасқан. Мәскеудің бұрынғы мэрі Гаврилл Попов «Власов Отанын сатқан қылмыскер ме?» деген сауалға: «Для меня патриотами России являются и маршал Жуков, и генерал Власов. И те, и другие. Просто они по-разному любили родину». Әр ұлт өз елін өзінше сүйеді, ардақтайды, оны басқа ұлттық өлшемімен бағалауға болмайды. Украиндықтардың басым көпшілігі Ресейге сақтанып қарайды, іргені аулақ салуды мақұлдайды. «Таможенный союз» – это «Таежный союз», дөрекі, жабайы орыстардың қолтығына тығылып, құшағына ену деп есептеді.

Екінші жағынан, кеңес дәуірінде Украина кеңес өкіметінің экономикасына, әсіресе Ресейге араласқаны, сіңіскені, өзара байланысы мен алыс-берісі соншалықты, олар бір-біріне тәуелді. Ресей қалайда Украинаны Кеден одағына, кейін Еуразиялық одаққа икемдеуге тырысты, газдың бағасын көтеріп қысым жасады. Украина тауарларының Ресейге өтуіне түрлі тосқауыл да қойды. Ресей православ дінін де идео­логиялық қару етіп, Украинамен тегі­міз бір, рухани мұрамыз, дініміз ор­тақ, біз бір халықпыз деген идеяны тық­палап, тіпті украиндықтардың дербес ұлт екендігін, оның тілін мойындамады.

Кеңес заманында Украина әлеумет­тік-экономикалық жағынан Ресейден кейін екінші орында болды. Кеңес одағы ыды­рағаннан кейін Украина экономикасы да терең дағдарысқа ұшырады, жұмыссыздық, кедейшілік жайлады. Дағдарыстан шығу жолын халықтың басым бөлігі еуроинтеграциямен байланыстырды. Бірақ Украина билігі өз таңдауын жасауға асықпады. Соңғы кездері сергелдеңге түсті, абыржыды, сенделді, біресе Ресейге, біресе Еуропаға табан тірегісі келді. Ең соңғы сәтте Ресейге сүйене бастағанда, еуроинтеграцияны қолдайтындар қарсылық көрсетті, оқиға одан әрі өрби түсті. Украиндықтардың патриотизмі де кейде басбұзар сойқаншылыққа, сотқарлық­қа ұрын­дыруы мүмкін екені аңғарыл­ды. Қыза-қыза келгенде майданға шыққандар 12 миллиондай орыс халқы өкілдерінің құқын шектеуге байланыс­ты ұрандар айтып, елдің бір шамасын мазалады. Шығасыға иесі басшы дегендей, шекесі қызып, ұрынуға себеп іздеген Ресей билігіне қолайлы жағдай туды. Харьков, Херсон, Николаев, Запорожье, Севастополь, Днепропетровск, Луганскі­де халық дүрлікті, толқыған Қырым Авто­номиялық Республикасы тікелей Ресей­дің ықпалымен жедел қарқынмен рефе­рендум өткізуді қолдап, Ресейге қосылуды мақұлдады. Мұның саяси астары, құпиясы көрініп тұрды.

Қырымды Ресейге қосып алғаннан кейін, Ресей «арнайы әскери операция» деген атпен Украинаның біраз жерін басып, оны Ресейге қосып алу саясаты Еуропа елдерінде Ресей билігіне, жалпы азаматтық қоғам туралы жағымсыз пікір туғызды.

