• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 14 Желтоқсан, 2022

Азаттық ұрпағының мерейі

208 рет
көрсетілді

Елордада «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Екінші рет ұйымдастырылған байқауда үздік жоба ұсынған 33 жастың әрқайсысы, 3 млн теңгеден грант жеңіп алды.

Биылғы байқауға еліміздің әр ай­ма­ғы­нан 14 пен 29 жас аралығындағы, 3 мың­ға жуық жас өз жобаларын ұсынған. Олардың ішіндегі үздіктерін арнайы құрылған комиссия іріктеді. «Тәуел­сіздік ұрпақтары» гранты Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жыл сайын беріледі.

Жиында жоба авторларын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі құттықтап, ізгі лебізін білдір­ді. Жастардың бастамаларына мемлек­еттік қолдау көрсетуді көздейтін кон­курстың өзектілігіне тоқталды.

«Өздеріңізге мәлім, өткен жылы тәуел­сіздігіміздің мерейлі 30 жылдығы­на орай, Қазақстан Президенті еліміздің 30 жас азаматына «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыс еткен еді. Аталған грант биыл да өз жалғасын тауып отыр. Отыз жылдық тарихы бар тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі мақсаттарының бірі – жастарды қолдау және адами капиталды дамыту. Тәуелсіздік алып, егеменді ел болғалы, өскелең ұрпақ тәрбиесі мемлекет үшін басым бағыттардың біріне айналды», деді Д.Қыдырәлі.

Сала басшысы қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарды қолдау мақсатында бірқатар сыйақы мен грант беріліп жатқанын жеткізді. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты­ның мақсаты белсенді, шығар­машыл жастар қауымдастығын қалып­тастыру бағытында жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын қолдау екенін атап өтті.

«Гранттар жастарға жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде беріледі. Биылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты­ның иегерлерін анықтау бойынша құрылған комиссия мүшелері ауқымды жұмыс­тар жүргізді. Оның құрамына Пар­ла­мент депутаттары мен қоғам қайрат­керлері, белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, журналистер кірді. Барша комиссия мүшелеріне алғыс айтамын!

Осы орайда, өздеріңізге тағы бір жағымды жаңалық айта кеткім келеді. Өткен аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы»  заң жобасы мақұлданды, заң одан әрі Мемлекет басшысына қол қоюға енгізіледі. Заң жобасында көтерілген басты мәселенің бі­рі – жастардың жасын 35 жасқа көтеру бо­йынша ұсынысымыз қолдау тапты. Яғни бүгінге дейін «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына жас шектеуіне байланысты қатыса алмаған талантты жастарымызға мүмкіндік берілді», деді Д.Қыдырәлі.