Смағұл Сәдуақасұлына таңылған «Семипалатинский подлог и Акмолинский дефект» саяси айыптауы туралы
Ел мен жер тұтастығын сақтау мүддесі
Мемлекет және қоғам қайраткері, бірнеше ұлт басылымының, соның ішінде «Egemen Qazaqstan» газетінің бастауында тұрған Алаш тұлғасы Смағұл Сәдуақасұлының (1900-1933) қызметі мен мұрасын жан-жақты зерттеу қашанда көкейкесті. Біз бұл жолы Смағұл Сәдуақасұлына 1921 жылы тағылған «Семипалатинский подлог и Акмолинский дефект» саяси айыптаулардың мән-жайын қарастырамыз.
1920 жылы 26 тамызда В.И.Лениннің Ресей Федерациясы құрамында Қазақ АКСР-ін құру туралы арнайы Декретке қол қойды. Келесі кезекте қазақ кеңестік билігін тез арада Сібір ревкомымен келісе отырып, ұлттық-территориялық шектерді айқындап белгілеу, өлкелік және губерниялық конференциялар, съездер өткізу, т.с.с. бірқатар маңызды ұйымдық және құрылымдық шараларды атқару жұмыстары күтіп тұрды.
Бұл аса жауапты мемлекеттік істі жүзеге асыру тікелей ҚазАКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесіне жүктелді.
Қазақ елі өміріндегі осындай ауқымды қоғамдық-саяси өзгеріске байланысты Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған ұлт зиялылары сол кездегі ел астанасы Орынборға бас қосқаны туралы НКВД дерегі бар. Біздіңше, осы шараны ұйымдастырудың басы-қасында жасы енді ғана жиырмаға толған болашақ мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы да жүрді.
1920 жылы қабылданған лениндік декреттің мазмұнына зер салсақ, Сібір ревкомының құзырына «уақытша пайдалануға беріледі» деген желеумен оған бір ғана Семей губерниясы емес, Қазақ өлкесінің солтүстік және батыс облыстарының жерлері де толықтай бағынышты етілді.
Большевик көсемінің қатысуымен өткен үкімет мәжілістерінде Қазақ автономиясы мен Советтік Сібір арасындағы шекара туралы мәселе бір емес, бірнеше мәрте қаралған. Алайда Сібір ревкомы өзінің қарауындағы қазақтың солтүстік және батыс облыстарын бірден оп-оңай қайтара салғысы келмеді. Міне, осыған байланысты Орынбордағы республика басшылығы нақты іс-әрекетті Ақмола (Омбы) және Семей губернияларының басқару органдарын барынша ұлттық кадрлармен нығайтуға бағыттау керек деп шешті.
Сол себепті 1921 жылдың 12 қаңтарында Қазпартбюро Президиумының мәжілісі Смағұл Сәдуақасұлы, Дінше Әділұлы, Әбілқайыр Досұлы, Әшім Омарұлы сынды беделді қазақ коммунистерін Ақмола және Семей губернияларын әкімшілік-территориялық басқаруға алуға дайындық жұмыстарын жүргізуге жіберуге арнайы қаулы қабылдады.
Қазақ билігінің бұл кезеңде губерниялық басқару органдары құрамын ұлттық кадрлармен нығайтуға күш салуы, ел мен жер тұтастығына қызмет етуі – кешегі Алаш мұратынан туған маңызды мемлекетшіл мүдде еді.
«Семипалатинский подлог» саяси айыптауының сыры
Смағұл Сәдуақасұлы Семейге арнайы іссапармен тек 1921 жылдың мамыр айының ортасында ғана бара алды. Ол мұнда келісімен Сібір Автономиялық Республикасымен ұлттық-территориялық шектерді айқындап белгілеу және жергілікті халықты басқару органдарына жұмысқа тарту, қазақ жастары арасында оқу-ағарту, саяси білім беру курстарын ашу тәрізді іс-шаралар мүлде әлсіз атқарылып жатқанын көріп біледі. Мысалы, мұны 1921 жылы 15 сәуірдегі Семей губерниялық партия комитетінің қазақ-татар секциясының жұмысы туралы есебінен анық аңғаруға болады.
