Астанада Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының жүлдесі және «Хабар 24» телеарнасының 10 жылдық мерейтойына арналған БАҚ өкілдері арасында волейболдан турнир өтті. Сегіз команда қатысқан додада «Қазмедиа» командасы топ жарды.
Әу баста командалар жеребеге сай екі топқа бөлінді. «А» тобында «7 арна», «Айқын» газеті, «Qazcontent» агенттігі мен «Комментатор» командалары ойнады. Ал «В» тобында «Egemen Qazaqstan» командасынан бөлек, әр маусымда БАҚ лиганың чемпионы атанып жүрген «Atameken business» телеарнасы, «Хабар» агенттігі мен «Қазмедиа» орталығы өнер көрсетті. Жеребеден кейін «Ажал тобы» атанған топтағы мықты ұжымдарға егемендіктер айтарлықтай қарсылық көрсетті. Өкінішке қарай, Әскер Пириев бастаған егемендіктер өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмай, қарсыластарының есепте алға шығуына жол берді. Мысалы, «Atameken business» ұжымына қарсы шыққан Әскер Пириев, Оралхан Ахмадия, Бану Әділжан, Риза Абай сынды әріптестеріміз өте күрделі партияларда асқан шеберлікпен ойнады. Ал «Хабарға» қарсы ойында Амангелді Қияс, Алмас Манап, Фархат Қайратұлы, Сәуле Меңдіқұлова, Жұпар Дәрменбекова бастаған екінші құрамамыздың алғашқы ұпай еншілеуіне мүмкіндігі болып еді. Әттең, бұл жолы егемендіктерге жеребе жолдас болмады.
Осылайша, қос топтан жартылай финалға «Қазмедиа», «7 арна», «Qazcontent» және «Atameken business» командалары суырылып шықты. Ал бас жүлдеге «Қазмедиа» мен «Qazcontent» таласты. Өте тартысты өткен ойын екі сетпен аяқталса да, командалар аянып қалған жоқ. Соңына дейін қай-қайсысының жеңімпаз болары белгісіз болды. Дегенмен бас кубок «Қазмедиа» ұжымына бұйырды. Екінші орынды «Qazcontent» ойыншылары еншілесе, үшінші орынды «Atameken business» командасы иеленді. Ал жұбаныш жүлдесін «7 арна» місе тұтты.
БАҚ өкілдерінің басын қосқан турнирде ешбір команда құралақан қалған жоқ. Чемпиондар – 300 мың теңгеге, 2-орын иегері – 200 мың теңгеге, ал үздік үштікті түйіндеген ұжым 100 мың теңгеге ие болды. Тіпті 4-орын алған командаға да жұбаныш ретінде 70 мың теңгенің сертификаты берілді. Сондай-ақ алты аталым бойынша ерлер арасындағы үздік ойыншы – Есенбол Иманғазы («Хабар»), қыздар арасындағы үздік ойыншы – Әсем Абдраимова («Қазмедиа»), «Құрмет» аталымы «Egemen Qazaqstan» газеті бас директорының орынбасары Әскер Пириевке бұйырды. Ал үздік шабуылдаушы Аяулым Қанағатқа («Комментатор») бұйырса, үздік тосқауылшы деп Эльдар Аманбаев («Qazcontent») танылды. Үздік пас шығарушы Анар Қоныс («Айқын») болса, Зейнолла Сәнік атындағы арнайы жүлдені Фариза Саржанова («Қазмедиа») иеленді.