Бұрында Ресей қаншалықты демо­кра­тиялық елге айналды деген сауал жиі қойылатын, енді ресейліктердің бірқа­тары, еуропалықтар Ресей демократия­лық құндылықтарға мән береді деген сенімде болды. Бірақ ол сенім тез сейіл­ді. Батыс елдері Ресейдің сая­си таби­ғаты, болмысы өзгермеген импе­рия­­лық мемлекет болды, солай болып қал­­ды деп есептейді. «Ресей – өрке­ниет­ті ел емес, дөрекі, тұрпайы, тек күш­ке ғана сенетін, демократиялық құн­ды­лықтардан алыс, өз халқын да, басқа­ларды да тек күшпен басатын, тоталитаризмнен, империялық мұрадан арылмаған ел. Ресей – мықты армияға, арнаулы қызмет органдарына ғана сенетін мемлекет. Және бұл тек биліктің ғана емес, барлық ресейліктердің санасына сіңген психология» деушілер аз емес. Бұл да – шындықтан аулақ пікір, ресейліктердің барлығы бірдей емес, демократиялық пікірдегілер мен билікті ажыратқан жөн. Украинадағы жағдайға Ресейде алаңдаушылық өте жоғары. Соңғы әлеуметтік зерттеулер бойынша Ресей Федерациясының қарулы күштерін қолдау басым, бірақ әртүрлі демографиялық, әлеуметтік топтарда ол бірдей емес. «Келісімге келу керек» деушілердің саны да өсіп келеді.

«Әскер күшімен құрылған империялар әскер күшінсіз өмір сүре алмайды» деген ХVІІІ ғасырдағы француз философы Шарль Монтескье сөзінің мәні бүгінде өткір. Тіпті кеңес заманындағы интер­националистік идеологиямен салыс­тырғанда ілгерілеу емес, кертартпа күштер алға шықты. Ресейде әлі де азаматтық қоғамның ауылы алыс, ресейліктердің, әсіресе орыстардың басын қосу үшін бір сыртқы қауіпті қалайда ойлап тауып алу қажет болады. Мысалы, Мәскеудегі үй­лер­дің жа­ры­лысын, шешен соғысын, міне, Ук­­раинадағы оқиғаны да бұқаралық ақпа­рат құралдары орыс мәселесін қоз­дыруға жақсы пайдаланды деушілер көп е­мес. Ағылшын жазушысы Оруэлл айтқан­дай, Ресей сияқты мемлекетке кім болса ол болсын сырттан жау, қауіп төніп тұр деп елдің басын біріктіру маңыз­ды. Ұлыдержавалық идеяны жау келіп қалған­дай орыстың санасына сіңіре беру керек. Ресей әлі де бұрынғы империя тари­хына көзқарастарын қайта қараған жоқ, империядан үміті де үзілген жоқ. Ресей территория жағынан ұлы держава, ал технология жағынан артта қалған ел. Поляк ғалымдарының айтуынша, Ресей аза­ма­т­тарының біразы өздерін кеңес импе­­рия­сының құлағанына қарамастан, «со­вет елінің тұрғынымыз» дейді. Осы ұлы дер­­жавалық астамшылық, ескіні көк­­сеу ресейліктердің бүгінгі заманға икем­­делуіне үлкен кедергі болып отыр (Да­ни­лова Е.Н., Ядов В.А. «Россия и поляки в усло­­виях общественных перемен».// «Со­­цио­­логические исследования», №7. 2007.- 26-27 с.).

 

Сыралғы сабақ

Ал Ресейдің өз ғалымдары не дейді? Ғалымдарды айтпастан бұрын мына бір мәселеге назар аударғым келеді. Ұлы орыс ақыны А.С.Пушкиннің астам сөз­дері аз болмаған. Кавказды зар еңіреткен генерал Ермоловты қолдап: «Кавказ, сен көн: кінәз Ермолов келеді!», деген.

Тек кінәз П.Вяземский шын көңілінен ұлы ақын болса да, Пушкинді сынап: «Поэзия бас алғыштардың одақтасы емес!» деген.

Ресей ғалымы И.В.Малыгина өз елін­дегі әсіреұлтшылдықты былайша сипат­тайды: «Еліміздегі ұлтшылдықтың аясы аса кеңейді: тұрпайы идеядан рухани нәзік формаларды насихаттауға дейін. Қоғам фашизмнің белсенділігінен шошып отыр» («Общественные науки и современность». №1. 2004.-156 с.). Солай болса да, Ресей билігі Украинада фашизм бас көтерді деп, әскер кіргізуге дейін барды. «Украинадағы орыстарды қорғаймыз» дегені жай сылтау ғана. Украинада экстремистік ұрандар айтылғанымен, тұтастай украиндық орыстардың өміріне ала-бөле қауіп-қатер төнген жоқ. Өкініштісі, ұлт мәселесінде асау мінез танытып, Ресейдің ойын жүзеге асыруға өздері де түрткі болды.