Біз архив деректерінен аталған секция 1920 жылдың басынан жұмыс жасайтыны, оған Сібір ревкомы іссапармен жіберген Самат Шарафутдиновтің жетекшілік ететіні, қазіргі уақытта секцияның жұмысы губернияда сайлау науқанын өткізуге дайындыққа байланысты тоқтап қалғаны, онда небәрі төрт адамның, атап айтқанда, Нығмет Нұрмақұлы мен Хайратдин Сатаровтың (қазақ-татар секциясының меңгерушілері), Гариф Мусиннің (қазақ-татар секциясы Президиумының мүшесі), Шәймерден Тоқжігітұлының (секцияның және бөлімшелердің хатшысы) қызмет атқаратыны, нұсқаушылар-үгітшілердің жоқтығы, жалпы секцияда Семей қаласы бойынша 35 партия мүшесі мен партияға мүшелікке үміткерлердің тіркеуде тұрғаны туралы деректерді білдік (Шығыс Қазақстан облысы Қазіргі заман тарихының құжаттама орталығы. 01-қор, 01-тізім, 35-іс, 68-71-б.) .
Сібір ревкомы шын мәнінде өзіне қарасты Қазақ өлкесінің Семей және Ақмола губернияларында жергілікті ұлт өкілдерін партия-кеңес жұмыстарына тарту, партия-кеңес қызметкерлерінің кадрлар резервін құру сияқты мәселелерге атүсті салғырт қарады. Әсіресе жергілікті басқару билігі құрылымдарында ұлттық кадрлар дегеніңіз мүлде жоқтың қасы еді.
Семей губерниялық атқару комитеті І губерниялық кеңестер съезіне бар болғаны екі-ақ қазақты депутат етіп сайлады. 1921 жылдың наурызында Семей губаткомы басқармасы бөлімдерінде қызмет ететін 11 нұсқаушының тек біреуі – А. Рымбағин [Сыдыков Е., Малышева М.П. Сибирь и Казахстан. (Национально-территориальное размежевание Сибири и Казахстана. 1919-1922 гг.). – Семей, 2010. – 195 с.] деген қазақ азаматы болды.
Смағұл Сәдуақасұлы осының бәрін зерттеп, Қазақ билігіне өзінің әйгілі «Губерниялық атқару комитеті орнына революциялық комитет құру және оның құрамына төраға етіп Омарұлын, орынбасарына Левитинді, мүшелігіне Нұрмақұлын, Мұстамбайұлын, Әуезұлын (20-жылдардың жазу мәнері. – С.Ж.), Большаковты, Фабрикантты тағайындау, сондай-ақ губерниялық кеңестер съезін өткізуді кейінге белгісіз мерзімге қалдыру туралы» жеделхатын жолдайды.
Бұған Семей губерниялық партия комитетінің хатшысы Полозов пен Левитин де құр қарап қалмады. Олар Орынборға өз қарсылығын білдірген «Роспуск исполкома и назначение ревкома, как нецелесообразный и политический вредный акт» деген мазмұндағы жеделхат жібереді. Аталған хаттағы осы айыптаулар – алдағы уақытта Смағұл Сәдуақасұлының Семейдегі қызметі жайлы жергілікті ГПУ органдарының «Семипалатинский подлог» деген саяси айыптауына бірден-бір негіз болды (Ожегов сөздігінде «подлог» сөзі «өтірік, жалған» деген мағыналарды білдіреді).
1921 жылы 27 мамырда Қазпартбюро және ҚазАКСР Орталық Атқару Комитеті Президиумдарының бірлескен мәжілісінде осы екі жеделхатта жазылған мәселелер мұқият қаралып, тыңдалады. Мәжіліс соңында алты тармақтан тұратын қаулы қабылданып, Смағұл Сәдуақасұлының Семей ревкомын құру туралы ұсынысы мақұлданды. Нәтижесінде, Семей ревкомына төраға болып Сәдуақасов, ал мүшелігіне Левитин, Полозов, Нұрмақұлы, Әуезұлы, Глинский мен Большаков (ҚР Президентінің архиві. 140-қор. 1-тізбе, 83-іс, 33-б.) бекіді.
Әрине, республикалық деңгейдегі Смағұл Сәдуақасұлы сынды көрнекті саяси басшыны жоғарыда есімдері аталған губерниялық шенеуніктердің ашықтан-ашық айыптауы – негізінен Мәскеудегі билікпен ауыз жаласқан Сібір ревкомының тікелей ықпалы және соған мүдделі Қазпартбюро құрамындағы кейбір адамдардың, тіпті ұйымдасқан топтың қолдауымен жүзеге асқан «жалған жала» еді.
Семей губревкомы не үшін құрылды?
1921 жылы 21 қаңтарда өткен Қазпартбюро Президиумының кезекті мәжілісінде С.Сәдуақасұлы, Д.Әділұлы, Ә.Досұлы, Ә.Омарұлы алдына Семей губерниясын басқаруға алуға дайындауға байланысты Сібір ревкомымен арадағы әкімшілік ұлттық-территориялық шектерді айқындап белгілеу, партия-кеңес қызметкерлерінің кадрлар резервін жасау, жергілікті ұлт өкілдерін партия-кеңес жұмыстарына тарту, кезекті губерниялық кеңестер съезін өткізуді дайындау тәрізді бірқатар маңызды міндеттерді атқару жүктелген еді. Алайда бұл ауқымды шараларды орындауға жергілікті биліктің кертартпа өкілдері мүмкіндік бермеді.
Әсіресе Смағұл Сәдуақасұлына қарсы бағытталған ұйымдасқан топтың шабуылы толастамады. 1921 жылдың мамыр айының ортасында Орынбордан арнайы партиялық тапсырмамен Семей губерниясын әкімшілік-территориялық басқаруға алуға дайындық жұмыстарын ұйымдастыруға келген ол көп ұзамай еріксіз кері қайтуға мәжбүр болады. Бұған негізінен оны кейбір жергілікті партия-кеңес органдары басшыларының «ұлтшыл және ұлт араздығын тудырды» деген негізсіз айыптаулары және әлдекімдердің ұдайы жоғары билік орындарына түрлі арыз жазып, жұмысына кедергі келтіруі себеп еді.
Сондай айыптау құжатының бірі «Из протокола заседания Киробкома РКП (б) о неправильных действиях уполномоченного КЦИКа С. Садвокасова от 9 августа 1921 г.» деп аталады (Движение Алаш. Апрель 1920-1928 гг. Т. 3. Кн. 1. – Алматы: Ел-шежіре, 2007. – С.97-98). Жоғары партия басшылығының отырысына Қазпартком мүшелері Костеловская, Струппе, Мырзағалиұлы, Петров, бас саяси-ағарту комитетінің төрағасы Кенжеұлы, ҚазОрАтКом хатшысы Досұлы, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Шлейфер, ҚазМембаспасының меңгерушісі Сперанский, Семей губерниялық партия комитеті Президиумының мүшесі Фофанов қатысады. Оны Қазпарткомының іс басқарушысы М. Костеловская жүргізіп отырады.
Мұнда ҚазОрАтКом-ның өкілетті өкілі Смағұл Сәдуақасұлының теріс әрекеттері туралы Семей губкомы Президиумының мүшесі Фофановтың баяндамасы тыңдалады. Ол сөзінің соңында «жолдас Сәдуақасұлын партия қатарынан шығарып, оның ісін сотқа беру керек» деген пікір білдіреді.