 Өкініштісі, «Ресей үшін мемлекеттер арасындағы шекара жай ғана жорамал сызықтар екені, халықаралық заңнамалар, келісімдерді орындау міндетті қағидалар емес екені белгілі болды», дейді сарапшылар.

Орыс журналисі В.Ципков фашизм туралы мынадай пікір білдіреді. «Фа­шизмнің тамыры отарлау заманынан, сол замандағы саяси психологиядан басталады. Адольф Гитлер ешқандай жаңалық ашқан жоқ, тек отарлаушылардың алыс­тағы отарланған елдердегі адамдарды қорлау тәжірибесін Еуропаның қақ ортасында еврейлер, славяндар, сығандарға қолданады».

Осы тұрғыдан автор адамгерші­лікке жат қатыгездік тек еуроотарлаушыларына тән емес, отарлаушылықтың таби­­ға­тына, орыс отарлаушыларына да тән дейді. Олардың бойында бұрын­ғы халық­тарға қауіп-қатер жатыр. Украи­на­­дағы орыс билігіне қарсылық больше­вик­тер мен ресейлік биліктің зорлық-зомбы­лығынан туған. Ресейдің Грузия, Украина, Молдавиямен соғысы Ресейдің олардың ішкі ісіне араласудан, отарлау саясатының жалғасуынан болып отыр («Литературная газета», №21, 1-7маусым, 2016 ж.).

Украинадағы соғыстағы сәтсіздік­терін Ресейдің қарулы күштері «біз Украи­намен емес, НАТО-мен соғысып жатыр­мыз деп ақталады. Шындығында, Украинада Альянстың бірде-бір сарбазы жоқ.

НАТО 30 елді ұйымдастырып, сол елдердің ғана қауіпсіздігін қорғайды, Украинаға қару-жарақпен, әскерінің даярлығын жетілдіруге көмектеседі.

Ресей Қарулы күштері бүгін украин­дық­тарды жылусыз, жарықсыз, сусыз қалдырып, қыста қырып-жойып, қалған­дарын Еуропаға босуға мәжбүрлеуді көздейді. Бұған ел халқы қарсы тұрды. Бейбіт елді қорғайтын алдыңғы шептегі сарбаздар сияқты халықтың қандай да қиындықтарға дайын екенін дәлелдеп келеді. Қиын жағдай елді біріктіре түсті.

«Орыстарды, орыс тілділерді қор­ғаймыз» деп әскердің күшімен басып алу мүмкіндігі, көне грек аңызындағы Дамоклдың басындағы бір тал қылға ілін­ген өткір семсерді еске салады. Қыл үзіл­се, семсер мойынды қиып түсе­ді. Үне­мі төніп тұрған қауіп-қатер жағ­дайын­­да біз де өмір сүріп келдік және сүре береміз. Бұл – қазақтың талайына жа­зылған тағдыр. Осы тұста ХХ ғасыр ба­сындағы Мексика президенті Порфи­рио Диастың «Сорлы Мексика! Қанша­лықты сен Құдайдан қашық болсаң, сон­шалықты Құрама Штаттарына жақын­сың!» деген зар мен мұңға толы сөзі еске түседі.

«Қасқырдың ойлағаны – арамдық, қойдың ойлағаны – амандық» дегендей, қазақ та өз басының есендігін ойлайды. Ең бастысы – қасақана, арандатушылық әрекеттерге, лаң салушылардың жетегін­де кетпеу. Сырттан дем беруші, қолдап, қорғаушы күштер ел ішінен ыдыраса, жікке бөлінсе ғана күш алады. Біз кей­де «ұлтаралық қатынастардың моде­лін таптық, сүттей ұйып отырған елміз» деп, кеңес заманындағыдай «келісім ортақ құндылықтарға айналды», «қазақ­стандықтарға төзімділіктің жоғары деңгейі тән» деп үлкен мінбе­лер­ден ұран­датып жаттық. Бұл жаттанды сөздер барлық жерде қайталанды. Ал келең­сіз жағдайлар болса, ол тек сыртқы күштер­дің ықпалы, әсері дейміз. Бұл – барлық пәле­ні өзінен гөрі сырттан, империализмнен іздеп, ішкі жағдайды терең тал­дамаған біздің кешегі төркініміздің тәжірибесі. Бұл кеңес менталитетін еске салады.