Бұл Фофанов деген кім еді? Ол – өте «күмәнді тұлға». Мұны Семей губерниялық партия комитетіне оның партия басшысына жат өрескел әрекеттерін айыптаған Өскемен қаласының бір топ партия ұйымы мүшелерінің арызынан білеміз. Онда арызданушы Смирнов пен Ямпольский 1921 жылдың қаңтар айында жергілікті жерлерде жалпы партиялық жиындарды өткізуге келген Фофановтың 21 және 28 наурыз, 4 сәуір күндері адамдарға аста-төк дастарқан жайғызып, би билетіп, ән салуды ұйымдастырғаны, сондай-ақ кеңес үкіметі жауларымен бірігіп арақ ішіп, ақыр соңында коммунистерді балағаттап, тілдегені туралы жазады (Шығыс Қазақстан облысы Жаңа тарих құжаттарының орталығы. 01-қор, 01-тізім, 76-іс, 2-п.).
Енді қараңыз, осы өзінше «адал әрі таза коммунист» Фофанов сол уақыттағы ең жоғарғы өлкелік партиялық басқару органы – Киробкомның Президиумы мәжілісінде ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің өкілетті өкілі әрі Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшесі С.Сәдуақасұлының үстінен «ұлтшыл және ұлт араздықты тудырды», «партия атына кір келтірді», «қызмет бабын асыра пайдаланды», «партия органдарының беделін түсірді», «ісі сотқа берілсін», «партиядан шығару керек» деген ауыр айыптаулар мен үкімдер айтып, баяндама жасайды.
Оның Смағұлға осыншама кінә артатындай моральдық-этикалық тұрғыда ешқандай да құқы жоқ еді. Семей губкомы президиумының мүшесі Фофановтың мұндай партияға жат, керағар қылықтары туралы Казпартбюро мүшелері естімеді емес, естіді. Бірақ «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегеннің кебі келді.
1921 жылдың 4 қыркүйегінде Орынборда Екінші Бүкілқазақ кеңестері съезіне қатысушы қазақ коммунистері делегаттарының кеңесі өтті. Оған Семей, Ақмола, Орал, Қостанай, Торғай, Ырғыз, Ақтөбе өңірінен және Бөкей губерниясынан жалпы саны 51 делегат келіп қатысты.
Съезде қазақ коммунистері делегаттарының Кеңесі жұмысын М.Әуезұлы басқарып, жүргізіп отырды. Ол уақытта кейінгі ірі жазушы Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы және ҚазОрАтКом хатшысы қызметін атқарған болатын.
Аталған кеңесте негізінен екі мәселе қаралды. Оның біріншісі – қазақтардың кеңес өкіметі органдарымен қарым-қатынасын қалыптастыру жұмыстарын күшейту туралы, екіншісі – Смағұл Сәдуақасұлының өтінішін қарап, тыңдау.
Съезд делегаттарының жиыны ақыр соңында «жолдас Смағұл Сәдуақасұлының отаршылдық өршіп қарқын алған кезде губаткомды таратып, губревкомды құру жайындағы әрекетін, сонымен қатар оның Семей губерниясындағы отаршылдарды шеттетіп, жергілікті тұрғындарды партия-кеңес жұмыстарына тарту саясатын да өте орынды деп санаймыз. Республика басшылығынан бұған дейінгі тағылған барлық негізсіз саяси айыптаулардан жолдас Сәдуақасұлын ақтау мәселесін сұраймыз» (Движение Алаш: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. В 3-х томах. 1 кн. – Алматы: ОФ «Дегдар», 2016. – С. 156-157) деген арнайы қаулы қабылдады.
Өкінішке қарай, Фофанов секілді жергілікті ұлт зиялыларына теріс көзқарастағы партия мүшелері Қазақ өлкесінің жоғары партия-кеңестік басқару органдарында аз болмады. Соның бірі – Сібревком арнайы Семей губерниялық партия комитетінің қазақ-татар бөлімін басқаруға жіберген Самат Шарафутдинов деген азамат.