Қаңтар қасіреті негізінен қазақтың тағдырына байланысты болды, диас­поралардың этномәдени орталықтары үнсіз қалды, «бұл қазақтың ішкі мәсе­лесі» деп ойлағандай. Саясаттану ілімін­де «үнсіздік спиралі» деген заңды­лық бар. Қазақшалап айтсақ, шын пікі­рін ішіне сақтау, ішінде, ыза, өкпе, кек бықсып жатса да, үндемей иіле беру. Неміс саясаткері Элизабет Нюэль-Нюманның айтуынша, адам өз қауым­дастығының азшылығын сезініп, айып­ты болудан, сыннан сақтанып, ойын толық айта бермейді. Оны шетелдегі қазақ диаспорасы да, біздегі көптеген диаспора өкілдері де біледі. Кейбір диаспора өкілдері жылтырақ позиция ұстанып, ұлт саясатын қолдағандай көрінгенімен, іштей өз пікірі, өлшемі бар. Өз жағдайына, отбасына, жұмысына тікелей қауіп жоқ болса да, сақтанып жүреді. Ал қолайлы жағдай келгенде «тілі шығады», ниеті белгілі болады. Оның жолы әрмен, бірақ солтүстік облыстарда сепаратистік қозғалыс белең алса, қандай уәж айта алады? Қазақ қоғамының бүгін сақтанатыны сондық­тан. Дегенмен «Қырымды алды, енді кезекте Қазақстан тұр» деп психика­лық дағдарыс туғызуға, елдің құтын қашы­руға тырысатын күштер бар.

Бұл жерде біз диаспора өкілдеріне сенімсіздік, күмән туғызудан алыспыз. Олар екі дүниенің, екі елдің, туған жұрты­мен өмір сүріп жүрген елінің арасын­да үнемі салыстырып, екеуінің де тіле­гін тілейді, кейде тіпті қиын таңдау жасау алдында тұратынын айтып отырмыз.

Тағы да бір проблема ойландырады. Біздің диаспора азаматтарының арасында қазақша сөйлей де, оқи да, жаза да білетіндер, білімді, парасатты интеллектуалдар көп, соларды жоғары билікке, саяси элитаға, әсіресе гуманитарлық жағынан біліктілерді көбірек тарту керек. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының көрші елдердегі саяси арандатушылардың әрекетіне назар аударғаны белгілі. Оларға тойтарысты қазақ азаматы бергеннен гөрі, аса беделді диаспора өкілдері жауап бергені тиімді.

Қазақ отаршылдық үшін тұтастай орыс халқын кінәлаудан аулақ. Орыстың отарлау саясатының түрлі теперішін, азабын, тепкісін көрген қазақ отарлаушы билікті мірдің оғындай сөздерімен сынаған. Қазақтың бүгінгі айбалтасы – сақтығы, қырағылығы, ұйықтап жатқан жыланның құйрығын басып, астам­шыл, ұрынуға сылтау іздегендерге себепші болмауы. Ресей сияқты жақын көрші­мен сый­ласу, араласу, тиімді экономи­калық қа­рым-қатынаста бола тұра, өз мүддемізді, тәуелсіздігімізді сақ­тай білу – біз үшін табиғи жағдай. Бүгінгі заман өте шебер, сақ көпвекторлы дипломатия жүргізе отырып, асқан шыдамдылықпен сан қилы қайшылықты шешуге, үйлестіруге икемдейтін уа­қыт. Сонымен қатар ішкі және сыртқы саясатымызда дербестігіміз ұнамайтындардың қытығына тимей, ызасын келтірмей, екінші жағынан, өз ұпайымызды жібермейтін жолды қайта-қайта анықтаудың, нақтылаудың қажеттігін Украинадағы жағдай қатаң ескертіп отыр.

 

Амангелді АЙТАЛЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры,

философия ғылымдарының докторы

 

АҚТӨБЕ