1921 жылдың 23-28 желтоқсан күндері Мәскеуде өткен IX Бүкілресейлік кеңестер съезінде Смағұл Сәдуақасұлы «О положении дел на местах в Кирреспублике» деп аталатын атышулы баяндамасын жасады. Мұнда ол В.И. Ленин қатысқан Бүкілресейлік кеңестер съезінің делегаттары алдында жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде Сібір ревкомы тарапынан көрсетіліп отырған саяси-экономикалық қысымшылықтар туралы айтып, жоғары партия-кеңес органдарындағы кейбір шенеуніктердің өрескел әрекеттерін өткір сынға алды. Ол өз баяндамасында Сібір ревкомының жымысқы саясатын осылайша әшкере етіп, аяусыз соққы берді.
1922 жылдың ақпан айында Смағұл Сәдуақасұлы Түркістан Орталық Атқару Комитеті жанындағы ҚазАКСР-інің өкілетті өкілі болып тағайындалуына байланысты уақытша Орынбордан кетуіне тура келді. Бұл елде еркін ойлы азаматтарды жаппай қудалаудың жаңа саяси құралы – ОГПУ-дің құрылып, белсенді қызметке кіріскен уақыт болатын-ды.
Көп ұзамай-ақ сталиндік қуғын-сүргін шынайы сұрқия жүзін көрсетті. 1922 жылдың 23 қыркүйегінде Орынбордағы Қазақ Автономиялық Республикасының жоғары партиялық билігіне жергілікті ГПУ органдары қызметкерлерінен «О групповой и персональной характеристике, сущности и деятельности Алаш-Орды и националистов киргиз, а также и вообще кирработников» (ҚР Президентінің Архиві. 718-қор, 1-тіз., 114-а – іс, 1-7-п.) деген құпия ақпар келіп түседі.
Мұнда негізінен Қазақстанда «партия атын жамылып» астыртын әрекет ететін бұрынғы Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхан мен Аспандияр Кенжеұлы, сонымен қатар кеңес өкіметін жақтаушы Сейітқали Меңдешұлы тобы бары айтылып, бұлардың әрқайсысына жеке-жеке мінездеме беріліп, олардың ұстанған саясаты, көзқарасы, т.с.с. жайлар жан-жақты жазылып көрсетіледі.
Міне, осы жергілікті ГПУ органдарының баяндауында Аспандияр Кенжеұлы тобы құрамына енгізілген Смағұл Сәдуақасұлына «Садвокасов (Смагул). Известен своим Семипалатинским подлогом и Акмолинским дефектом, умышленно созданным, дабы разжечь национальную вражду между киргизскими и русскими коммунистами. Активный деятель Алаш-Орды, ученик Букейханова» дейтін саяси айыптаулар тағылған.
Ол уақытта «Ұлтшыл және ұлт араздығын тудырды» деп айыпталған адамдар негізінен РСФСР Қылымыстық Кодексінің 58-бабының арнайы тармақтары бойынша бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатын немесе өлім жазасына кесілетін.
Ақиқатты жалған деген кеңестік замандағы жиырмасыншы жылдардың соңы, отызыншы жылдардың басында Алаш қайраткерлерінің алғашқы тобы, атап айтқанда, күні кеше Смағұл Сәдуақасовпен бірге сыйлас дос, қызметтес болған Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Ғаббасұлы, Дінше Әділұлы және т.б. «буржуазияшыл ұлтшылдар» деп айыпталып, «халық жаулары» ретінде атыла бастады. Бұл жолы, періштесі қақты ма, кім білсін, әйтеуір Смағұл Сәдуақасұлы тура келген ажалдан аман қалды. Алайда оның өмірбаянына осы «Семипалатинский подлог и Акмолинский дефект» деген екі бірдей ауыр айыптау «қара таңба» болып жазылып қалған еді.
Айтпақшы, сол 1922 жылдың күзінде Алаш қозғалысының басшылары Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов пен қозғалыс тілекшісі Тұрағұл Абайұлы тұтқынға алынып, Семей түрмесіне қамалады. Мысалы, Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Г.Коростелёв 1922 жылдың 9 желтоқсанында Сталинге жіберген құпия хатында тұтқынға алынған Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатұлының Орынборға жеткізілгені, сондай-ақ Жақып Ақбайұлының Семей түрмесінде екені туралы (ҚР Президентінің Архиві. 139-қор, 1-тіз., 769а- іс,. 3,4-п.) хабарлайды.
Ал енді жергілікті ОГПУ мәліметінде Алаш көсемі Ә.Бөкейханның 7 желтоқсанда пойызбен Мәскеу қаласына – Сталинге жіберілгені жайында жазылады.
2013 жылы Семей қаласы Қазіргі заман тарихының құжаттама орталығы шығарған «Гражданская война в Восточном Казахстане, 1917-1922 г.г. Сборник документов» деп аталатын кітапта тек қана Семгубревкомының төрағасы Смағұл Сәдуақасұлының қызметіне қатысты «Из протокола заседания губревкома – об издании воззвания к желающим вернуться на родину киргизам от 12 июля 1921 г.», «Из протокола заседания Киробкома РКП (б) о неправильных действиях уполномоченного КЦИКа С. Садвокасова от 9 августа 1921 г.» және «Из протокола заседания 2-й Семипалатинской губпартконференций – о национальном вопросе от 21 июня 1921 г.» деп аталатын, небәрі үш-ақ құжат бар болып шықты.
Соның ішінде «Из протокола заседания губревкома – об издании воззвания к желающим вернуться на родину киргизам, от 12 июля 1921 года» деп аталатын құжат қана тікелей Семгубревкомының қызметіне қатысты біраз мағұлмат береді.
Смағұл Сәдуақасұлының төрағалығымен өткен осы Семгубревкомының жиынында көршілес елге шекара асып көшіп кеткен Зайсан уезі қазақтарының туған жерге қайтып оралсақ деген тілектері қаралып, талқыланады. Аталған мәселе бойынша: «Семей губревкомы атынан туған отанына оралмақ болған қазақтарға, олардың жеке басына және дүние-мүлкіне ешкімнің тиіспейтініне кепілдік берілетіні жайында үндеу жариялау, сондай-ақ оралмандарды қабылдау және орналастыру тәртібіне байланысты бұйрық шығару» туралы қаулы қабылданды.
Өкінішке қарай, 1921-1922 жылдары Смағұл Сәдуақасұлы басқарған Семей губревкомының қызметі туралы бұдан басқа ресми құжаттарды не Қазақстан Республикасының Президенті мұрағатынан, не Шығыс Қазақстан облысы мұрағатынан әзірге кездестірмедік.
Сондай-ақ Смағұл Сәдуақасұлының кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қызметі туралы мәселені зерттеу барысында оның Ақмола губерниясы бойынша атқарған жұмыстары жайында, яғни «Акмолинский дефект» деген айыптауға қатысты мұрағат құжаттарын іздестіріп таппадық. Бәлкім, ол 1920-1921 жылдары Сібір ревкомы солтүстіктегі қазақ жерлері есебінен жаңадан Омбы губерниясын құруына байланысты сонда қалмады ма екен? Тіпті кейде «кеңес өкіметі С.Сәдуақасұлының қоғамдық-саяси қызметіне қатысты партия-кеңестік құжаттарын мақсатты түрде жойған жоқ па екен?» деген деген де ой келеді. Жалпы, қайраткер ғұмырбаянындағы «ақтаңдақтар» құпиясын толықтай ашуға жұмылу, сондай-ақ оның қоғамдық-саяси қызметін тыңғылықты зерттеу – уақыт талабы.
Самат Жұматайұлы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты